Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлт мұратыныңмәңгілік мекені

Ұлт мұратыныңмәңгілік мекені

Астана – Елордамыз ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның айқын келбеті. Оның бойында халқымыздың арманы, жасампаз рухы мен азаттыққа деген ғасырлық аңсары тоғысқан. Әр халықтың тарихында ел тағдырын өзгертетін шешімдер болады. Қазақстан үшін сондай тарихи қадам – Елорданы Сарыарқаның төріне көшіру еді. Бұл – әкімшілік орталықты ауыстыру ғана емес, мемлекеттің геосаяси бағытын айқындап, ұлттық сананы жаңғыртып, жаңа дәуірге жол ашқан ұлы таңдау болды.

Бүгінгі Астана – кешегі арманның шындыққа айналған бейнесі. Ол – бабалар аманатына деген адалдық пен халқымыздың қажырлы еңбегінің жемісі, тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры. Елордаға қарап, Қазақстанның кеше қандай болғанын, бүгін қандай деңгейге көтерілгенін, ертең қандай биіктерге ұмтылып отырғанын анық аңғаруға болады. Есілдің жағасында жайғасқан бас қаланың тарихы тым әріде жатыр. Құрылысы жаңа басталған қаланың бүгінгідей бір елдің тағылымын танытатындай деңгейге жету жолында күдік пен күмән да көп болды. Бірақ сәні мен салтанаты келіскен алып шаһардың шартарапқа танылуына уақыт төрешілік етіп, төрге бір-ақ шығарды. Бүгінде дүниежүзінің картасында Астана – Орталық Азиядағы ең заманауи, ең серпінді дамып келе жатқан астаналардың бірі ретінде танылып отыр. Кезінде ұлан-ғайыр даланың төсінде бой көтерген шаһар бүгінде миллионнан астам тұрғыны бар алып мегаполиске айналды. Қала Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан маңызды саяси, экономикалық, логистикалық және дипломатиялық орталық ретінде жаңа белеске көтерілді.
Астана – еліміздің сәулет өнерінің де шежіресі. Мұнда әрбір ғимараттың өзіндік ерекшелігі, өзіндік тарихы бар. Көкке қол созған Бәйтерек – халықтың тамыры мен болашаққа деген сенімінің белгісі болса, Ақорда – мемлекет тұтастығының жүрегі, ал Бейбітшілік және келісім сарайы әлем халықтарының татулық тұғырындағы тірегіне айналды. Хан Шатыр, Ұлттық музей, «Астана Опера», Бас мешіт секілді бірегей нысандар ұлттық рух пен заманауи өркениеттің жарасымды үйлесімі. Елорда жыл сайын жаңарып келеді. Жаңа ықшамаудандар салынып, әлеуметтік нысандар көбейіп, өндіріс пен инновация қатар дамуда. Білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің жаңа тынысы осы қалада кең өріс алып келеді. Бүгінде Астана – жастардың арманын қанаттандыратын, таланттың жолын ашатын, мүмкіндікке толы үлкен алаң. Астана – қарқыны бір сәтке де бәсеңдемеген алып құрылыс пен инновацияның қаласы. Жыл өткен сайын заманауи технологияларға негізделген жаңа тұрғын үй кешендері, білім мен ғылым, медицина және мәдениет ошақтары бой көтеріп, Елорданың сәулеттік келбеті жаңа мазмұнмен толығып келеді. Биыл көптен күткен жеңіл рельсті көлік – LRT жүйесінің іске қосылуы да Елорданың көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындар үшін қолайлы әрі заманауи қатынас дәуірінің басталғанын айшықтады. Бұл – Астананың уақыт талабына сай дамып, әлемдік мегаполистермен иық теңестіре түскенінің жарқын көрінісі. Алайда Астананың шынайы келбетін тек зәулім ғимараттармен, экономикалық даму сатысымен ғана өлшеуге болмайды.
Елорданың күн сайын көркейіп, айбынының артуына қала тұрғындарының ыстық ықыласы мен адал еңбегі өлшеусіз үлес қосып келеді. Құрылысшылардың маңдай тері, инженерлердің жаңашыл ойы, сәулетшілердің ұшқыр қиялы, жұмысшылардың табанды еңбегі мен ел азаматтарының сенімі – бүгінгі Астананың шынайы сәулеті. Оның әр көшесінде мыңдаған жанның маңдай тері, әр кірпішінде елдің жарқын болашағына деген үлкен үміті мен сенімі жатыр.
Елордамыз уақыт өткен сайын тек әкімшілік орталық емес, елдік мақсаттардың ордасына айналды. Мұнда мемлекеттің дамуына тағдырлы заңдар қабылданып, халықаралық келіссөздер өтеді. Дүниежүзіндегі мемлекет басшыларының табаны тиіп, әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері бас қосады, жаһандық деңгейдегі форумдар ұйымдастырылады. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына Астананың қосқан үлесі де орасан. Астана – жасампаз елдің еркін мінезі. Мұнда батылдық та, жаңашылдық та, даралық та, даналық та, ертеңге деген биік сенім де бар. Жыл сайын Астана күні мерекесі жақындағанда еркіндіктің қадірі қымбаттап, тәуелсіздіктің тұғыры да, ғұмыры да ұзақ болуы тіленеді. Себебі бас қала – азаттықтың айқын белгісі.
Ұлттың ұлы мұраты – ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыру. Сол мемлекеттің асқақ айғағы – Астана. Кеше ел болып қабылданған тарихи шешім бүгін ұлттың ұлы мақтанышына айналды. Ертеңгі ұрпақ осы қаланы бабалардың көрегендігі мен бүгінгі буынның жанкешті еңбегінің жемісі ретінде бағалайтыны сөзсіз. Астана – тәуелсіздіктің тамыры тереңге жайылғанын дәлелдейтін ұлы нышан. Ол – кешегінің ерен еңбегі, бүгінгінің мақтанышы, ертеңгінің абыройы. Ел еңсесі биіктеп, ұлттық рух ұлықталған жерде – еліміздің болашағы да баянды болады.

Құралбек СӘБИТОВ