Перейти к содержимому
Главная страница » Барыс-келіс жеңілдеді

Барыс-келіс жеңілдеді

     Қарасай ауданында жаңа №83 автобус бағыты іске қосылды. Бұл Көксай ауылынан Алматы қаласының «Қалқаман» ықшамауданына 10-15 минутта жетуге мүмкіндік береді.

Жаңа бағыт бойынша жүретін автобустар заманауи әрі жайлы. Онда бейнекамералар орнатылған және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған орындар қарастырылған. Қоғамдық көлік іске қосылған күні ауыл тұрғындары автобустың ішінде нағыз мереке ұйымдастырып, шашу шашты, домбыраға қосылып ән шырқады.
Жаңа бағыт бойынша қозғалыс «Үлгілі» ықшамауданынан басталады. Бұл жерден Ақсай, Арай және Жаңа ғасыр көшелері арқылы жүріп өтіп, соңғы аялдама ­­– «Қалқаман» ықшамауданына келіп тоқтайды. Автобустар таңғы сағат 6:30-дан кешкі 22:30-ға дейін жүреді. Жолақы «Оңай» төлем жүйесі арқылы қабылданады, оның құны – 120 теңге. Белгілі бір санаттағы жолаушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған.
Қазіргі таңда бағыт бойынша төрт автобус қатынауда. Жолаушылар ағынына байланысты болашақта автобустар саны 11-ге дейін арттырылмақ.
Жаңа қоғамдық көліктің қатынағанына жұртшылық дән риза.
– Бұл бағыт сөзсіз сұранысқа ие болады. Әр күні Алматыға ауылдан студенттер қатынайды. Басқа да тұрғындар әртүрлі шаруамен қалаға барады. Кейбіреулер Алматыда жұмыс істейді. Бұрын біз қалаға үлкен қиындықпен жететінбіз. Енді бұл маңызды мәселе сәтті шешілді. Осы іске ұйытқы болған облыс басшылығына, аудан, ауыл әкімдеріне тұрғындар атынан алғыс айтамын, – деді Көксай ауылының тұрғыны Райса Мұтанқызы.
Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Аркен Кенжебайдың айтуынша, №83 бағытты іске қосу туралы мәселе биыл көктемде Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің Көксай тұрғындарымен өткен кездесуінде көтерілген. Сол кезде Іргелі ауылдық округі әкімдігіне тиісті тапсырма берілген болатын. Нәтижесінде, ауыл тұрғындарының қуанышына орай жаңа бағыт іске қосылды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы