Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан елдің мәдени мұрасы. «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұлттық құндылықтарды ұлықтау – баршамызға ортақ іс. Осыған орай, Кеген ауданында «Ұлттық құндылықты жаңғырту: ғылым және өңірлік тәжірибе» атты алғашқы облыстық форумы өтті. Аталған шараны «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігі және Кеген ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихаты ұйымдастырды.
Саты ауылындағы «Grand Saty» қонақ үйінде өткен форумға «Ұлттық құндылықтар академиясы» ҚБ басқарма төрағасы Әділхан Дүйсебек, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, Абай атындағы ҚазҰПУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқарбек Құсайынов және алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай қатысты.
Алдымен келген қонақтарға Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері мен жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі таныстырылды. Форумды Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғыман ашып, жүргізіп отырды. Құттықтау сөз алған аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөз бар. Бұл шара жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үндейді. Бүгінгі форумның мақсаты осы. Сондықтан ұсынысымызды қабыл алып, ортақ іске үлес қосып отырған қонақтарға алғыс айтамыз, – дей келе, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасарының құттықтауын жеткізді.
«Ұлттық құндылықтар академиясы» ҚБ басқарма төрағасы, профессор Әділхан Төлегенұлы академияның атқарған жұмыстарына жан-жақты тоқталды. «Отбасы – тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында сөз алған Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова:
– Бабадан мирас болған ұлттық құндылықтарымызды қорғай отырып, ұрпақ бойына сіңіру – біздің міндетіміз. Тәрбие тізгінін ешқашан жіберіп алмау керек. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып жиі дәріптеліп отырғаны абзал. Бұл ұрпақ тәрбиесінде аса маңызды рөл атқарады, – дей келе, академия қызметіне сәттілік тіледі. Автор «Алтын жұлдызды ұстаз» атты кітабын аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлына табыс етті.
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерін жіпке тізіп, оны шешу үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова мектептегі білім мен тәрбиені ұлттық құндылықтар негізінде құру, мән-маңызы, сақтау мен дамыту жолдарына баға беріп, ұтымды ұсыныстарын айтты.
Одан кейін сөз алған «Құрмет» орденінің иегері Берікжан Әлмұхамбетов, ғалым Елдос Тоқтарбай, облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Сағатқызы бала тәрбиесіне байланысты пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ форумда «Intellecnual» дамыту академиясының президенті Бижан Игенбаеваның «Рақмет, саған, балақай!», «Тілашар» атты кітаптарының тұсауы кесіліп, аудандағы бірқатар қоғам белсенділеріне «Ұлттық құндылықтар академиясының» куәліктері табыс етілді.
Форумның қарары қабылданып, Кеген аудандық маслихатының төрағасы Алмасбек Нөкербанұлы мен «Ұлттық құндылықтар академиясы» ҚБ басқарма төрағасы Әділхан Төлегенұлы меморандумға қол қойды. Іс-шара соңы көркем өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы