Қонаев қаласында шалқадан жатып штанга көтеру спортынан ашық біріншілік өтті. Сайысқа Алматы облысының аудандарынан 70-ке жуық спортшы қатысты. Олар үш жас тобында, яғни 14-18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар; 19-23 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар; 24-40 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер бақ сынасты.
Жасөспірімдер ұлдар мен жасөспірім қыздар 9 салмақ категориясында жарысты. 53 келіден 120 келіге дейін және 43 келіден 84 келіге дейін және одан жоғары. Ересектер арасында 16 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Оның 8-і ерлерге (59 келіден +120 келіге дейін) және 8-і әйелдерге (47 келіден +84 келіге дейін)..
«Мұндай жарыстар – салауатты өмір салтын насихаттаудың тамаша тәсілі. Халықаралық пауэрлифтинг федерациясының қолдауымен 50 жылдан аса аталған спорт түрі жанкүйерлерінің көзайымына айналып келеді. Ендігіде бұл спорт түрін Олимпиада бағдарламасына енгізу қарастырылып отыр. Әсіресе, классикалық пауэрлифтинг пен стендтік пресске назар аударылып отыр», – деді Алматы облыстық пауэрлифтинг федерациясының президенті Сергей Горяной.
«Алматы облысында бұл спорт түрі негізінен Іле, Қарасай аудандары мен Қонаев қаласында қарқынды дамып келеді. Біздің міндетіміз – облысымыздың әр ауданында, шалғай жерлерде пауэрлифтингті кеңінен насихаттау және оны дамыту. Ашық турнир осы мақсатқа қызмет етпек. Сайыс мақсаты – әрбір салмақ және жас категориясында ең мықты спортшыларды анықтау, Алматы облысының үш жас тобындағы ұлттық құрамасын республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау. Келер жылы Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Ол Норвегияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу жүргізу мақсатында ұйымдастырылмақ. Әлемдік аренада еліміздің намысын Алматы облысының спортшылар қорғайды деп ойлаймын»,-деді Алматы облысының пауэрлифтингтен аға жаттықтырушысы Алдияр Ерлан.
Чемпионатта тек спорт әуесқойлары емес, сондай-ақ, келешекте кәсіби жолын осы салада қалыптастырғысы келетін жастар да болды.
«Мен пауэрлифтингпен айналысып жүргеніме 10 жылға жуықтады. Өткен жылы Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындадым. Пауэрлифтинг табандылық, тәртіптілік, төзімділік сияқты қасиеттерді дамытуға мүмкіндік береді. Жарыс жақындағанда, біз жеңу мүмкіндігін арттыру үшін салмақты азайтамыз. Мәселен, спортшының салмағы жаттығу мен жарыс уақытында бірдей болса, жоғары салмақты көтере алу мүмкіндігі азаяды. Жарыс алдында салмағын жоғалтқанда, дене салмағы аз, бірақ бұлшық еттері дайын болады. Спортшы ауыр салмақты көтере алады», – деп атап өтті пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер Ерқанат Нұрбаев.
Турнирде ерлер арасында чемпион атағын Іле өңірінің өкілдері – Распутин Евгений мен Төлешбай Әлішер, Талғар ауданынан келген Бастрыков Артем (Қонаев) және Карпович Андрей алды.
Жастар мен жасөспірімдер арасында Іле ауданының спортшылары – Пелих Николай, Еременко Тигран, Писмак Данил, Сүлейманов Азиз, Сим Вячеслав және Жансай Нұрәлі жеңімпаз атанды. Қарасай ауданының спортшылары – Никита Корягин, Владислав Минчик және Альмир Ахметов; Қонаевтың өкілдері – Фархат Нұрислам және Ким Руслан; сондай-ақ Ұйғыр облысынан Когтев Богдан да үздіктер қатарынан көрінді.