Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз де жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда ғана жаппай оқитын ұлтқа айналамыз», – деген болатын. Президенттің осы бастамасы Үкімет тарапынан қолдау тауып, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде белгіленді. Бұл күн ЮНЕСКО бекіткен Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен үндес.
Осыған орай, аудандық Мәдениет үйінде орналасқан коворкинг орталығында «Кітап – жарық ғалам, қабылдаса санаң» атты шарасы өтті. Кітапхана фойесінде «Абай Құнанбаевқа – 180 жыл» кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Бүгінгі шараның мақсаты – қоғамда жоғары оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, әкім орынбасары Кеңес Қабылбеков, маслихат депутаттары, композитор Жақан Әбдіраманаов, журналист Шыңғыс Тұрсынов, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.
Басқосуда алғаш болып сөз алған аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы:
– Елімізде бірнеше күн Кітап күні аталып, іс-шаралар өткізіліп жатыр. Кітап оқу білімді шыңдайтын ұстанымның бірі. Кітапхана ұжымы көптеген іс шараларда атсалысуда. Қарқара, Алғабас, Бөлексаз, Саты ауылдарында мәдениет үйіндегі кітапханалар қолданысқа берілді. Ауданымызда болашақта кітапхана салуды қолға алған болатынбыз. Қазіргі уақытта кітапхананың жобасы дайындалды, экспертизаға кірді. Жастар орталығының жанында үлкен заманауи, әдемі, сәулетті ғимарат бой көтереді деп ойлаймын. Жылдың аяғына дейін немесе келесі жылдары құрылысы басталып қалуы мүмкін. Бұл өз кезегінде кітапхана ұжымына, кітапты сүйіп оқитын оқушыларымыздан бастап, тұрғындарға жағдай жасалу болып саналады, – дей келе ұдайы кітап оқу мидың белсенділігін арттыратындығын айтты.
Аудандық кітапхананың абонемент бөлімінің меңгерушісі Жібек Молдасанова «Кітап – рухани қазына» тақырыбында баяндамасын оқып, мерекенің маңыздылығына тоқталып өтті.
Қаламы қарымды журналист Шыңғыс Тұрсынов өркениеттің оқудан, тәрбиенің оны миға тоқудан басталатынын айта келе, ұлттық құндылық, кітап, қазіргі қоғам туралы тұшымды ой қозғады. «Махаббат мұңы», «Қош бол, альбом!» атты кітаптарын кітапханаға сыйлап, оқырман қауымды оқудан қол үзбеуге шақырды.
Сондай-ақ, іс-шара қонақтары аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, мәслихат депутаты Ерғали Талипов Ұлттық кітап күнінің маңыздылығына тоқталып, жастарды кітап оқуға баулу керектігін тілге тиек етіп, өз ойларымен бөлісті.
Кітап күні тамаша ән, күмбірлі күймен өріліп, жиналған қауым Кеңес Нұрпейісов атындағы орта мектеп оқушыларының өнерін де тамашалады.
Индира Ахметова, аудандық кітапхана директоры:
– Іс-шараның мақсаты қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Ауданда 13 кітапхана, 1 коворкинг орталығы жұмыс істейді. Айта кетейік, бұл апталық барлық ауылдық кітапханаларда ұйымдастырылды. Бір қуантатыны, кітапхана оқырмандары жыл сайын көбейіп, кітап оқитын жастардың қатары артып келеді. Қорда 128 153 мың кітап бар, – деді ол.
Оқырмандарды кітап оқуға баулитын апталық 16-23 сәуір аралығында өтіп, барлық ауылдық кітапханаларда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ұлттық кітап күні – кітап пен қаламның қадірін жете түсінетін елге тән қадам. Білімнің бастауы мен руханияттың негізі саналатын кітапқа құрмет көрсету -ұлттың ұлы құндылығын ұлықтау. Мейрам бір күндік емес, үрдіске айналуы керек. Ұлттық кітап күні – болашақ оқырманды тәрбиелеудің бастау бұлағы.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы