ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қытайда өршіген метапневмовирустың таралуына қатысты ақпарат таратты. Министрліктегілердің түсіндіруінше, метапневмовирус – Pneumoviridae тұқымдасына жататын вирустардың бір түрі. Тұқым екі түрді қамтиды: құстардың метапневмовирусы және адамның метапневмовирусы.
Таратылған ақпаратқа қарағанда, былтыр 23-29 желтоқсан аралығында Қытайдың ауруханаларынан алынған тыныс алу сынамаларын талдау нәтижелері тұмау вирусы, адам метапневмовирусы және риновирус бойынша оң нәтиже көрсеткен. Бұл туралы Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы хабарлады. Зерттеу аталған жедел респираторлық инфекциялардың қазіргі таңда ел ішінде көп тарап жатқанын көрсеткен. Атап айтқанда, 14 жастан кіші балалар арасында метапневмовирустың жиілігі артқан әрі бұл солтүстік провинцияларда көп кездеседі.
Бұған дейін Англияның «Independent» басылымы Қытайда респираторлық вирустар жиілеп, ауруханалардың толып кетуіне әкеліп соқтырады деп жазған болатын. Осы қыста Қытайдың солтүстік провинцияларында адам метапневмовирусы (HMPV) деп аталатын вирустың, әсіресе балалар арасында қатты тараған жағдайлары күрт өсіп кеткен.
Метапневмовирус жалпы суық тиген кездегі ауруға, яғни тұмауға ұқсас белгілерді туғызады. Ауру әдетте жеңіл болғанымен, пневмония сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін, әсіресе нәрестелерде, қарттарда және иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда жиі кездеседі деп мәлімделіп отыр.
Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі адам метапневмовирусы көп елде ондаған жылдар бойы таралған классикалық вирустың бірі екенін хабарлайды. Бұл вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде ауа кеңістігінде белсенді айналымда болатын инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметіне сенсек, эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустарға кіретін 8360 үлгі зерттелген. Оның ішінде оң нәтиже көрсеткендері – 1866 (22%), паратұмау – 178 (9,5%), РС вирусы – 433 (23,2%), метапневмовирус – 30 (1,6%), риновирус – 680 (36,4%), бокавирус – 113 (6,1%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%).
Ведомство таратқан хабарламада метапневмовирус негізінен ауа тамшылары және тұрмыстық байланыс арқылы беріледі. Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, дененің құрысып-тырысуы, бас ауруы. Нақты емдеу әдісі жоқ, симптоматикалық түрдегі емдеу қолданылады. Қазіргі таңда Қазақстанда бүкіл әлем сияқты ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркеліп отыр. Былтыр 1 қазаннан бастап республикада ЖРВИ-дің 2002335 жағдайы және зертханалық расталған тұмаудың 941 жағдайы, оның ішінде А(H1N1) типті тұмаудың 910 жағдайы, А(H3N2)-1 жағдайы, В тұмауының 30 жағдайы тіркелді делінген.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты алдын алу шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлердегі байланыстарды шектеуге шақырып отыр. Әсіресе созылмалы аурулары бар, иммунитеті ең осал пациенттерге сақ болу керектігін ескертеді.
Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алуда адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу, бөлмені үнемі желдету, қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану, ауру адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу, сондай-ақ ауру белгілері пайда болған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.
Бейбіт МЕКЕЕВ