Перейти к содержимому

Ақын даңқы асқақтады

Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің 90 жасқа толған мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары қатысты.

Алматы қаласы әкімінің орын­басары Абзал Нүкенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Онда Олжас Омарұлының қазақ поэзиясына тың серпін әкелгені, әдебиеттің көкжиегін кеңейткені, бірегей талант иесі екені аталған. Сонымен қатар ақынның бастамасымен құрылған «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының адамзат тарихындағы зор маңызына, ядролық полигонның жабылуына қосқан өлшеусіз үлесіне баға берілген.
Кеш барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері, замандастары Олжас Сүлейменовтің ел руханияты мен қоғам дамуына сіңірген еңбегіне ерекше тоқталып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ақынның азаматтық ұстанымы, ұлттық мүдде жолындағы қайсарлығы, әлемдік деңгейдегі беделі кеңінен әңгімеленді.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, сахна төрінде қазақ өнерінің саңлақтары әуелеген ән, күмбірлеген күймен көрерменнің көңілін тербеді. Бұл мерейтой қазақ руханиятының мерейін асырған күн ретінде жиналған көпшілікті әдемі әсерге бөледі.
Ерекше атап өтер жайт – ақынның «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы 1961 жылы ғарышқа тұңғыш сапар шеккен ­Юрий Гагариннің ерлігіне арналған. Осы арқылы ақын даңқы бүкіл әлемге тарады. Ал 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» еңбегі әдебиет пен ғылым кеңістігіндегі айтулы құбылыс болды. Олжас Сүлейменов тек сөз өнерінің шебері ғана емес, ел тағдырына бейжай қарамай­тын қайраткер ретінде де тарихта қалды. Ол – Семей полигонындағы сынақтардың тоқтатылуына зор ықпал еткен бірегей тұлға.

Мақтаныш!

Ғасырдан астам тарихы бар Алматы облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінде ұлы тұлғалардың қолтаңбасы қалған. Солардың қатарында көрнекті ақын Олжас Сүлейменов те бар. Тарлан талантты тәрбиелеп өсірген, қырандай түлетіп, қанаттандырған әкесі Әбдуәли Қарағұлов Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы болғанын да айта кету керек. Ақын өлеңдері екі газетте де үзбей басылып тұрды.
Осы ерекшеліктерді ескере отырып, облыстың бас медиа құрылымы – «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев ақынның шаңырағына арнайы барып, Алматы облысы әкімдігі және редакция ұжымы атынан айтулы тұлғаны мерейтойымен құттықтады.

Дайындаған – Болат Мәжит