☀️
8°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 18, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Әдебиет

    Естігендей елігем Тәңір үнін

    25.12.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    Естігендей  елігем Тәңір үнін
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

    Жетім емес

    Бұйрық еді-ау әмірлі әке сөзі,
    Көңілсіздеу «көгеріп көсегесі».
    Ата-анасы қалдырған атасына,
    Қайран бала, жатсынып өседі өзі.

    Кімнен енді даулайсың құнын қазір,
    Бастан өтті кезінде мұның бәрі.
    Бөтенсіген соқпақпен жүргендіктен,
    «Аға, тәте» дегенге ұрынғаным.

    Орайы кеп отауға келін кірді,
    Келін кірді – көркіне көңіл тұнды.
    Алаңдады, таңғалды аңғарды да,
    Атайтыным аян боп менің кімді.

    Жамылғанда-ақ ақ жаулық «мама» деген,
    Енді сөздің салмағы маған келген.
    Оңашада қайтадан қобалжимын,
    Жеме-жемде жаңылып қалам ба екен?!

    Тіпті, қиын болар ма мұндай хәлім,
    «Папа, мама» дегенде қиналғаным!
    Анам сонда көз жасын төгіп-төгіп,
    Жылағаны еңкілдеп үй айналып.

    Ел ойлады «Қуаныш көз жасы» деп,
    Сезіп тұрмын себебін өз басым тек.
    Өз анасын осылай өксітуге,
    Пешенеге ешкімнің жазбасын деп.

    Немерені еншілеп, еркелетіп,
    Дүниеден кемпір-шал ерте кетіп.
    Жетім емес сол бала жетімсіреп,
    Қиялданып өмірі өтер өстіп.

    Не тәтті?

    Қиял – дүрбі алысты жақындатқан,
    Жастығыңның тұнығын қалқып аққан.
    Тәтті шағын таңдайда табы қалған,
    Жыр жолымен жеткізер сәтін тапқан.

    Тәтті-ақ еді өрігі, алмасы да,
    Көзді қарып, қоймайтын алмасыңа.
    Ең дәмдісі алманың мизамдағы,
    Қол жетпестей қалғаны дәл басында.

    Шатқалдарда долана көріктеніп,
    Шиелері таңдайда еріп кетіп.
    Бүлдіргені шәрбаттай тамып тұрған,
    Құмар қылар жеңгейдей жерік етіп.

    Төгілтетін бақшаны жазы нұрға,
    Тіл үйіріп қарбызы, қауыны да.
    Тәбетіңді тартатын тамсандырып,
    Шоққа көмген бүйрегі, бауыры да.

    Танып, түйдім түйсікке дәмді ұғымын,
    Балдәуренде барлығы нәрлі-тұғын.
    Бал ғана емес, тәтті еді айран, сүті,
    Кілегейі кілкитін балғын бұрын.

    Енді тәтті немерең жалғанатын,
    Ұйытқан құйқа қаужап алданатын.
    Жан қадірлі қартаңға арбадағы,
    Тоқтата алмас ылдиға доңғалайтын.

    Мойындау

    Күн жарықтық жазыққа жантаяды,
    Дидарына топ-толық Ай қарайды.
    Бірін-бірі үндемей ұғысқанмен,
    Пенделерге бар сырын айта алмайды.

    Көне бабам табынған бір Тәңірге,
    Құдіретін танытқан Күн бәріне.
    «Басыңды и!» деп ғаламат ымдағанда,
    Жан жазылар, емі асып мың дәріден.

    Күнді бағып қиырдан сығалаған,
    Неге Айға табыну күнә маған?!
    Еске аламын атамды жаңа Айға,
    Күмәнданбай қол жайып тұра қалған.

    «Аман жүріп, Ай көріп», ата болдым,
    Қасиетін Күн мен Ай қатар қойдым.
    Үйретемін ұлыма ұлықтауды,
    Табиғаттың тылсымын атар әр күн.

    Жаратқаным – қайнары жан нұрының,
    Естігендей елігем Тәңір үнін.
    Бар адамзат күмәнсіз мойындайды,
    Күн мен Айдың әлемде мәңгілігін!

    Тау мен дала туысқан

    Құрлықтан жаралмаған теңіз бөлек,
    О бастан тау мен дала – егіз демек.
    Ендеше, ежелгіде жаралған соң,
    Ерекше емексудің жөні бөлек.

    Таулардың дала тәнті паңдығына,
    Құйылған құзырына таң нұрына.
    Таулар да шетсіз-шексіз шартарапқа,
    Көніп тұр көсемсімей табынуға!

    Көкқаптал – соның бірі Көктөбедей,
    Күзде де көк орайлы көктемедей.
    Көз салсам маусымдайын масайраймын,
    Көк далам көк көсіліп, көктегендей!

    Соқпағым басталатын басы мұннан,
    Жартасы жаралғандай жасын жырдан!
    Даланың ұлылығын ұғар ұрпақ,
    Құзардың көз тастаса хас шыңынан!

    Шаншылған аспаныма қасқа шыңға,
    Таңырқап қамал құрған тастарына.
    Күмән жоқ, Құдірет күш шағып-шағып,
    Далаға сыбаға ғып шашқанына!

    Тірегем мен де арқа асқарыма,
    Төскейде толысқанмын жас шағымда.
    Қымбат жоқ қазағыма таулары мен,
    Тап осы жазирадан басқа мұра!

    Биік пен жазықтықтың күн аулаған,
    Бар сырын сұрамай-ақ ғұламадан.
    Танырсың тұтастығын жұмыр жердің,
    Ғарыштан елестетсең мұнарланған!

    Сарқырама

    Сауылдап сорғалаған сарқырама,
    Таулардың қойнауынан қарқын алған.
    Үздіксіз ұрандатқан сарбаздардай,
    Дуалы бір сарынды дауысы маған.

    Құзармен жағаласып ұрғылаған,
    Тасқыны тас табанды бұрғылаған.
    Кім білсін,
    Қанша заман толастамай,
    Түбінен терең шұңқыр үңгіп алған?!

    Саумалдай пісіп-пісіп сабадағы,
    Көбікті қымыздайын тола қалды.
    Сусынын қанша сімір, таусылмайды,
    Сабылып шатқалдардан ағады әлі.

    Жақпарлар доспен жаңа қауышқандай,
    Аймалап, ағысымен алысқандай.
    Көшкіндей еңістерден екпін алған,
    Аптыққан ақ көбікті ағыстар-ай!

    Жағаға шашуларын шашып талмай,
    Алқапқа су сұраған асыққандай.
    Арнадан аласұрып асатындай,
    Селдетіп құйған жауын тасытқандай.

    Талабын тасқа соғып тауысқандай,
    Шаршаған жауыр аттай шабыстан да.
    Жазыққа жеткенінде жуасыған,
    Жайдарлы жолдасымен табысқандай.

    Сәбит АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ,
    ақын, ҚР Білім беру ісінің үздігі

     

    Жыр-бесікте тербелген

    Ұстаздардың қағазбен көп әурешілігі барша жұртқа жақсы таныс. Бірақ сонда да уақыт тауып, шабыт кемесіне мініп, өлең әлеміне қанат қағып жүрген мұғалімдер бар. Сондай өлең өлкесінде қанат қаққан ұстаздың бірін мен жақсы білемін. Ол – туындылары анда-санда өңірлік басылымда жарияланып тұратын, екі өлең кітабының авторы, ҚР Білім беру ісінің үздігі атанған, Жамбыл атындағы №6 кәсіптік-техникалық колледждің бұрынғы қызметкері, қазіргі зейнеткер Сәбит Алдабергенұлы. Кезінде Бүкілодақтық және Қазақстан комсомолы орталық комитеттерінің, облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталғаны – оның қажырлы еңбегінің бағасы. Менің тағы білетінім – Сәкең зейнетке шыққан соң, уақыт тізгіні өз қолына тигенде, ойы тереңдеп, әбден толысқан шағында, бұрынғы өлеңдерінің басым көпшілігін қайта қарап, өлшеп, өңдеп, тәп-тәуір дүниеге айналдырғаны. Өн бойындағы ұқыптылық пен үлкен жауапкершілік өлеңдерін оқырман көңілінен шығарлық дәрежеге жеткізуге себепкер болған. Өз туындыларын, әсіресе, лирикалық өлеңдерін ұзын-сонарға салмай, шағын көлемде және нақты жазуы – оның қабілетінің бір қыры. Сәбит Алдабергенұлын 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтай келе, өзіне зор денсаулық, мол шығармашылық табыс, отбасына амандық тілейміз.

    Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
    жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

    Соңғы жаңалықтар

    Тазалық – әр азаматтың міндеті
    18.04.2026
    Іле ауданында «Таза Қазақстан» акциясына тұрғындар мен кәсіпорындар жұмылдырылды
    18.04.2026
    Маңызды мәдени нысанның маңы тазартылды 
    18.04.2026
    Алатау қаласында “Таза Қазақстан” акциясы аясында сенбілік өтті
    18.04.2026
    Ұзақ батырдың шоқпары
    18.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>