Кеген аудандық кітапханасында ҚР Ұлттық кітапханасының Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай, ақын Бірлік Жазықбековтың «Құмсағат» атты тағылымы мол, жыр сүйер қауымды қуантқан жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді. Шараға аудандық «Ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Ринат Құрман, аудандық сот қызметкері Манкеева Қарлығаш Білісбекқызы, аудандық «Қарқара» газетінің жауапты хатшысы Лаура Қарасартова, Кеген ауданының жастар ресурстық орталығының психолог маманы Гүлназ Толонқызы және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Мақсаты: Ақын жайлы толық мағлұмат беру. Өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлердің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Жазықбеков Бірлік Сапарғалиұлы 1964 жылы наурыздың сегізінші жұлдызында Алматы облысы, Кеген ауданы, Жылысай ауылында дүниеге келген. Кеген ауылында 1971-1981 жылдары орта білім алған соң, әскер қатарына шақырылып, 1982 жылы Беларусь жерінде жауынгерлік борышын өтеді. 1985-1990 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында жоғары білім алды. Кеген ауылында мамандығы бойынша қызмет атқарып, ел дәулетін арттыруға үлесін қосты. Жас кезінен өлең жазды. Бір топ өлеңдері Кеген аудандық «Қарқара» газетінде жарық көрді. «Бірлік Жазықбековтің өлеңдер жинағы» деп аталатын шағын өлеңдер жинағы да жарық көрген. 1995 жылдан бастап, Алматы қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысады.Ұл-қыз өсіріп, немерелер тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя.
Атам қазақ қандай іс болсын батасыз бастамаған, ауыл ақсақалы Әбіл Әбженбаевтың ақ батасынан соң, ақын Бірлік Жазықбековтың «Құмсағат» кітабының тұсау кесу рәсімі жасалып, шашу шашылды. Жеңгесі Алмагүл Құсайынова ақын иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Жібек Молдасанова, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі:
-Құрметті Бірлік Сапарғалиұлы! «Құмсағат» кітабыңыздың оқырмандарға аттаған қадамы құтты болсын! «Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» деген екен, ақындарымызға қалай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді. Бізді сусындатар сарқылмас мәңгі жырларыңыздың алдында басымызды иеміз. Жыр әлеміндегі туындыларыңыз ешқашан сарқылмасын! Сүйіп тыңдар оқырмандарыңыз көп болсын! «Құмсағат» кітабы «Туған жерге тағзым» атты кітап көрмесінде ауданымыздан шыққан ақын-жазушыларымыздың қатарынан орын алады. Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай, «Құмсағат» кітабы ақын Бірлік Сапарғалиұлымен авторлық құқық келісім шарт жасалынып, облыстық кітапханаға жіберілді. Енді бұл кітабымыз Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогы тізімінде болады. Оқырмандар кітапты Қазақстандағы ұлттық электронды кітап «КАЗнеб» сайты бойынша іздеп тауып оқи алады. Бұл да сіз үшін үлкен жетістік.- дей келе, ақынға шығармашылық табыс тіледі.
Кітапхананың тұрақты оқырмандары, Өжек Жаңабаев атындағы орта мектептің оқушылары «Құмсағат» кітабынан жыр шумақтарын нақышына келтіре оқып, ақынға деген құрметін көрсетті.
«Құмсағат» кітабы Отанға, туған жерге, әке мен анаға, мектепте тәлім алған оқушыларға, бала кезден бірге өскен достарға арналады.
Шара соңында ақын Бірлік Жазықбеков кітапхана ұжымына алғысын білдіріп, жыр кітабын ауылдық кітапханалармен келген қонақтарға сыйға тарту етті.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы