Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті бауырлас көрші мемлекеттерден алапат су тасқыны астында қалған аймақтарға түрлі көмек көрсетілуде. «Көп түкірсе – көл» дегендей, қарапайым тұрғындар да бірі ақшалай, бірі заттай, әркім шамасына қарай әр жер, әр жерде тұрған үлкен жүк көліктеріне азық-түлік, көрпе-төсек, басқа да тұрмыстық бұйымдар әкеліп, арнайы шоттарға қаржы аударуда. Кәсіпкерлер де Президент үндеуіне үн қосып, ел басына күн туған қиын сәтте сауапты іске белсене үлес қосып жатыр.
Талғар аудандық мәслихатының депутаты, «Зета» компаниялар тобының вице-президенті Мақсұт Омаров пен «Зета» өндірістік кәсіпорнының директоры Бақтияр Кенжеханов та жиһаз зауытының аумағында су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек шарасын ұйымдастырды. Үш жүк көлігіне 50 текше метр көлемінде пластикалық ыдыстар мен басқа да тұрмыстық заттар тиеліп, апат орын алған аймақтарға жіберілді. Гуманитарлық көмек жіберу бастамасы «Зета» компаниялар тобының басшылығы, атап айтқанда, компанияның бас құрылтайшысы әрі президенті Қанат Омаров пен вице-президенті Мақсұт Омаровтың ұсынысымен қолға алынғанын айта кеткен жөн.
«Бүгін біз су тасқынынан зардап шеккендерге көмек шарасын ұйымдастырып, өз өнімдерімізді апат аймағына жіберіп жатырмыз. Егер барлық кәсіпкер қиын жағдайда қалған отандастарымызға көмек қолын созса, олардың қайғы-мұңын жеңілдететінімізге сенімдімін. Бұл – ел басына түскен ортақ қайғы, оны бірлесе жеңе білуіміз қажет. Мынау соңғы көмек емес, бұдан бұрын да тікелей өзім заттар тиелген үш көлік жіберген едім. Президентіміздің «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деген сөзі ешкімді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын. Тек бүкіл ел болып бірігіп қана біз су шайып кеткен ауылдарды қайта қалпына келтіріп, баспанасыз қалған отандастарымыздың тыныштығы мен қуанышын қайтара аламыз. Ата-бабаларымыз бізді әрқашан бір-бірімізге көмек беруге, қиын сәтте кімге ауыр тиіп жатса соның жанынан табылуға үйретті», – деді Мақсұт Омаров.
«Зета» өндірістік кәсіпорны тек өңірде ғана емес, бүкіл елімізге белгілі пластикалық өнімдер мен әртүрлі жиһаз түрлерін шығаратын заманауи кәсіпорын. Оның өнімдері алыс, жақын шетелдерде де үлкен сұранысқа ие. Ең бастысы, ол Талғар қаласы мен оған жақын орналасқан ауылдарда тұратын бірнеше жүз адамды тұрақты жұмыс, лайықты табыспен қамтып отыр.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы