Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ҰБТ-дан 140 балл жинаған жалғыз түлек Жаннұр Еңсебекті құттықтап, оның ата-анасы мен ұстаздарына құрмет көрсетті. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектептің “Алтын белгі» иегері оқушы бойындағы білім сараланар сәттің ең жоғарғы көрсеткішіне жеткен. Еңбекқорлық, шыдамдылық пен ынтаның нәтижесінде үздік танылған оқушы ақпараттық технология мамандығын таңдап, өңіріміздегі Сүлеймен Демирел атындағы университетке тапсырмақшы.
Мектеп қабырғасында білімімен дара шыққан дарынды шәкірт білім ордасындағы сынақтардан да сүрінбей, жоғары нәтиже көрсете білген.
ҰБТ-ға 9 сыныптан бастап жүйелі дайындалып, 10 сыныптағы сынақтардан да 96 ұпай иеленген. Ал 11 сыныптағы алғашқы жеңісі 132 балмен өрілсе, наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша да биік меже танытып 137 балл еншілеген. Соның арқасында шешуші кезеңде биікті толық бағындырып, жақындарының үмітін ақтап, ұстаздарының сеніміне селкеу түсірмеді. Озат оқушыға құрмет танытқан облыс әкімі Марат Елеусізұлы білім сынағында жеке дара шыққан Жаннұр Абзалұлын құттықтап, бұл жетістік зор еңбек пен үлкен мақсаттың арқасында екенін айтты. Ол өз сөзінде:
– Білім сынағында биік нәтиже көрсеткен Жаннұрдың жеңісі ата-анасының отбасында берген дұрыс тәрбиесі мен оң бағыттың, ұстаздар тарапынан терең білім мен талапшылдықтың, ал Жаннұрдың тарапынан зор еңбек пен үлкен мақсаттың, терең білім мен жүйелі дайындықтың арқасы деп білеміз. Үздік шәкірттің өзі де, ата-анасы да, ұстаздары да керемет мақтауға да, мақтануға да лайық тұлғалар, бүгінгі қоғамға үлгі болар мақсатты топ. Осындай үштік бірлік топтасып, бір мақсатқа тоғысқанда ғана керемет жетістіктерге қол жеткізуге болады. Жаннұрдың ата-анасына, ұстаздарына, мектеп ұжымына зор алғысымды жеткізгім келеді. Мұндай мықты азаматтардың жоғары білім алғаннан кейін «туған жерге туын тігіп», өңірімізді тың жаңалықтармен дамытып, гүлдендіретініне сенімім мол және де соған шақырамын, – деп озық шыққан оқушыға Алғыс хат пен 500 мың теңгелік сертификат табыстап, сый-сияпат танытты. Сондай-ақ үздік ұл тәрбиелеген ата-анасы мен мықты шәкірт шыңдаған ұстаздарын да “Құрмет” грамотасымен марапаттады.
Ел ертеңі – білімді жастардың қолында екенін жеткізген өңір басшысы облысымыздағы білім саласы бойынша жыл ішінде жетістіктердің еселене түскенін де тілге тиек етті. Биыл 468 мектепте 355 мың оқушы білім алып, білім сапасы 67,2 пайызға артқан. Бұл былтырмен салыстырғанда 1,4 пайызға артық көрсеткіш. 14 216 түлек орта мектепті аяқтады, оның 948-і «Алтын белгі», 1206-сы Үздік аттестат иегері атанған. Өңірімізде 33 мыңнан астам педагог сапалы қызмет етіп, шәкірттері түрлі деңгейдегі білім жарыстарында үздіктер қатарынан көрінген. Халықаралық, республикалық деңгейдегі білім жарыстары мен олимпиадаларда да 145 шәкірт білім шыңынан көрініп, жүлдегер атанған. Бүгінгі күні 67 түлек шет елдік оқу орындарының гранттарын ұтып алып, Ұлттық бірыңғай тест тапсырған түлектер ішінде 253 түлек 100-ден жоғары балл жинаған.
Болашақта еліміздің IT саласын дамытуға үлес қосқысы келетін үздік оқушы ақпараттық технологиялар мамандығын таңдаған. Оқудан қол үзбеген шәкірт жаратылыстану бағытындағы пәндерді ұнататынын айтып, қазіргі уақытта ағылшын тілін меңгеруге ден қойып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ҰБТ-дан жоғары балл жинауына ата-анасы мен ұстаздарының мол септігі тигенін сөзіне қосты. Ол:
– Ата-анам мені үй шаруасына араластырмай, бар уақытымды оқуға арнауыма мүмкіндік берді. Анам өзі ұстаз болып қызмет атқаратындықтан, ол кісі үшін білім бірінші орында тұратынын мақтанышпен айтқым келеді. Сондықтан менің мектепті үздік аяқтауыма, өз алдыма жоспар, мақсат қоя білуіме ата-анамның сіңірген еңбегі зор. Болашақта үлкен мамандық иесі атанып, сол кісілердің сенімін ақтағым келеді. Бойыма білім нәрін сеуіп, оқытудан жалықпаған ұстаздарыма да алғысым шексіз, – деп математика мен информатика пәндерін таңдауына мұғалімдерінің көп көмегі тигенін жеткізді.
Жаратылыстану бағытын таңдап, математика саласына талпынған Жаннұрды құттықтауға арнайы келген белгілі қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев саналы ұрпақ жарқын болашақ қалыптастыратынын айтып, үздік шәкіртке ақ батасын берді. Әлем математиктерінің үздік ондығына енген Асқар атасының тілегін тыңдап, батасын алған баланың болашағы биік боларына сеніміміз мол.
Құралбек Сәбитов