Ақсұңқар АҚЫНБАБАНЫҢ «Жанартау» атты өлеңдер жинағын оқығанда ерекше сезімге бөленетінің рас. Ақынға тән тереңдікті, биіктікті сезінесің.
Біз сөз етіп отырған ақын – әуел баста жарқ етіп елеңдете келіп, сосын, әр кезеңде көрініп, арасында тасада қалса да, санадан өшіп кетпей, оқырманын іздеттіріп отыратын жарқын талант иесі. Заты әйел болғанымен, жазған өлеңдері кейде ер азаматтікінен артық. Нәзік лирикадан гөрі азаматтық үн басым. Оның өлеңдері мен өн бойында өршіл рух, биіктікке ұмтылыс және ұмтылған биігіне жетпей тынбайтын табандылық кездеседі.
Құнсыз өмір сала алмайсың
Құлдыққа,
Жағынамын, жар боламын шындыққа! – дейтін ақынның өзіндік жазу машығы, басқанікіне ұқсай бермейтін өзіндік стильдік ерекшелігі болуы – оның талантының көрсеткіші, эстетикалық болмысының деңгейі. Сол тұрғыдан алған кезде Ақсұңқардың өлеңдерінде поэзияда қалыптасқан үрдісті, поэтикалық шаблонды бұзу нысаны айқын. Бір өлеңінде ол:
Оттай боп
Ойнақтаған мұң
Не қылдың маған?
Өртердей шулап алауың,
Не қылдым саған?
Күйдіре өршіп жалының
Отыңмен анау,
Өртіңнен тоят табармын
Өртің боп жанам, – дейді ол іштен буырқанып, тепсініп сыртқа ұмтылған сезім күйін тежей алмай.
Енді осы жерде жаттанды тіркестерді, ұғымдарды бұзған тілдік компоненттердің барын аңғарамыз. Ерекше назар аудартатын – «Оттай боп ойнақтаған мұң» деген тіркес. «Мұң ойнақтай ма? Мұң деген пәстіктің, күңгірттіктің, адамның еңсесін езіп жіберетін ауыр сезімнің символы емес пе?». Ал бұл арада ақын ешкім ұрынбаған перипетияға барып, өзінің мұңын ойнақтатып жіберген. Келісесіз бе? Келіспейсіз бе? Қалай болған күнде де тосын, тым тосын. Бұл поэтикалық уәждің мығымдығының әсері шығар-ау.
Асық маған:
Асыққандай түн күнге,
Аспан астын
Жаңғыртатын күлкіме,
Ажалыңнан
Қашқандай боп кәдімгі,
Қаш мендегі
Тозағымнан жалынды!
Міне, ақындық индивид деген осы – қалыптасқан жаттанды түсінікті, шеңбер ішіндегі ойдың шаблонын бұзып, жаңаша тіл қату және соны оқырманға ұтқыр жолмен жеткізе білу.
Ақсұңқар ақын өзі айтқандай, ұсақталғысы келмейді, жаттанды баяндаулардан бойын алшақ ұстайды. Айналадағылардың бәрінің ірілігін қалайды. Оған дәлел мынандай шумақ:
Жырлағаным
Шындықтың жыры болсын!
Дұшпаным да,
Досым да ірі болсын,
Мені сақтар Құдірет
Тірі болсын!
Міне, асау мінезді ақынның қалауы. Дұшпанның ірілігінен лирикалық кейіпкердің өзі таяқ жеп те қалуы мүмкін. Ірі қарсыласың оңайлықпен алдыра ма? Соны сезсе де, нәзік жүректі қайсар ақынның одан қаймығар түрі жоқ.
Ақсұңқар «Аруана тауым, амансың ба екен?» деген өлеңінде «тау» сөзіне «аруана» эпитетін телиді. Бұл қалай сонда? Бұрын естімеген тіркесіміз. Ақсұңқардың поэзиясының өн бойынан үнемі елес беріп тұратын сағыныш деген ұлы сезім бар. Сол сағыныш иектеп алған сәтте сол бір қаһарлы биік таудың неше түрлі бейнеде болуы мүмкіндігін түсіндіреді. Сөйтіп, қайталап оқи келе, таудың да ақынның поэтикалық әлемінде аруанасын сағынған ботадай боздаған сағынышына символ болуы ықтимал-ау деген қисынға мойынұсынасың.
Бір өлеңінде сол таудың құдіретін суреттейді ақын. Ол «Мен таумын» деген өлеңінде айқын көрініс тапқан. «Мен – таумын, Иір қиыр жолдары» немесе «Мен – таумын, жақпар-жақпар құздарым, Қара жердің наласындай артылған, қасіреттің салмағына шыдамай, жанартауша атылған. Мен – таумын жердің алып жарасы».
Бұл арадағы тау басқаша. Шынында да мұндағы тау бейнесі – географиялық нысан ғана емес, бүкіл адам баласының саналы тіршілік иесінің алдындағы рөлі асқақ символдық ұғым. Талай заманнан бері тарихтың куәгері болып келе жатқан тауды неше түрлі қылып құбылтып суреттеу, сол қалпындағы реалистік бейне мен сызба салып, фотографтай нақ басу, бәлкім, біреулер үшін тапқырлық та болар. Ал бұл жерде ақынның тауға деген көзқарасы, тауды қабылдауы басқаша. «Мен – таумын» дей отырып, бастан кешкен тағдырын сол Тау символына сыйғызып жібереді, тарихтағы алатын орнын да меңзейді.
Іштегі рух киіп-жарып асқақтап әкетіп бара жатса, ондай ақынның жынысын да ажырату кейде қиынға соғады екен. Нақ осы құбылыстың анық сезілетін кеңістігінің бірі – Ақсұңқар Ақынбаба поэзиясының әлемі. Жазғанына қарап, нәзік жанды өнер иесінің қаламынан туған деп бірден қабылдай салуға қиналамын. Оған өршіл рух, кейде қатқылдық, асқақтаған асау сезім, қайсарлық тән. Кейбір жекелеген жырлары осындай ерекше мінезді жасыра алмай, тепсініп тұрады, өлеңдерінің табиғатында осы екпінін ала жүреді.
Биік ұшып бара жатқан құстардың,
Арасынан ізде мені, ұстай біл,
Қанатынан кесек-кесек жыр тамған,
Көздерінен отты дауыл бұрқаған.
Бұл өлеңінен де Ақсұңқардың өзінің менін қалың қара тобырдың емес, асқақтаған биіктіктің арасынан тапқысы келетін адуынды мінезін көресің. Асқақ ақынның ұран тектес дүбірін құлағыңмен де, жүрегіңмен де естіп отырғандай күй кешкізетінін мойындайсың.
Жолы бұралаң, беталысы белгісіз ауыр тағдырмен ақын ерегеске түседі. Оның бұралаң жолдарына, орынсыз зорлық-зомбылығына тіпті де көнгісі жоқ. Сондай ширыққан жағдайда қайсар мінезді екпінді жыр атқылап тумай тұра ала ма?
Ал, тағдыр мырза!
Ерегестім даулыңмен,
Түніңмен,
Мейлің құздан қырға құлат
Түңілмен!
Мені ешқашан естимісің,
Мені ешқашан, естимісің ешқашан,
Жеңе алмайсың түбімен, – деген текетірес, бұл – тағдырға тасталған шақыру, ерегесу. Қандай жағдай болса да «Мені жеңе алмайсың түбімен» деуі ақынның өзіне-өзі сенімді, қайсар да қайтпас рухтың иесі екенін аңғартады.
Одан әрі ақын осы сөзін айтумен тоқтап қалмайды. Өзінің азаматтық кредосын бұлтартпай, бұлыңғырлатпай, жайып салуға асығады:
Күрес менің
Маңдайыма жазылған.
Рух
Ән тыңдайсың сазымнан.
Еркелеймін,
Еркін кетем, содан соң,
Сен де амалсыз бағынасың назыма, – дейді ақын. Осы бір тұста жылт ете түсетін әйелге тән бір нәзіктікті аңдататын – «назыма» деген сөз. Тағдырды өзінің назы арқылы бағындырып алу – бұл да бұрын-соңды өз басым естімеген сөз. Әрине, нәзік жанды қыздардың асау жігіттерді назымен бағындыратын кездері болады. Бірақ тағдырды назбен бағындыру ше? Сөз құдіретіне сенген ақын тағдырын бағындыратын да шығар, біз оған сенеміз.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, ақынның жыр шумақтарын, өзіндік көркемдік пафосын, өмірлік жолында ұстанған поэтикалық кредосын сезінетін болсақ, ол дегеніңіз – тағдырға мойынсұнбау, керек десең, жанартауша атылып, көкке қарай шапшу, рухани тәуелсіздікке ұмтылу, қоғамдағы өзінің орнын табу, ең бастысы, күші жеткенше сол күрестен бас тартпау.
Ақсұңқардың поэзиядағы жолы – күрескерлік. Соны өзінің сезім-күйімен, бастапқы ұстаныммен қоса отырып, поэтикалық биіктікте көрсетуге тырысады. Әрине, ақын шумақтарының кейбір тұстары турасында «былай десе қайтер еді?» деген сыңайдағы полемикаға да баруға болады. «Олай емес, былай» деген сөзді айта салу да оңай, бірақ оны дәлелдей алу, тұжырымдай білу керек.
Ақындықтың қалыптасып қалған теоремасы жоқ десек, біз оның нақты көрінісін Ақсұңқардың жырларынан көреміз. Оның өлеңдері – осы тұжырымның дәлелі сынды. Біздің байқайтынымыз – оның жан дүниесі мазасыз, ұстанған бағытынан кері қайырылмайтын, бастапқы өзінің әлсіздеу қалпына оралмайтын өршіл мінезі бар. Бойында тек алға ұмтылғыш, оптимистік рух басым. Мұның өзі – тазалықтың кредосы. Сондықтан ақынға ақыл айту, бұлай істе деу, тіпті де артық.
Аталған жинақтағы ақынның «Рух мәңгі», «Түсін мені», «Құспен қатар аталған…», «Аппақ қар, қара қарға…», «Тас мүсінмін», «Толмаған Ай…», «Өзімді емес, көзімді көр, көзімді», «Ізде мені!..» қатарлы өлеңдері қазіргі оқырманның үлкен сұранысына ие болып отырғаны анық. Бұл қазақ поэзиясының дамуына да қосылып отырған мол үлес.
Қорыта айтқанда, «Жанартау» жаңа жыр жинағында Ақсұңқар ақынның бұған дейін көп ешқайда жарияланбаған, оқырман үшін жаңалық болып қабылданатын өлеңдері де, ел аузында жүрген сәтті туындылары да, оған қоса әлемдік классикадан жоғары деңгейде тәржімаланған біраз аудармалары да (түрік ақындары Н.Хикмет, Р.Ылғазы, Михри хатун,А.Ахматова, М.Цветаева, Б.Ахмадуллина) енген.
Поэзиядағы өзінің ұстанымын ә дегеннен-ақ тауып алған Ақсұңқар Ақынбаба – сол талаптың үдесінен шығып келе жатқан ақын. Үсті-үстіне кітап шығарып төпелемей, орамды сөзді, оқыс ойларды өзіндік поэтикалық үнімен оқырманына сағынтып барып ұсыну – оның шығармашылығының шырайлы кредосы. Осындай өршіл, асқақ жырлары алдағы уақытта да оқырманын өзімен бірге биіктерге ұмтылдыра берері сөзсіз.
Нұрдәулет Ақыш,
М.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері


