Алматы облысында республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 100 млрдтан астам теңге қажет. Қазіргі таңда облыс аумағында 770 шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу қажет. Яғни әр түрлі учаскеде жол жабындысының тозығы жетіп, жиектері бүлінген. Сонымен қатар, жол үстінде тереңдігі әртүрлі ойықтар пайда болған. Сондай-ақ Алматы-Көкпек-Көктал-Нарынқол мен Кеген-Нарынқол жолының екі жерінде, яғни 30 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жасалып жатыр.
«Ұлттық компанияның Алматы облыстық филиалы мамандары қазірден бастап күре жолдардың ойылған учаскелерін анықтауға кірісті. Мәселен, күніне 30 мың көлік қатынайтын республикалық маңызы бар Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас тас жолының 32-шақырымында және Алматы-Талғар-Бәйдібек би жолының 20-шақырымында шұңқырлар пайда болғаны анықталды. Мұнда да жол жиектері сөгілген. Алайда, Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас жолымен ауыр жүк көліктерінің жиі қатынайтынын ескеру керек. Аталған күре жолдардың жөндеу көрмегеніне 10 жылға жуықтаған» – деді «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Шыңғысхан Мұратбекұлы.
Айта кетейік, Алматы облысында “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясына қарасты республикалық маңызға ие 1783 шақырым жол бар. Бүгінде оның 200 шақырымында қайта жаңарту жұмыстары басталған. Ал 30 шақырымында орташа жөндеу жасалып жатыр. Қалған 1500 шақырымнан астам жолда қысқы күтіп ұстау жұмыстары атқарылуда. Биыл орташа жөндеу жұмыстарына 2,4 млрд теңге бөлінген.