Қонаев қаласының орталық саябағында «Жасыл ел» жобасының кезекті маусымының ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айжан Сқақова, облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов, бірқатар басқарма басшылары, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен жастар қатысты.
Ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің атынан жастарды «Жасыл ел» жобасының жаңа маусымының ашылуымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
– «Жасыл ел» еңбек жасағының маңызы жыл сайын арта түсуде. Бұл – ең табысты және ауқымды әлеуметтік жобалардың бірі. «Жасыл ел» жасағының биылғы жұмысы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтетін болады. Бұл арқылы облысымыздың жастары аталған бастамаға жаңа серпін беріп, өз өлкеміздің табиғатын тазартуға, сақтауға зор үлес қосады, – деді Алмас Сұлтанұлы.
«Жасыл ел» жасағын жаңа маусымының ашылуымен құттықтаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айжан Сқақова игі бастаманың еліміздің экологиялық жағдайына оң әсерін тигізетінін атап өтіп, жастарға толағай табыс тіледі.
Жауапты мамандардың айтуынша, биыл облыс бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағына 14 пен 35 жас аралығындағы 1000-нан аса жас сарбаз тартылып, маусымдық жұмыспен қамтылады. Аталмыш жоба әлеуметтік осал, көпбалалы отбасылардың балаларын, NEET санатындағы жастарды қолдауға бағытталған. Алдағы екі ай көлемінде жас сарбаздар өңірді абаттандырып, өз өлкесін көгалдандырып қана қоймай, тиісті еңбекақысын алып, арнайы киімдермен қамтамасыз етіледі. Осылайша облыс жастары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық эконауқанының аясындағы жұмысты жалғастырып, облыстың экологиясын жақсартуға үлес қоспақ.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін «Жасыл ел» сарбаздары жұмыстарына бірден білек сыбана кірісіп, Қапшағай су қоймасының жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізіп, демалушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны ластамау бойынша ақпараттық түсіндірме акциясын өткізді. Айта кетейік, биыл «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына 20 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында бұл бағдарлама жастарға жігер берген өміршең бағдарламаға айналды. Биылғы «Жасыл ел» жобасының жаңа маусымы қыркүйек айында қорытындыланып, үздіктер марапатталады.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы