Ерекше жаратылған балалар қоғамда ерекше қолдауды қажет етеді. Олардың да тең құрбысымен қатар ойнап, білім нәрімен сусындап, рухани азық алуына мүмкіндік жасау – баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы орайда Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен көзі нашар көретін балалар үшін брайль қарпіндегі «Айналайын» кітабы жарық көрді. Жаңа жинақтың шығуына мұрындық болған – «Білте» қоғамдық қорының президенті, ақын Мақпал Мыса. Аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі Қонаев қалалық Мәдениет үйінде өтті.
Жинаққа 22 автордың 15 әңгімесі мен 15 өлеңі енген. Балалар қаламгер шығармаларын оқу арқылы көркем ойлау қабілетін шыңдап, рухани білімін арттырады. Саусақ ұшымен танып, жүрегімен қабылдайтын ерекше жандарға арналған кітап 1000 данамен басылған. Барлығы ел аумағындағы зағип балалар мектептеріне, арнайы ұйымдар мен кітапханаларға тегін таратылады.
Шарапатты шараның шымылдығын ашып, алғашқы құттықтау сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев құнды қазынаның қадірін әспеттеп, ерекше жоба ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
– «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп жазушы Әбіш Кекілбаев айтпақшы, кітап – жансарайыңды байытар рухани қазына. Бүгін ерекше балаларға арналған жинақтың тұсаукесер рәсімінде бас қосып отырмыз. «Айналайын» деген атауының өзі мейірім, қамқорлық сезімдерін білдіреді. Кітаптың шығуына бастамашы болған Алатаудың ақбілек ақыны Мақпал Мысаға дән ризамыз, – дей келе, игілікті іске ұйытқы болған жандарға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің ыстық ықыласын жеткізді.
Бұдан кейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Төлемісов Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын оқып берді.
Онда: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыру ісіне үнемі баса мән беріп келеді. Президент тапсырмасымен қазіргі таңда осы қалыпта кешенді жұмыстар қолға алынды. Бұл ретте ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету және олардың өмірден өз орындарын табуына жағдай жасау – маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда жарық көріп отырған жинақтың атқаратын рөлі зор. Мұндай жобалар қоғамда баршаға тең мүмкіндік қағидатын берік орнықтырып, мейірімділікті насихаттауға жол ашады. Кітапқа көркем шығармалардың топтастырылуы балалардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, рухани қадамды кеңейтеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы іргелі істер жүйелі жалғасын табады деп сенеміз», – деп жазылған.
Келесі кезекте мінберге көтерілген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Рожин аталмыш шараның өте маңызды екенін айтып, бұл шығарма қазақ тілінде брайль қарпімен шыққан еліміздегі бірінші үлкен еңбек екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:
– Мұндай игі іс алдағы уақытта елімізде жанданып, үлкен деңгейге шығуы керек. Оның алғышартын жасаған жандардың еңбектеріне табыс тілеймін. Сондай-ақ бұл жобаны қолдаған Алматы облысы әкімдігіне айрықша алғысымды білдіргім келеді. Сол арқылы өзге өңірлерге үлгі көрсетіп отырсыздар, – деді депутат.
Сахнаға көтерілген ақын Алмас Ахметбекұлы Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің сәлемін жеткізіп:
«Ұшына да саусақтың жүректен қан тарайды,
Кейбір жандар көзбен емес,
Саусағымен сезінеді арайды.
Осынау отырған құлындар,
Кітаптың бетін аша сап, жүрегімен қарайды», – деген өлең жолдарымен сөзін түйіндеді. Шарапатты шара барысында зағип азаматтарға арналған республикалық кітапхананың директоры Асхат Байұзақов, жазушы Ділдар Мамырбаева да лебіздерін арнады.
Жинақты құрастырған «Білте» қоғамдық қорының президенті, ақын Мақпал Мыса өз сөзінде:
– 1984 жылы Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы 13 қараша күнін Зағиптар күні деп белгілеген екен. Дәл осы сәтпен біздің де шарамыз сәйкес келіп тұр. Әлемді саусақ ұшымен танитын жандардың қашанда жаны жарық, қиялы ұшқыр, сезімтал, қабілеті ерен. Олардың арасында бүгінгі таңда да елге, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген тұлғалар өте көп. Сан салалы бағытта ел мәртебесін көтеріп жүрген талантты балалар жетеді. Олардың да күні ертең жұлдыздары жарқырап, ел азаматы болары сөзсіз. Кітап әр құлынның маңдайынан иіскеп, жүрегіне терең бойлайтын сырлас досы болатынына кәміл сенеміз. Осы жобамызды республикада бірінші болып қолдаған Алматы облысы әкімдігіне ерекше құрметімізді білдіргіміз келеді. Ізгілікті іс жалғасады, – деп өз ойымен бөлісті.
Сахна төріне көтерілген депутаттар мен жиынға қатысушы зиялы қауым өкілдері кітаптың тұсауын кесіп, балаларға үлестірді. Олар брайль қарпімен жинақтағы шығармаларды оқып, көпшіліктің көңіл толқытар қошеметін иеленді. Рухани кеш Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертіне ұласып, көрермендер көңілінде ән әуелеп, күй шалқыды.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы