Алматы облысында қадағалаушы органның тексеруінен кейін екі аудандағы бірнеше елдімекенде ауызсу тарифі арзандатылды. Облыс прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, құзырлы орган Жамбыл және Қарасай аудандарында ауызсумен қамту қызметін көрсететін «BeyazhTrans» ЖШС-ның қызметіне талдау жүргізген. Тексерістің нәтижесінде аталған фирма Жамбыл ауданында 1 ауылдық округ, Қарасай ауданында 8 ауылдық округтың тұрғындарын сумен қамтамасыз етуде әкімшілік-аумақтық бірліктің географиялық шекарасын бұза отырып қызмет көрсеткен. Екі ауданның халқын ауызсумен қамтамасыз ету үшін әртүрлі су көздері пайдаланылған.
Жамбыл ауданы прокуратурасының қадағалау актісімен осы ауданның Қарғалы ауылы тұрғындарына арналған ауызсу тарифі текше метріне 41,73 теңгеден 26,23 теңгеге дейін төмендетілді.
Бұдан өзге, Талғар ауданының прокуратурасы да «Талғар Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ауызсу тарифін қаншалықты дұрыс белгілеп отырғанына талдау жүргізген. Тексеру қорытындысында «Талғар Су» МКК өз меншігіне кірмейтін каналды тазалау шығынын Талғар қаласы, Бесқайнар, Қотырбұлақ, Қызылту ауылдарына арналған тарифіне негізсіз қосқаны анықталған. Осыған байланысты аталған елдімекендерге арналған ауызсу тарифін текше метріне 76 теңгеден 71 теңгеге арзандатылған.