Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде ветеринария саласының мамандары марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов мал дәрігерлеріне құрмет көрсетіп, жануарларды түрлі аурулардан қорғауға күш сарпыған жандарға өз ілтипатын білдірді. Ауылшаруашылығы саласының жандануында ветеринарлардың өлшеусіз еңбегі жатқанын жеткізіп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлерге 15 қызметтік көлік тарту етті.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 11 маусымдағы №189 бұйрығымен “Кәсіптік мерекелер тізбесін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №258 бұйрығына өзгерістер енгізген болатын. Міне сол аталмыш толықтырулар мен өзгерістердің ішінде 10 шілде ел аумағындағы ветеринарлардың кәсіби мерекесі ретінде атап өтілетін болды. Жаңартылған тізімге кірген жаңа мереке ауылшаруашылық саласына серпін беріп, мал дәрігерлерінің жұмысын жандандыра түсетіні анық. Мәдениет үйінің дәлізінде Қазақ ұлттық аграрлық-зерттеу университетінің ветеринария факултьтеті ұсынған көрме ұйымдастырылып, келген қонақтарға мал дәрілеушілер пайдаланатын құрылғылар мен түрлі препараттар таныстырылды.
Салтанатты жиынды ашық деп жариялаған облыс әкімінің орынбасары Алмас Сұлтанұлы ветеринария саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбек майталмандарына ерекше құрмет танытты. Ол өз сөзінде:
– Құрметті ветеринария саласының ардагерлері мен қызметкерлері баршаңызды бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. құттықтаймын. Сіздер қызығы мен қиындығы мол кәсіпті абыроймен атқарып келесіздер. Мал дәрігері болу үшін ең бірінші білімділік пен біліктілік, өз мамандығына деген сүйіспеншілік қажет. Адам дәрігері адамды емдесе, мал дәрігері адамзатты емдейді. Сондықтан да сіздер атқаратын қызмет үлкен жауапкершіліктен тұрады. Адамзат тұтынатын ауылшаруашылық өнімдерінің тазалығы сіздердің нәтижелі еңбектеріңіздің жемісі екені айқын, – айрықша ілтипатын білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары елімізде ветеринария саласына көп көңіл бөлініп жатқанын алға тартып, облыс көлемінде атқарылған шаруаларға да тоқталды.
– Ветеринария саласы бойынша өңірімізде бірқатар игі істер атқарылды. Соның бір дәлелі ретінде облыстық ветеринариялық станция құрылып, бүгінгі күнде 1071 штаттық бірлігімен жанураларға жұқпалы ауруларға қарсы егу, оларды тексеру жұмыстарын атқаруда. Жалпы ветеринария саласында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, оларды болдырмау мақсатында облыс көлемінде 1419 ветеринария қызметкерлері бірлесе жұмыс атқаруда. Осы жылы саладағы іс-шараларға 4 млрд 997 млн теңге қаражат бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға артты. Ветеринариялық-санитариялық нысандардың құрылыстарына да жылдан жылға қаражат көлемі ұлғайтылуда. Мал дәрігерлерінің еңбекақысын көтеру мақсатында қосымша қаражат бөлініп, жалақы көлемі 20 пайызға көбейді. Еңбекақыны көтеру арқылы ветеринар мамандардың шалғай ауылдарға жұмысқа орналасуына тұрғылықты жағдайларын жақсартуға қол жеткізіліп, еңбек өнімділігі көтерілді. Сондай-ақ материалдық-техникалық базаны да жаңартуға қаражат қарастырылып, мамандар жүрдек автокөліктермен қамтамасыз етіліп жатыр, – деп көңіл қуантар жаңалықтарды сөзіне қосты.
Алмас Сұлтанұлы төрт түлік малдың саулығын сақтап, мал шаруашылығы өнімдерінің тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз еткен сала қызметкерлерін марапаттады. Республикалық деңгейде алғаш рет аталып өткен мерекеде бірқатар қызметкерге Қазақстан Премьер-министрінің, ауылшаруашылығы министрінің Алғыс хаттарын табыс етті. Сондай-ақ жауапкершілік жүгі салмақты салада ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан мамандарға облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады. Мерекелі күндегі берекелі сыйлықтың бастысы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен аймақтағы ветеринариялық орталықтарға 15 жаңа автокөлік сыйға тартылды. Артынша ветеринария саласының құрметті ардагері Сәбетбек Қожахметов, Алматы облысының Құрметті азаматы «Жетісу» АТК-төрағасы Жанат Исағұлов, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ветеринария ғылымының кандидаты, профессор Есенғали Үсенбеков мал дәрігерлерін мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Ветеринария саласының ауыртпашылықтары мен қиындықтары туралы да сөз қозғап, саладағы күрмеуі көп мәселелердің өз мәнін тауып жатқанын да тілге тиек етті. Салтанатты шара Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының мерекелік коцертіне ұласып, құрметті мамандарға әуелеген ән мен мың бұралған би, күмбірлеген күйден шашу шашылды.
Құралбек Сәбитов