Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «China CAMC Engineering Co., Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосуды ашқан Марат Елеусізұлы жиынға облыс әкімдігі тарапынан қатысушыларды таныстырды. Астанада өткен бизнес-форумда бұл компания өкілдерімен жүздескенін, бүгінгі кездесу соның жалғасы болып отырғанын атап өтті.
– Сіздерді Қонаев қаласында қарсы алғаныма қуаныштымын. Өңірімізге деген қызығушылықтарыңызды жоғары бағалай отырып, өзара тиімді шарттарда ынтымақтасуға дайынбыз. Алматы облысы – Қазақстанның экономикалық өсу әлеуеті жоғары аймақтың бірі. Сондықтан инфрақұрылым, энергетика, көлік және басқа да салаларда бірқатар мемлекеттік жобаны трансферттеуге қатысуға шақырамыз. Тәжірибелеріңіз бен қолдауларыңыз біздің өңірдің дамуы жолында жаңа белестерді бағындыратынына сенімдіміз. Сіздермен ынтымақтастық бірнеше маңызды артықшылықтарға ие. Біріншіден, жобалардың тиімділігін айтарлықтай арттыра алатын заманауи технологиялар мен инновацияларға қол жеткізіледі. Екіншіден, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы Қытай тәжірибесі өңіріміздің экономикалық дамуына құнды үлес қосады. Сонымен бірге ынтымақтастығымыз жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір үшін білікті мамандарды даярлауға ықпал етеді. Сайып келгенде, екіжақты ынтымақтастық жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір үшін білікті мамандарды даярлауға септігін тигізеді. Бұл тұрғыда еліміздің құзырлы мемлекеттік органдары қажетті қолдау мен кепілдік беруге дайын. Сондай-ақ облыс әкімдігі тарапынан мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалар аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасай отырып, құқықтық кепілдіктер мен салықтық жеңілдіктер жасалатын болады, – деген облыс басшысы Қытай капиталының қатысуымен еліміз көлемінде 2719, облыста 67 кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты.
Өз кезегінде сөз алған «China CAMC Engineering Co., Ltd» компаниясының бас директоры Ли Цзиньвэй делегация құрамында келгендерді таныстырып, кәсіпорын жайлы мағлұмат берді.
«China CAMC Engineering Co., Ltd» – орталық үкімет басқаратын кәсіпорын. 2001 жылы 22 мамырда құрылып, 2006 жылы 19 маусымда Шэньчжэнь қор биржасында листингтен өткен. Компания жүйесінде негізгі операциялық еншілес ұйымына ие 9 жоғары технологиялық кәсіпорын бар. Солардың бірі – «China IPPR International Engineering Co., Ltd». Бұл – бұрынғы Машина жасау министрлігінің бас жобалау және ғылыми-зерттеу институты. Техникалық мүмкіндігі мол, кешенді консалтингтік конструкторлық бөлімшелердің бірі Қытайдағы медицина мекмелері мен қарттар үйін, азаматтық және өндірістік құрылымдарды, энергетика, экология, логистика және басқа салалардағы биік ғимараттарды салумен айналысады. Компанияның Қытайда 40, шетелде 70-тен астам филиалы бар. Қазіргі таңда бес құрлық бойынша 70-тен астам елді қамтитын 100-ден астам бас мердігерлік жобалар жүзеге асырылған. Ынтымақтастық мүмкіндіктері талқылағаннан кейін әрі қарай сөзін сабақтаған аймақ басшысы облыс экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын, өткен жылдың қорытындысында экономикалық өсім 2,4 пайызды құрағанын тілге тиек етті. Биылғы 5 айда облыс экономикасына 203,6 млрд теңге инвестиция тартылғанын, оның былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 119,1 пайыз, бірінші тоқсанда тікелей шетелдік инвестиция көлемі 140,7 млн болғанын айтты. Сонымен қатар Қонаев қаласында жылдың аяғына дейін Бас жоспарға сәйкес бой көтеретін құрылыс нысандарының жобалау құжаттары мен сараптама қорытындысы дайын болатынын сөз етті. Компанияның Қонаев қаласындағы нысандарды салуға және Алатау қаласында жобалау жұмыстарына қатыса алатынын қаперге салды. – Өндіріс тиімділігін арттыратын және қоршаған ортаға әсерін азайтатын озық технологияларды енгізуге мүдделіміз. Осы орайда облыс басшылығы жан-жақты қолдау көрсететінін атап өткім келеді. Біздің ынтымақтастығымыз жалғасатынына және барлық тарапқа пайда әкелетініне сенім білдіреміз, – деп сөзін аяқтады облыс әкімі.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы