Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында найзағайдан жараланған бала емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, найзағай ұрған баланың арқасы, белі және сол аяғының төменгі жағы күйіп қалған.
-31 шілде күні жедел жәрдем көлігімен 11 жастағы найзағай соққысынан жарақат алған бала түсті. Ол кезде баланың жағдайы орташа ауыр болды. Арқасын, белінің тұсын және сол жақ аяғының төменгі жағын термиялық күйік шалған. Балаға шұғыл көмек көрсетілді, қазір ол травматология бөлімінде емделіп жатыр, – деді аурухана директорының орынбасары Асқар Қалиев.
Дәрігерлер шілде-тамыз айларында найзағай жерге жиі түсетінін ескертіп, ата-аналарды балаларын назардан тыс қалдырмауға шақырады.
Жалғыз өскен ағаш, тал-дарақ найзағай тартуы мүмкін, сондықтан олардың астына тығылмаған жөн. Әсіресе, теректер, шыршалар мен қарағайлар қауіпті. Күн күркіреп, найзағай ойнай бастағанда арық, сай-сала сияқты ойпатты жерлерде немесе автомобиль жолдарының астындағы су өтетін орындарда жасырынған дұрыс.
Сонымен қатар қалтада жүрген металл заттарды да шығарып, ұялы телефонды біраз уақытқа өшірген абзал.
Суға шомылып жүрген уақытта найзағай ойнай бастаса дереу судан шығып, жағадан барынша алысқа кеткен дұрыс. Себебі су электр тоғын өткізетіндіктен, найзағай тартады. Найзағай ойнағанда жасырынатын қауіпсіз орындардың бірі – ғимарат. Сондықтан мүмкін болса кенет күн райы бұзылып, найзағай ойнағанда төбесі жабық нысандарды паналау керек.