Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбында көрме ашылды.
Көрменің ашылу салтанатында «Есік» музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова сөз сөйлеп, ерекше тарихи көрме ұсынған әріптестеріне алғысын білдіріп, еліміздің тарихи-мәдени мұраларын дәріптеуде бұл көрменің маңызы ерекше екенін атап өтті.
Қонақтар делегациясын бастап келген «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашов екі музей арасындағы әріптестік байланыстардың нығайып келе жатқанына тоқталды.
Жангелді Меңлібайұлы киелі Отырар өңірінің тарихи-мәдени мұраларының кеңінен насихатталуына мән беріп, музейтану, археология саласындағы нәтижелі жұмыстар жүйелі жалғасатынын айтты.
«Көне Отырарды зерттеу, ғылыми саралау – сонау ортағасырлық саяхатшылар мен тарихшылардан бері жалғасып келеді. Бүгінде ЮНЕСКО Отырарды әлемдік деңгейдегі ескерткіш деп мойындаған. Қазір Отырар өңірін ғылыми зерттеу жұмыстары Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен жалғасып келеді» – деді Жангелді Махашов. Сондай-ақ, көрменің ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байқонақов сөз сөйлеп, университет ғалымдары еліміздегі музей мамандарымен бірлескен ғылыми жобаларды іске асырып отырғанын атап өтті.
Көрмеде «Отырар» музей-қорығы қоры жинағындағы археологиялық жәдігерлер – керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, сирек кездесетін жәдігерлер, ескерткіштерге қатысты аэрофотолар мен карталар ұсынылды.
Көрменің салтанатты ашылуында директор Гүлмира Райылқызы «Есік» музей-қорығымен белсенді әріптестік орнатқан «Отырар» музей-қорығының қызметкерлері, мектеп мұғалімдерін арнайы марапаттады. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, көрменің көркін қыздырды.
«Отырар» музейінің экскурсоводы Ерлан Әскерини көрмеге келушілерге құнды көне жәдігер – Отырар қазанын таныстырды.
Көрме – «Ұлы Жібек жолы және Отырар Х-ХІ ғғ.», «Отырар Қарахан дәуірінде», «ХІV- ХV ғғ. Темір дәуіріндегі Отырар», «ХVІ-ХVІІІ ғғ. Отырар Қазақ хандығы тұсында», «Отырардағы жазба мәдениетінің пайда болуы» тақырыптарын қамтыған.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» «Ұлы Жібек жолы және отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбындағы көрмесі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында биылғы жылдың соңына дейін ашық болады.