Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қалалық мәслихат депутаттарымен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті.
Басқосу барысында ЖАО-ның іс-қимылы, қалада жүзеге асатын жоспарлар, түйткілді мәселелер талқыланып, жиынға қатысушылардың толғандырған сұрақтарға жауап берілді.
Мысалы, депутат Ләззат Салықова ағаштарды санитарлы кесу жайлы сауал жолдады. Қала әкімі қазіргі таңда аталған бағытта жұмыстар жасалып жатқанын атап өтіп, «Жасыл қала Қонаев» мекемесінің қызметкерлерімен байланысқа шығуды ұсынды.
Бұдан бөлек, аулаларды абаттандыру, инженерлік желілерді жаңарту және тарту, газдандыру, қалаішілік жолдарды жөндеуден өткізу секілді мәселелер көтерілді. Асхат Бердіханов бұған қатысты барлық түйткілді күн тәртібіне енгізіп, кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Сонымен қатар Қонаевтың кешенді даму жоспарына сәйкес жұмыстардың жанданатынын жеткізді.
Өз кезегінде қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар жиі кездесу ұйымдастыруды қолдағанын айта кеткен жөн. “Бұл – мен үшін өте маңызды. Себебі, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы ЖАО-ға ғана емес, белсенді азаматтар мен халыққа да тікелей қатысты”, деді қала басшысы.
Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі