Перейти к содержимому

Өмірлік бағдаршам

18 қаралым

Ұстаз – шәкіртке білім беріп қана қоймай, оның болашағына тура жол көрсететін тұлға. «Ұстаз» деген сөздің астарында қаншама терең мағына мен тағылым жатыр десеңізші?! Адам өміріндегі маңызды шешімдерді қабылдауда бағыт-бағдар көрсетіп, сөзбен емес, іспен сенім ұялататын бір жан болады дейтін еді. Менің өмірімдегі сондай жанның бірі – ұстазым, ақылшым, Жамбыл ауданы, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектеп мұғалімі Гүлхан Нұрғазиева.

Есімде, ең алғаш 7-сыныпта биология пәні қосылды. Ол кезде биология туралы терең білмейтін едік, тек 5-сыныптағы жаратылыстану пәнінен алған алғашқы түсініктеріміз ғана бар еді. Жаңа пән болғандықтан, біз үшін қызық болып көрінетін. Ал ең бастысы осы пәнге қызығушылығымызды одан әрі арттыра түскен жан Гүлхан Елубайқызы болды. Ұстазымның сабақты түсіндіру әдісі, әр тақырыпқа ерекше тоқталып, өмірмен байланыстыра отырып түсіндіргені бәрімізге ұнайтын. Осылайша, уақыт өте келе биология пәніне қызығушылығым одан әрі арта түсті. Гүлхан апаймен бірге аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткіздік.
Гүлхан Елубайқызы мен үшін тек биология пәнінің мұғалімі ғана емес, сынып жетекшім, ақылшым әрі өнерге қанаттандырған ұстазым болды. Апайымды өз ісінің шебері деп айта аламын. Себебі, біздің сынып қандай жарыс болсын, үнемі бас жүлдені алмай қайтпайтын. Оның бәрі, әрине, ұстазымыздың еңбегі десем, артық айтқаным емес. Гүлхан апай бізді биге де, әнге де, спортқа да баулып, өнерлі сынып ретінде шығарды. Тіпті, апайымыз бізбен бірге волейбол, баскетбол ойындарын ойнап, ойынның кейбір білмеген тұстарын үнемі бізге үйретуге дайын болатын. Спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Тек спорт саласында ғана емес, басқа салаларда да өзін үнемі дамытып, шыңдап отыратын. Апайымыздың арқасында «Үздік сынып» атанып, мектептегі үлгілі сыныптардың алды болдық.
Болашақты ойлап, мамандық таңдайтын кезең бар. Ол – 9-сыныптың уақыты. «Кім боламын? Қандай мамандық таңдаймын? Болашақта өзім қалаған салада жетістікке жете аламын ба?» деген сансыз сұрақтың жауабын іздеп жүрген кезім еді. «Биология пәнін таңдасам, қиналып қалмаймын ба? Бұл шынымен менің болашақ мамандығым бола ма?» деп көп ойландым, қорықтым. Бірақ қорқынышымды жеңіп, ақыры биология саласын таңдаймын деген шешімге келдім. Шынымды айтсам, Гүлхан апайға қарап шабыттанатынмын. Тіпті, апайым сияқты үздік педагог болуды армандадым. Армандап қана қоймай, арманыма жету үшін үздіксіз әрекет жасадым. Әрекетімнің алғашқы нәтижесі көп күттірмеді. 9-сыныпты қызыл аттестатпен аяқтап, 10-сыныптан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындала бастадым. Мектеп бітіруге жақындаған сайын алдыма қойған мақсатым да айқындала түсті. Нәтижесінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қабылданып, «Биология және биотехнология» мамандығы бойынша грант иегері атандым. Мектепті «Алтын белгіге» аяқтадым. Бұл жетістікке мен өзімнің ғана емес, ұстазым Гүлхан Елубайқызының да еңбегі сіңді деп есептеймін. Иә, өзім де еңбектендім, іздендім, талпындым. Бірақ ұстазымның берген білімі, ақылы және, ең бастысы, қолдауы менің жүрегіме үлкен сенім ұялатты. Сөйтіп, 7-сыныпта басталған биологияға деген қызығушылығым мамандығыма айналарын кім білген? Өз жолымның алғашқы шамын жағып, алдымнан шыққан қиындықта жол көрсеткен ұстазым, өмірлік бағдаршамым – Гүлхан Елубайқызына айтар алғысым шексіз.

Сымбат ТӨЛЕУҒАЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің 2-курс студенті