Әдетте, біздің жақтың жігіттері айдары мақтану пен мақтауға толы айдар. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, көксегеніне қол жеткізбей тынбайтын қайсар ағаларымыздың есімін көкке көтеріп, еңбек жолын көпке үлгі етуде мақтаудың жөні бір басқа. Бұл жолғы кейіпкеріміз – бапкер, «Raiymbek Fighters» спорт клубының негізін қалаушы Азат Қатаубай.
Азат Нұрахметұлы 1993 жылы Райымбек ауданының Жамбыл ауылында дүние есігін ашқан. Өз туған жерін әрқашан мақтанышпен тілге тиек ететін спортшының балалық шағының көп бөлігі алтын бесік ауылында өтсе керек. Ал негізінен мектеп табалдырығына Алматы қаласында №167 қазақ орта мектебінде қадам басты. 9-сыныптан соң, 2009 жылы Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжіне есеп және аудит мамандығына оқуға түсті. Дегенмен аталған мамандық спортшының жанына жаға қоймады. Жүрек қалауы әу бастан спорт саласына ауған Азат Нұрахметұлы колледжді аяқтаған соң, бала арманға қайта қанат бітіріп, спорт саласына бетбұрыс жасай бастады. Өзінің айтуынша, бала Азат спортқа 6 жасында алғашқы қадамдарын жасаған. Алғашқы қадамдар мектептегі қарапайым спорт үйірмелерінен бастау алған. Бала спортшының қалауына қолдау көрсеткендердің алғашқысы әкесі Нұрахмет еді. Асқар тау әкенің қолдауы бала арманды шыңдап, жандүниесіне жарық сәуле түсірді. Шамшырағын жақты.
Уақыт шіркіннің жүйрік ағыны спорттағы орнын айшықтап бергендей, Азат мырза бокс спортына ерекше ден қоя бастады. Өз кезегінде мейлінше мардымды жетістіктерге де жете бастады. Үлкен жолдың алғашқы сатыларына аяқ басқан боксшы жан-жақты ізденіс пен қызығушылық нәтижесінде аралас жекпе-жекпен шұғылдана бастады. Бұл салада Азат мырзаға білікті бапкер, жерлесіміз, Қақпақ ауылының тумасы, аралас жекпе-жектен Еуразия чемпионы Бекнар Аманбаев мырза бапкер болып, жол көрсетті. 2015 жылға дейін аралас жекпе-жекпен айналысты.
Кейіннен «Raiymbek Fighters» атты аралас жекпе-жек командасын ашты. Команда атауының Райымбек батыр атымен аталуының өзінде мән бар. Өскелең ұрпақ, жаттығушы жалынды жастар батыр бабамыздай рухты, мықты болса деген ниетпен қойылған атау бұл. Ниеттің дұрыстығы үздік нәтижелерге жетелейді емес пе? Бүгінгі таңда команда құрамындағы шәкірттерінің біразы өздерінің шеберліктерін шаршы алаңда дәлелдеп, жүлделерге ие болып жүр. Республикалық, тіптен, халықаралық жарыстардан құр алақан емес. Спорт саласындағы атап айтарлықтай жетістіктерінің бірі- 2019 жылы аралас жекпе-жектен Райымбек батыр атамыздың атынан ең алғашқы халықаралық дәрежедегі жарыстарын өткізді. Бұл кейіннен дәстүрге айналып, жыл сайын жаңа деңгейде өтетін болды. Әсіресе, 2022 жылы Алматы қаласында өткен конференцияда жарыс жоғары бағасын алды.
«Ер адам әрқашан өз бабында болуы қажет». Бұл – Азаттың өмірлік ұстанымы. Ұстанымына берік спортшы жасының отызды алқымдағанына қарамастан жарыстарда бой көрсетіп, спортты серік етуден алшақтамақ емес. Бүгінгі таңда, өзі негізін қалаған «Raiymbek Fighters» спорт клубында бас бапкер ретінде сүйікті ісімен шұғылданып жүр. Бос уақытын текке өткізбей, өзге салаларда бағын сынап жүргені тағы бар. Мәселен, жерлесімізді бернеше кинокартиналардан актер ретінде көріп те жүрміз. Жақсы жанның жақсылығын айтып, нұрын тасытып қоялық, Азат мырза бокстан, аралас жекпе-жектен спорт шебері, Кекушинкай каратэден спорт шеберлігіне үміткер, жекпе-жектен ұлттық дәрежедегі төреші әрі жаттықтырушы. 2018 жылы «Үздік спортшы» төсбелгісін иеленген.
Жасампаз жерлесіміздің бойынан одан бөлек, ер азаматқа тән көптеген қасиетті көруге болады. Ер мойнындағы жауапкершілік жүгінің салмағын сезетін, өз әрекеттерін әрқашан бақылауда ұстайтын ер-азаматтарға үлгі болатындай тұлғалық қасиеттерінің бар екені бірден байқалады.
Бұл біздің ауданнан шыққан, біздің топырақтан нәр алған, Райымбек бабаның әруағынан қуат алған азамат. Өз жерлестеріміздің жетістігіне қуанып, ғибратты ғұмырын үлгі етудің өзі – бақыт емес пе?!
Ақерке Бижан,
Райымбек ауданы