Елімізде Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісінде тойланады. Қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза-Әлінің «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегенін ұранға айналдырған облыс жұртшылығы да халқымызбен ежелден бірге жасасып, қуанышы мен қайғысын шерткен төл аспабының күнін өз дәрежесінде атап өтті.
Домбыра күні облыс орталығының бас алаңында орнатылған еңселі сахна төрінде киелі аспапты ұлықтау ниетімен жиналған қауымды Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет құттықтады.
– Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырып, ата-баба дәстүрін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Халқымыздың төл өнерін төрімізден түспеген домбырасыз елестету мүмкін емес. Ұлттық рухты күмбірлеген күйден артық көтеретін дүние кемде-кем. Ұлттық аспабымыздың бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан етеміз. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – қасиетті борышымыз. Жылдан-жылға домбыра тартатын жастардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Қазақтың дәстүрлі ән-күйін насихаттап жүрген барша өнерпаздарға алғыс айтамын, – деді Марлан Қалдиханұлы.
Қасиетті аспаптың құрметіне арналған шарада Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның «Домбырасыз ән қайда?» атты концерті көрермендер назарына ұсынылды.
Аталған филармонияның «Адырна», «Сазген», «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблдерінің өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Бибігүл Қилымхан, Айдана Анапьяева, Алуа Қосанова, Жігер Омархан, Тілеубай Әнәпия, Нұрбол Садуақасов, Әділ Ахметжан, Медет Орымбаев қазақы қоңыр дауыспен әсем ырғақты жан тербетер халық әндерін әуелете шырқап, тыңдармандардың құлақ құрыштарын қандырды.
Қазақтың күй өнері ұққан адамды телегей теңіз мағынамен байытады десек, Алма Кішікбаева, Базаркүл Шарипова, Бейбіт Темірхан, Әділет Онайбаев сынды домбырашылардың керемет шабытпен орындаушылық шеберліктерін паш еткен күй тартысы бар ықыласымен тыңдап тұрған көрермендердің жан-дүниесіне сілкініс туғызып, сезімін тербегенін атап өткен жөн. Сахнадан күмбірлеген күйдің құдіретін сезіндіргендей әсер қалдырды.
Айжарық Көптілеуов