Беларусь Республикасының Витебск қаласында өтіп жатқан «Славян базары» халықаралық ән байқауында Қарасай ауданының өнерпазы Шерхан Арыстан Бас жүлдені иеленіп, ел мерейін үстем етті.
Осымен 32-ші рет өтіп жатқан халықаралық ән жарысына 18 ел үміткерін үкілеп әкелген. Фестивальдің шымылдығы балалар байқауымен ашылды. Сонда Қазақстан атынан қатысқан 12 жасар Шерхан Арыстан ерекше дауысымен қазылар алқасын тәнті етіп, ең жоғары ұпай жинады. Нәтижесінде «Славян базары» халықаралық ән байқауының Бас жүлдегері атанды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Беларусь президенті Александр Лукашенко арнайы қатысып, Гран-При иегері Шерхан Арыстанға жүлдені өз қолымен табыстады
Еліміздің мерейін асырған қарасайлық жас әнші Шерхан Арыстан «Қалбибі» өнер студиясының шәкірті. Ол бұл жарысқа өзінің ұстазы Қалбибі Абдуллаевамен бірге барған. Осы өнер фестиваліне дейін отандық ән байқауларында жүлделі орындарға қол жеткізген.