Кеген ауданы тұрғындарымен кездескен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аудан инвестиция тарту жағынан облыста 9-орында екенін айтып, басшылықты сынға алды.
«Инвестициялар тарту бойынша аудан 1,2 пайыз үлесімен облыста 9-орынды алып отыр. 2022 жылы бұл ауданға 7,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осы орайда, облыс бойынша 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 104 жобаның 9-ы Кеген ауданына тиесілі екенін айта кету керек. Алайда, олардың 8-ін іске асыру жұмыстары тоқтап тұр. Яғни, аудан әкімі ауданға инвестиция тарту жұмысын өз деңгейінде ұйымдастырмай отыр», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімі өзінің орынбасары Арслан Дәндібаевқа, кәсіпкерлік басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, инвесторлармен кездесу өткізуді тапсырды.
«Сондай-ақ іске асырылмай тұрған жобалардың себебін анықтап, қолдау көрсету арқылы шаралар қабылдауды және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашуды тапсырамын», – деді өңір басшысы.
Бұдан бөлек, Марат Сұлтанғазиев шығарған өнім, көрсеткен қызмет көлемі өткен жылдың 9 айында 28,8 млрд. теңгені құрап, 10 пайызға төмендегенін айтты.
«Биыл Кеген ауданында 2 жобаны субсидиялау жоспарланып отыр, 74 адам жалпы сомасы 102,2 млн. теңгеге грант алады. Бұл көрсеткіш өте аз», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, ауданда өндіріс көлемінің 90 пайызы Мойнақ су электр станциясына тиесілі. Бүгінгі таңда ауданда небәрі 10 өнеркәсіптік кәсіпорын бар.