Алматы облысында Конституция күніне орай 80 мерекелік іс-шара өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнұр Домбай мен дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Рахман Шахарбек мәлімдеді.
Мерекелік шаралар 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл күндері әр аудан, ауылдарда концерттер ұйымдастырылып, танымдық кештер көпшілікке ұсынылады.
«Кеген аудандық мәдениет үйінде «Менің елім – Қазақстан» атты патриоттық әндерден байқау өтеді. Балқашта «Конституция – кемел келешектің кепілі» атты мәдени іс-шара ұйымдастыралды. Сондай-ақ, Талғар ауданындағы мәдениет үйінде «Айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заң» деген тақырыппен концерт қойылады. Мерекелік шара Райымбек ауданында «Ата Заңым – айбыным» атты ақпараттық-танымдық кешпен жалғасын табады», – деді Гүлнұр Домбай.
Облыс кітапханаларында да мерекеге арналған шаралар ары қарай жалғасады. «Елімнің тірегі – Ата Заң» атты дөңгелек үстел, «Ата Заңым – айбыным» тақырыбында кітап көрмесі өтеді.
Конституция күнін ұлықтауға арналған шаралардан музейлер де қалыс қалмайды. Бұл күндері «Ата Заң эволюциясы», «Ата Заң – мәңгілік елдің биік тұғыры» атты танымдық экскурсия, «Ата Заңым ардақтым» деген тақырыпта заң саласының қызметкерлерімен сұхбаттар ұйымдастырылады.
Түйіндеп айтқанда, мәдениет үйлерінде 50-ден астам, музейлерде 8 мерекелік шара ұйымдастырылады. Облыстағы спорт мекемелерінде де 30-дан астам саламатты өмір салтын насихаттайтын жарыстар қолға алынады.