Елімізде рұқсат етілмеген орындарда қоқыс тастағаны үшін салынатын айыппұл көлемі артуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, министрлік рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастағаны үшін айыппұл көлемін арттыруды қарастыратын әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске түзетулер жобасын дайындаған.
«Мысалы, жеке тұлғалар үшін – 50 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы 172,5 мың теңге) 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (345 мың теңге), ал шағын кәсіп субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 100 айлық есептік көрсеткіштен 200 айлық есептік көрсеткішке (690 мың теңге) дейін», – деді Ерлан Нысанбаев.
Қолданыстағы заң бойынша, рұқсат етілмеген орындарда қоқыс тастағаны үшін жеке тұлғаларға 50 АЕК, шағын кәсіп субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 100 АЕК, орта бизнес үшін экономикалық пайда сомасының 100 пайызы, ал ірі бизнес үшін 200 пайызға тең айыппұл салу қарастырылған.