☀️
8°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 18, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Әдебиет

    Кеуде

    Әңгіме

    27.12.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    Кеуде
    0
    SHARES
    5
    VIEWS

    – Ескендір, мені таныдың ба? – деді үстіне ескі спорт киімін киген қария көзілдірігінің астынан сүзіле қарап.
    – Берік Бекетайұлы, сізді бірден таныдым ғой, – деп ұшып тұрып, қос қолдай амандастым.
    – Сені осында деп әдейі іздеп келдім.
    – Зейнеткерлікке шыққан соң, Алматыма ауысқанмын ғой.
    – Иә, естідім. Анау Арқадағы үлкен комбинатты бәленбай жыл басқарыпсың. Сен де зейнетке шыққансың ба? Институттағы ең мықты шәкіртім едің.
    Қолында ескі былғары сөмке, одан сыпыртқының басы көрініп тұр.
    – Моншаға шығып едім. Мен қазір Алтын аймақ аталатын дөкейлер тұратын жерде тұрамын. Әр жұма сайын моншаға түсемін, фитнеске барамын.
    Жап-жассың, жүрегім ауырады дейсің. Күніне мен сияқты он шақырым жаяу жүргін, дерт дегенің өзі-ақ қашады. Қой, уақытыңды алмайын, телефоныңды беріп қойшы, хабарласып тұрайын, – деп екі ұмтылып барып орнынан тұрды.
    Баяғыда қалың бұйра шашты, тіп-тік, ұзын бойлы, қасына адам жоламайтын айбынды кісі еді. Бәріміз қаһарынан ығып, сабағында тып-тыныш отыратынбыз. Өмірі қабағы ашылмайды, зілдене сөйлеп, емтиханында бәрін құлатуға құмар, өте қатал болды. Қазір басы қасқаланып қалыпты, желке тұсында ғана жидіп қалған ақселеу шашы ғана желбірейді. Әжім сойғылаған беті бұршақ тигендей шоқпыт-шоқпыт, қаракүрең даққа толы. Апыр-ау, осы профессор ұстазым қаншаға келді екен?
    – Сені министр болатын шығар деп ойлаушы едім. Әй, бірақ талантты кім бағалап жатыр?
    – Аға, ірі мекемені басқардым, қарамағымда үш мың адам жұмыс істеді. Енді соның осындағы филиалында істеймін, қағаз-жобаларын қарап беремін.
    – Ескендір, хабарласып тұрармын. Ал, сау бол, – деп тырп-тырп басып шығып кетті.
    Қатал уақыт бәрін еңкейтеді. Тіп-тік шынардай, үстіне қылау тұрғызбай шарт-шұрт екпіндей жүретін Берік ағайым да жауырын жотасы шодырайып, басы алдыға жығылып, еңкіш тартыпты. Киген киімі де тозған, олпы-солпы.
    Қара жер адам ұзақ жасаған сайын басын игізіп, иілдіреді екен. Қайран Берік ағай қандай еді, шіркін? Ол кісі емес, өзім де алпыстың ортасына келіп, шау тартып отыр емеспін бе?
    Үш күннен кейін телефон шалды.
    – Ескендір, саған ғана айтар құпия сырым бар. Кездесіп жеке сөйлессек…
    – Аға, онда түсте бірге шай ішейік, – деп кафеге шақырдым. Қазір Алматыда не көп, өзбектің дәмхана, мейрамханасы көп. «Науат» деп аталатын соның бірінде отырмыз.
    Ол кісі ұзақ созып отырмай, әңгімесін төтесінен бастап кетті.
    – Ескендір, сен алғыр, есті және ең сенімді шәкіртімсің, – деп тамағын кенеп, сынай қарап қойды.
    – Саған мұңымды айтпағанда кімге айтайын? Баяғы өзің көрген Зейнеп деген әйелім осыдан жиырма жыл бұрын жүрек талмасынан қайтыс болып кетті. Жасы келген еркекке әйелсіз сопайып жалғыз жүріп-тұру нағыз қиямет, итқорлық екенін ұқтым. Екі ұлымның екеуі де үлкен қызметте, біреуі – Астанада, екіншісі шетелде. Өздерінің үй-жайлары бар, әңгіредей кең үш бөлмелі үйде сүмірейіп жалғыз қалдым. Не керек, ақыры бір әйелге үйленіп алдым. Пысық, әлекейдей жалаңдаған оның бойжетіп қалған қызы үшеуміз тұрып жаттық. Қызына диплом әпердім, тұрмысқа бердік, бар шығынын көтердім. Әлгі әйел сауда жасап, тыным таппайды. Ылғи тең-тең тауар тасып кеп жүргені. Керемет әп-әдемі, үш бөлмелі үйімнің ішін қолқаны жапқан, иістенген Қытай, Түркия, Пәкістанның түрлі заттарына сықап, толтырып қойды. Біреулер алып келіп жатады, қаба сақал біреулері алып кетіп жатады. Өзі үйде тұрмайды, апталап шетелге саудасына шығып кетеді. Ақырын айттым, қатты ескерттім. Үйде береке жоқ, тамақ істелмейді, кір жуылмайды. Көкейін тескен ақша, сауда. Ондай қатынның маған не керегі бар? Ақыры шыдамадым. «Қайқай, үйімді босат» деп әзер құтылдым.
    Ұстазымның қалаған тамағын алғыздым, тәбеті тым жақсы. Мен құсап ащы-тұщы жемеймін деп отырмай, жігітше бәрін қарбыта жеп отыр. Алдындағы лағманды тұтас тауысқан соң, маған қайта бұрылып, әңгімесін сабақтады.
    – Бір жылдай болып қалды қазір басым бос. Ескендір, қарағым, мен бас құрап үйленейін. Жалғыздық адамды жабырқатып, жүдетіп жібереді екен. Дүңгірлеген үш бөлмелі үйім бос тұр. «Орбитада» бір бөлмелі пәтерімді жалға беріп, ай сайын ақшасын алып тұрамын. Кассада жинаған біраз қаражатым да бар. Енді тек маған серік болатын біреу тауып бергін, қарағым…
    Ол жауап күтіп отырып қалды.
    – Ал, бұған сен не дейсің? – деп қайта сұрады.
    – Ойланайын, аға…
    – Сен көп ойланба, Ескендір. Дереу бұл іске бел шеше кіріс. Шынын айтайын, маған енді отыз бестен аспаған, бала таба алатын әйел керек. Бір баласы бар болса да мейлі.
    – Аға, жасыңыз, денсаулығыңыз?..
    – Көкейіңдегі сұрақты түсіндім. Оған қам жеме. Әкем жүзден асып дүние салған. Өзім бассейнге, фитнеске барып, қара терімді шығарамын. Әлі күнге дейін бір түйір дәрі ішкен жоқпын. Күн сайын он шақырым жаяу жүремін. Ол жағынан қорықпа.
    – Балаларыңыз не дейді?
    – Олармен ашық сөйлесіп, әңгімені пісіріп қойдым. Менің үй-жайымда олардың титтей жұмысы жоқ.
    – Апыр-ай, көке, қиын шаруа айтып отырсыз.
    – Еш қиындығы жоқ. Маған бала тауып берсе болды, үш бөлмелі үйімді соның атына жаздыртып, нотариуске бекіттіріп қоямын. Ұқтың ба? Арамызда сәби болғаннан кейін кәкүр-шүкір деп жарасып өмір сүріп кетеміз. Сен ғана бұл мәселені дұрыс шеше аласың. Ауылың Алматыға жақын, әшейін тиіп тұр. Барып іздестір. Қаланың тікбақай орысшалыс бәлелері керегі жоқ, елдің ішінен ізде. Сен табасың. Иманжүзді, жағдайы болмай жүрген келіншектер бар ғой. Осы саған аманат, – деп әңгіме бітті деп күбірлеп барып, бетін сипап, бата жасады.
    Енді күнде телефон шалатын болып алды. Сөзбұйдаға салып, ұмыттырып жіберермін деген ойым бекер болып шықты. Міне, тағы да кеңсеме келіп тұр.
    – Ескендір, қарағым, сен қашқақтама. Баяғыда бір емес, екі шаруаңды сен айтқан соң бітіріп бергенім есіңде ме?
    – Әрине, аға, оны ұмытқан жоқпын.
    Бұл профессор мені ерекше жақсы көрді. Оқу озатымын, айтқанын екі етпеймін. Төртінші курста шын аты Қуаныш болса да, Желім деп атап кеткен курстас жігіт жатып келіп жабысты. Бірінші курста сынақта Берік Бекетайұлымен әбден салғыласып, ұрысып қалыпты. Профессорға қанша рет барса да, сынағынан құлатып, ақыры «Сен түк білмейсің» деп қабылдамай қойыпты.
    Институт бітіретін уақыт жақындаған сайын Желім маған өлердей жалынды. «Осы ағайдан сынақтан өткізіп берші, құлың ғана болып өтейін», – деп соңымнан қалмады.
    Жексенбі күні такси жалдап, профессор­дың үйіне алып келді. Бұрындары талай мәрте болғанмын, қалтамда Желімнің сынақ кітапшасы.
    Есікті профессор ағайдың жары Зейнеп апай ашты.
    – О, Ескендір, төрлет! Ертең түске құдалар келмекші. Бірге күтісіп жібер. Бізде екі ұл ғой, кенжеміз келін әкеліп жатыр, – деп арқа-жарқа қуанып, бар жаңалығын айта жөнелді.
    – Аға, қайда?
    – Ол кісі анау-мынау алуға үлкен ұлмен базарға кеткен.
    – Онда мен де бірдеңелер әкелейін. Ауыл жақын, қымыз бар дегендей.
    – О-о, онда дұрыс болар еді, – деп Зейнеп апай күмілжіді.
    – Кеттім, мен қымыз әкелемін, – деп едім, апай: «Ақшасын берейік, қолдан сойып, бір қой басымен алып келе аласың ба?» – дегені.
    – Алып келемін! – дедім нықтап.
    – Е, қарағым, нұр жаусын өзіңе, – деп риза болып қала берді.
    Далада Желім тағатсыздана күтіп тұр, оған мән-жайды айттым. Такси ұстап, ауылға барайық деп едім, ол: «Көкбазарға барып, сатып аламыз. Мен төлеймін бәріне. Жүр тез», – деп қуанып кетті.
    Семіз бір қойдың етін үйітілген бас сирағы, тазартылған ішек-қарынымен сатып алдық. Шертпек толы қымызымыз бар, түс ауа профессор ағайдың үйіне әкелдік. Желім қапшықты көтеріп, менімен бірге кірді.
    Оны көргенде есік ашқан Берік Бекетайұлының түрі сұрланып:
    – Мынаны кім шақырды? – деп шаңқ ете қалды. Ар жағынан әйелі көлкілдей келіп:
    – Беке, мен ғой жұмсаған. Міне, ақшасын берейін, – деп маған пұлын ұсынды.
    Желім қайта безіп алып жоғалды.
    – Аға, мынау өзіміздің қорадағы қойдың еті. Той құтты болсын! Арнайы алып келдім. Көршіміз қымыз ашытады, ішіп көріңізші, бал татиды, – деп ашуын бастым.
    – Жүр онда, төрге отыр, – деп шайға шақырды.
    Екі кесе шай ішкен соң:
    – Ертең өзім келіп, асаба болып, тойыңызға қызмет етемін. Өзіңіз білесіз, ән де саламын, күй де тартамын. Ал, енді ағатай, апатай! Тойға әкелген жаман ініңіздің сыйы деп осыларды қабыл алыңыз. Ал мына сіздер берген пұлды той шашуы деп өздеріңізге беремін, – деп Зейнеп апайдың қайта қолына ұстаттым.
    – Әп, бәрекелді! Көп жаса, қарағым! – деп екеуі де қауқылдап қалды.
    – Аға, жаңағы жігіт курстасым ғой, өтініп қоймады, сынағыңыздан өткізіп беріңізші, – деп сынақ кітапшасын алдына қойдым.
    – Ол жүгермек мені тілдеді ғой, оған диплом жоқ. Маған салмаған адамы қалмады, – деп профессор қайта ашуына мінді.
    – Беке, мына баланың меселін қайтарма. Жақсы адам кешірімшіл болады. Ертең келін түсірейік деп отырмыз, той-қуанышымыздың алдында Ескендір ініңнің бір өтінішін орында, – деп майдан қыл суырғандай апайымыз жайлап айтқанда түнеріп отырған ұстазым:
    – Әкелші онда, – деп сынақ кітап­шасына сайбақтата қол қойып, қайырып берді.
    Желімнің қуанғанын айтпа, бір топ жолдастарымызбен сыраханада тойлатты.
    Бірде Бәдуан деген досым екеуміз аяқ астынан сорлап, айықтырғышқа түсіп қалдық. Талғар жақта тойда болып, жатақханаға қайтып келе жатқанбыз. Бәдуан буыны кеткен түйедей мас, сүйемелдеп әрең алып келемін. Милиция машинасы жанымызға тоқтай қалды да, ай-шайға қарамай, екеумізді салды да әкетті. Сонда түнеп шықтық. Ректорға «Екі студентіңіз бұзақылық жасап, милицияға түсті, шара қолданыңыз» деп, қағаз жіберіпті.
    Диплом аламыз деп жүрген шақ, есіміз шықты. Дереу деканымыз Берік Бекетаевқа барып, беттің әрін белге түйіп, бар шындықты айтып бердік. Ол кісі ашуланып, екеумізге әбден ұрысты. Бізді ертіп, ректордың қабылдау бөлмесіне алып келді.
    – Жасұлан Мейірбекұлына келіп едім, – деп еді бірден қабылдады.
    Қара жерге кіріп кетердей болып сүмірейіп отырмыз. Егер оқудан шығарып жіберсе, тірідей өлгеніміз. Диплом алып келеді деп әке-шешеміз күтіп отыр, осы жазда үйленеміз деген қалыңдығыма не деймін? Кеудем қарс айырылып, өкініш өртеп, жынданып кете жаздадым. Қасымдағы Бәдуан да шүмектеп терлеп, сүртіне береді.
    Сүт пісірімдей уақыттан соң декан ағай шықты. Артымнан жүріңдер деп ымдап қарыштап басқан күйі ләм-мим деместен деканатқа әкелді.
    Орнына отырған соң сүмірейіп тұрған екеумізге шаншыла қарап:
    – Ал, мырзалар, құтты болсын! Өмірі ескерту алып көрмеген мен қатаң сөгіс алып отырмын. Екеуіңді қорғап қалғаным үшін маған сондай ауыр шара қолданды. Әйтпесе, сендерді оқудан шығаруға бұйрық дайын тұр екен. Жалынып, жалпайып әзер бетін қайтардым. Ескендір, саған не болды, арақтан өлгенсің бе? Сені ішпейді, оқу озаты, үлгілі шәкіртім деп жүрсем…
    – Ағай, ендігәрі өмірі ішпеймін, – дедім міңгірлеп.
    – Адам боламын десеңдер, осы бәледен аулақ болыңдар! Марш, қане оқуларыңа, – дегенде сыртқа қалай атып шыққанымызды білмейміз. Ғұмыры содан кейін сол әзәзілге жоламай, қолыма стақан ұстамай кеттім ғой…
    Ал енді келіп сол ұстазым маған осындай қолқа салып отыр. Істеген жақсылығын қалай ұмытасың?
    Амал жоқ, дос-жаран, ағайын-туыс­тардан сыр тарта бастадым. Біреуі күлді, біреуі жүре тыңдады, әйтеуір іздеуді тоқтатпадым. Төрт-бес әйелді барып көріп, әңгімелесіп байқасам, менің профессор ағайымның талғамына сай болмады.
    Ақыры таптым-ау! Серіктас деген қыстақта күйеуі өліп, бір баласымен қалып отырған жесір келіншекті лайықты көрдім. Өзін Сара деп таныстырған оның ауылда үйі жоқтықтан айдалада қыстауда отыр екен, жағдайы өте нашар.
    Отыз алтыға іліккен топ-толық әп-әдемі үлпершектей сары шашты, бүйрек бет әйел қысылып, қып-қызыл болып ұяла береді. Қасымдағы жеңешем жақсы танитын көрінеді, батыра сөйлеп, ақыры келісімін алып шықтық.
    Киіндіріп, жасандырып, Алматыға алдырттым. Дәмханада үшеуміз отырып, екеуін бір-біріне таныстыра бастадым. Профессорыма бірден ұнаса керек, елпілдеп кетті.
    Уылжып піскен сары өріктей етжеңді келіншек ажарлы, бетінен қаны тамып тұр. Өзі көп сөзге жоқ, жымиып қысқа ғана жауап қайырып, төмен қарап отыр.
    – Саражан, барлық тілегіңді орын­даймын. Ермек деген екі жаста балаң бар екен, оны оқытамыз, үлпілдетіп ешкімнен кем қылмай өсіремін.
    Берік ағай бір отырып, бір тұрып, уәдені үйіп-төгіп беріп жатыр.
    – Жүріңіздер, онда үйді көрсетейін, – деп жол бастады. Он екі қабат үйдің жетінші қабатындағы үш бөлмелі пәтері сықырлап тұр. Люстра, үй жиһазы, бәрі қымбат. Ал асханасы тым жұпыны, әйел қолы тимегені байқалады.
    Қолы дірілдеңкіреген Берік ағам шәугімге су құйып, газды тұтатты. Үстел үстіне нан, анау-мынауларды қоя бастады. Сара қайнаған шәугімді алып, шай дайындауға өзі кірісті. Келіншектің жүріс-тұрысына, әдемі жымиып қана, нұрлана жауап бергеніне, толқи басып қозғалғанына тоқсанға тақаған ағамның аузы ашылып, есі кетті.
    Бізді төрге шығарып, Сара осы үйдің бәйбішесі секілді төмен шетте шай құйып, кесе ұсына бастады.
    – Айналайын Саражан, атыңды әдемі қойған екен. Міне, үй-жай осы. Осыларға өзің бас-көз, ие боласың, – деді ағайтайым.
    – Аға, некеге тұрасыздар ма? – деп мені куәге тартқан соң тікелей сұрадым.
    – Саражанның аяғы ауыр болғаннан кейін бірден ЗАГС-ке барамыз, өзің бірге боласың, Ескендір. Келісесің ғой, Саражан, ә?
    Шал қауқылдап түрегеп, қаудырлаған күздегі жапырықтай селкілдеп, келін­шектің жанына барды. Ол да орнынан лып көтерілді. Жұп-жұмыр білегінен ұстап, күздегі қызарған апорттай алаулаған екі бетінен алма-кезек сүйді. Маған тіпті ерсі көрініп, төмен қарап, шәй ішкенсідім.
    – Саражан, бәрін ойластырып қойған­мын. Туар айдың жетісінде мерейтойым, ағаң тоқсанға келеді. Дәл сол күні сені осы үйге түсіремін. Осында кең-мол дастарқан жайып, тойлаймыз. Келістік қой.
    Өрттей қызарған келіншек басын изей берді.
    – Мынаған өзіңе жақсылап киім-кешек ал. Профессор Бекетайұлының жары қандай дегенде ұялмайтындай болайын.
    – Аға, мен қайта берейін. Сізбен тағы ақылдасамыз ғой, – деп мен кетуге рұқсат сұрадым.
    – Саражанды өзім шығарып салып, таксиге отырғызып жіберемін – деп қауқылдаған қарияның қылығына таңғалып, ақырын шығып кеттім.
    Жолай ұстазымның бүгінгі қылығына қайран қалып, ойым онға бөлінді. Қаһарланса қар жаудыратын қатал деканымыздың мына мүскін хәлін көріп, адам деген қалай өзгеретініне қайран қалдым. Бір терінің астында тірі пенде жүз толып, жүз рет азады деген осы-ау. Баяғы тәкаппарлықтың бірі де жоқ, басқа бөтен жан. Тоқсанға келгенде шүкіршілік етіп отырудың орнына, осынау былқылдаған керім келіншекті аламын деп епелек қағып, жас жігіттей өліп-өшіп барады.
    Кеңсеге келіп кірсем, телефоным шырылдап маза бермей тұр. Көтерсем, ұстазым:
    – Ескендір, айналайын, сен жарадың! Сенімімді ақтадың. Әзірше ешкімге тіс жарып айтпай-ақ қой. Саражанды шығарып салып келдім. Ибалы, дұрыс бала көрінеді, – деп арқа-жарқа мәз.
    Берік аға күнде телефон соғады. Базар аралап, жап-жаңа костюм-шалбар алғанын, кімдерді тойына шақыратынын, дастарқанға қандай тамақ, арақ-шарап қоятынына дейін тәптіштеп баяндайды. Өзі бөлек дәптер алып, тізімдеп жазып, қанша шығын кететініне дейін есептеп қойыпты.
    Арасында Сарамен телефонмен сөйлескенін жыр қылады. «Піскен өріктей уылжып, үзіліп тұр ғой. Сызылып шай құйғаны, ұялып назарын төмен салғаны қандай десеңші! Әй, бір нұржауған жан екен, айналайын!»…
    Адамның жаны қиналғанда құзар жартастан секіруден тайынбайды. Сараны да қу жоқшылық дедектеп айдап әкеліп, қақпанға түсіріп отыр. Барар жер, басар тауы қалмаған соң, амал жоқ, осы жағдайға көнуге мәжбүр.
    Ағам міне, таң атпай жұмысыма тағы келді. Күлімсіреп, риза пішінмен тойға әзірлік қамын тізбектеп айтып шықты. Қолында баяғы ескі сөмке, одан сорайып мені көрдіңдер ме дегендей қайың сыпыртқышы шошаяды.
    – Моншаға бара жатырмын. Азанда адам аз, іші тап-таза. Сен оған бармайды екенсің, ә? Жап-жас болып жүрегің неге ауырады? Осы жасқа келгенше еһе деп жөтеліп көрген жоқпын, ауырдым деп бір күн төсекке жатып қалған емеспін. Бүгін жақсылап буланып, ащы терімді әбден шығарып алайын. Ертең енді той, сағат бірден қалмай келін екеуің үйге келіңдер, көл-көсір дастарқан жаямын. Арнайы аспаз, даяшылар шақырдым, бәрін өздері дайындайды. Саражан да үкідей болып күтіп жүр ғой. Өзімен бірге келетін жеңгесі мен бір-екі жақынына да киіттерін алып қойдым. Ал Саражанға саусағына сақина, құлағына бриллиант сырға тағамын. Міне, ағаң сондай, өзіңді де риза қыламын!
    Кешке жұмыстан кейін біздің үйге соқ. Ағаңның әзірлегенін өз көзіңмен көргенің жөн. Ертең тойды өзің басқарасың. Егер жетпей жатқан жері болса, қысылмай айт, бәрін алдыртамын…
    Ағам қутың қағып, нұрлана күлім­дейді. Иә, жас келіншектің буы алып барады-ау, шіркін?!
    –Ұмытпа, кешке күтемін, – деп шығып бара жатып, бұрылып тұрып тағы ескертті.
    Кешқұрым үйіне бардым, есігі тарс жабық. Ол кісі өте кінәмшіл, қатаң талап­шыл, ешуақытта кешіккенді кешірмейтін жан. Іле үш аспаз қыз-келіншек келіп, олар да есік алдында тосып қалды. Не істерімізді білмей, дал болып тұрғанымызда бір ұзын бойлы жігіт ағасы келіп:
    – Ескендір, бұл сенсің бе? Әкемізден айырылып қалдық қой. Моншада жүрегі тоқтап қалыпты, – дегенде төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. – Мен Тоқтармын ғой. Баяғыда менің үйлену тойымды өзің басқардың емес пе?!
    – Апыр-ай, ә?! Қайран ұстазым! – деп баласымен көрістім.
    – Әкем жұма сайын осы моншаға таңертеңгісін баруды өмір бойы әдет қылып алған. Бүгін әлденеге дегбірім кетіп, әдейілеп іздеп барсам, жедел жәрдемге салып жатыр екен. Көкпеңбек болып кетіпті, қолымды қыса береді, сөйлей алмайды, көзінен ағыл-тегіл жас ақты. Ол кісінің өмірі қамығып, өксігенін көрген емеспін. Өте қатал, дәті берік кісі еді. Сол жедел жәрдемге салып жатқанда тіл қата алмай, көз алдымда кемсеңдеп жылаған күйі жүріп-ақ кеткені. Ертең туған күні – тоқсанға келетін еді. Міне, қалтасынан кілтін алып келіп тұрғаным…
    Аспазшылар ақырын жылыстап кетіп қалды. Біз есікті ашып ішке кірдік.
    – Папам ертеңге дастарқан дайындап қойыпты ғой, – деді Тоқтар таңдайын қағып.
    – Сізді елші, шетелде деп естіген едім.
    – Иә, бұрын болғанмын, қазір осы қалада консулдықта істеймін. Ескендір, сенен несін жасырайын, әкемізбен араласпай кеттік қой. Қарт адам сәбиден арман өкпешіл, кінәмшіл болады екен. Оның үстіне бұл кісінің мінезі өте қыңыр, бір қисайса, қасқырдың мойны сияқты қайта бері қарауы қиын. Інім – Астанада, ұшып келеді. Екеуміздің де үй-жайымыз бар, жағдайымыз жақсы. Анам кеткелі жиырма жылдан асты. Шешейдің асын бермей жатып, «әйел, әйел» деп шатақ шығарды. Жетпіске келдіңіз, біреуміздің үйімізде тұрыңыз деп інім екеуміз қанша айтсақ та көнбей, үйленіп тынды. Өркөкірек, тік мінез шалға кім шыдасын? Төрт рет үйленді. Біреуін де шыдатпай қуып шықты. Бізді, тіпті немерелерін де жолатпайтын кісікиік болып алды, әлде алжыды ма? «Мына менің үш бөлмелі үйімді сыртымнан сатып жіберейін деп жүрсіңдер, өңкей сұмырайлар» дегенін де естідік. Қайтеміз енді, әке өзіміздікі. Өз қолымызды өзіміз кесе алмаймыз.
    Екеуміз отырып шай іштік, ол әкесі сияқты толқынды бұйра шашын сілкіп қойып, біраз жан сырын жайып салды.
    Тоқтардың әйелі бала-шағасымен келіп жылап, улап-шулап жатқанда тұңғышы «Асыл әкем-ау» деп аңырай боздап кірді. Оларға басу айтып, ақырын шығып кеттім. Әкелерінің тағы да үйленгелі жүргені жайлы тіс жармадым.
    Ертеңіне келсем, көпқабатты үйдің алдына палатка құрғызып қойыпты. Жас молда жиналғандарға бірқалыпты мақаммен уағыз айтуда.
    Бұл өмір – өткінші. Бәрін бұ дүниеде сұрамайды, жақсылығы мен жамандығы о дүниеде таразы басына салынады…
    Жағалай бәріне амандасып келе жатып, анадай жердегі ағаш астында тұрған қызыл көйлекті Сараға көзім түсіп кетті. Жанына бара бергенімде қып-қызыл қызғалдақтай жаңа көйлек киген, басына ақ шаршы орамал тартқан келіншек жылап көрісті. Тамағымда кептеліп қара тас тұрғандай сөйлей алмадым.
    – Аға, өмірі менің жолым болмайды. Балалар үйінде өстім, әке-шешем кім екенін білмеймін. Сол жерде менімен бір сыныпта оқыған жігітке тұрмысқа шықтым. Ол шофер еді, машинасы аударылып, тіл тартпай кетті. Жанында отырған мен дін аман, екі айдан кейін босанып, ұл таптым. Өзім қу жетімдіктің, жоқшылықтың зарын әбден көрдім. Енді осы жалғыз тал ұлымның жолы ашылса екен, жан балам қиындық көрмей өссе екен деген оймен сіз айтқан жайға амалсыз көніп едім, – деді жан сырын ақтара.
    Мен қара жерге қазықша қағылып, кірерге тесік таппадым. Мына келіншек­тің зарлана торығып айтқандары жандүниемді төңкеріп, астаң-кестеңін шығарды.
    – Бұл әлемде бірде-бір туған-туыс­қаным жоқ. Әкем кім, шешем қайда, білмеймін. Тек түсімде ғана көріп жүремін. Күйеуім атын Мирас деп қойған ұлым ғана бар. Сынып кетпей жүргенім – соның арқасы. Қалада үйлі болатын болдық, енді шырағым қорлық көрмей өседі-ау деп үміттеніп едім. Енді қайда барамын, не істеймін?..
    Зар-запыран, қалың шерін күңірене айтқанда, тұла бойым түршігіп, жүрегім кеудемді жарып жіберердей атой салып, дүңкілдеді.
    – Аға, қош болыңыз, – деп тарыққан ол қос алақанымен бетін баса өксігіне тығылып, екі иығы селкілдеп, жылап кетіп бара жатты.
    Бірауыз жұбату сөз айта алмаған күйі тас мүсіндей қалшиып тұрдым да қалдым.
    Анадай жерде жиылған жұрт бүгін тоқсанға келетін Берік Бекетаевтың сүйегін үйінен шығарып жатты.

    Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
    жазушы

    Соңғы жаңалықтар

    Тазалық – әр азаматтың міндеті
    18.04.2026
    Іле ауданында «Таза Қазақстан» акциясына тұрғындар мен кәсіпорындар жұмылдырылды
    18.04.2026
    Маңызды мәдени нысанның маңы тазартылды 
    18.04.2026
    Алатау қаласында “Таза Қазақстан” акциясы аясында сенбілік өтті
    18.04.2026
    Ұзақ батырдың шоқпары
    18.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>