Талғар қаласындағы Қонаев колледжінде «Заң және тәртіп» жобасы аясында тағылымды шара ұйымдастырылды. Арнайы оқу орнының студенттері қатысқан жиын жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Маңызды шараға Қонаев университетінің негізін қалаушы әрі оның президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалайыри, университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, доцент Жазира Өмірәлі, осы жоғары оқу орнының тәрбие жұмысы және әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, PhD, доцент Талғат Дүйсебаев, сондай-ақ Талғар аудандық прокуратурасының аға прокуроры Рашид Шотбаев, аудандық полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының бастығы Салтанат Жанботаева қатысып, жастар алдында қоғамда заң мен тәртіпті сақтаудың маңыздылығы жөнінде кең түрде әңгімелеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Колледжде өткен шарада жиынның күн тәртібіне сәйкес бірқатар өзекті тақырып қозғалды. Атап айтқанда, Қонаев университеті мен колледжінің оқытушылары – Ғалымжан Тоғызбаев «Лудомания – құмар ойындарға тәуелділік», Омарбек Ақымбек «Зорлық-зомбылық және аддиктивті мінез-құлық» мәселелеріне тоқталды. Ал Серікқазы Әбдірахманов вандализм тақырыбын мейлінше ашып, оның алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ Еңлік Бірімқұл «Девианттық мінез-құлық пен буллинг», Салиман Боранбаева «Колледждік дезадаптация» тақырыптары жайында баяндады. Ал Дарын Әшімбаев қоғамда, әсіресе, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында қатысушылар студенттер мен оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тәжірибеде көп кездескен жағдайлар негізінде нақты да ұғынықты жауаптар қайтарды. Ашық диалог алаңы ретінде өткен тағылымды шара жастардың құқықтық мәселелерге деген қызығушылығын арттырып, олардың жоғары белсенділігін көрсетті.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің жастар тәрбиесінде, құқықтық сананы қалыптастыруда және қоғамдағы тәртіпті нығайтуда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Қатысушылар құқықтық мемлекет құру жолында әр азаматтың жауапкершілігі жоғары екенін жеткізіп, заң мен тәртіпті сақтау – баршаға ортақ міндет екенін қадап айтты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы



