☀️
17°C
Қонаев
Сенбі, Мамыр 16, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Ауылды көркейту арманы еді

    16.05.2026
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Ауылды көркейту арманы еді
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

    Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің туғанына 75 жыл толды. Даңқты спортшының өмірі өнегеге толы, табандылығы, намысқойлығы, ұлтжандылығы жастарға үлгі болды. Спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін ғибратты ғұмыр кешті. Жамбыл облысының Байзақ ауданы Тегістік ауылында дүниеге келген оның өмірінің соңғы кезеңі Алматы облысымен тығыз байланыста өтті.

    Жақсылық Үшкемпіров – грек-рим күресінде ұлтының қолын «алтынға» жеткізіп, мәртебесін теңіздей тасытқан, 1980 жылғы Олимпиадада олжа салған тұңғыш қазақ. Ол 1975 жылы КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында чемпион атанды. Екі дүркін КСРО чемпионатында топ жарды, алты рет жүлдегер болды. Бүкілодақтық, ауыл спортшылары біріншілігінің алтын тұғырына түтінін үзбестен қатарынан тоғыз жыл табан тіреді. Яғни, тоғыз дүркін чемпион! Қазақстан чемпионатын әлденеше рет жеңіп алды. Сондай-ақ 1981 жылы әлем чемпионы атағын қанжығасына байлап, 1982 жылы әлем кубогының иегері атанды.
    Қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келген ол бір естелігінде өзі: «Мен өмірге келгенде халықтың тұрмысы ауыр болыпты. Ауылда анамның дүкені болған екен. Бір күні дүкенге Сарымалтай деген ақсақал келіп, сабын сұрапты. Ол аузы дуалы, ел сыйлайтын беделді кісі екен. Сабынды беріп жатқанда, анамды толғақ қысады. Сөйтіп, мен дүниеге келіппін. Ақсақал мұны жақсы ырымға балап: «Өмірге жақсылық келді!» – депті. Осылайша, атымды Жақсылық қойыпты», – деген.
    Бала Жақсылық мектепте жақсы оқыпты. 1968 жылы Семей қаласының малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Сол оқу орнының күрес үйірмесіне жазылады. Еркін күреспен жарты жылдай айналысқан соң республика чемпионы атанады. Одан кейін классикалық күреспен шұғылданып, 1970 жыл­дары республикалық жарыста жеңіске жетеді. Сол кезден бастап Олимпиада чемпионы болуды армандайды. Аталған институттың соңғы курсында оқып жүргенде бірінші курста оқитын Күлпан есімді қызбен танысады. Болашақ жарын Семейден Таразға алып қашып, екеуі отау құрады. 1977 жылы олардың тұңғышы Жандос, одан кейін ортаншы ұлы Елдос дүниеге келеді. Ал Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы атанғанда кенже баласы Жеңіс өмірге келеді.
    Жақсылық Әмірәліұлы 1974-1984 жылдары Қазақ КСР Спорт комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарады. 1984 жылы Красноярск қаласында жалауын көтерген КСРО кубогында 33 жасында спорттағы мансабын аяқтайды. 1984-1993 жылдары спорт мектебінің директоры, 1993 жылдан «Жақсылық» спорт клубының директоры болып қызмет атқарған. Кәсіпкер ретінде Тәуелсіз Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосты.
    Есімі елге әйгілі спортшы Жамбыл ауданында айшықты із қалдырды. Бес мыңдай тұрғыны бар Мыңбаев ауылын өркендетуге үлкен үлес қосты. Осы елдімекенде Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенін салды. Ондағы күрес, бокс залдарында балғын спортшылар жаттығып, шеберліктерін шыңдайды. Кешенде сонымен қатар ауыр атлетика мен фитнес, волейбол залдары бар. Грек-рим күресі, еркін күрес, қазақ күресі, самбо, дзюдо, футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, бокс секцияларында 100 шақты жасөспірім спортпен шұғылданады. Спорт сарайын­да даңқты спортшының айтулы додаларда жеткен жетістіктері мен жеке өмірі­нен сыр шертетін көрнекі ақпараттар қойылған. Ауыл балаларының спортқа жақындығына мыңбаевтықтар риза.
    Жақсылық Әмірәліұлы осы өңірден ауыл шаруашылығы мақсатында мыңдаған гектар жер алып, «Жақсылық» шаруа қожалығының жұмысын табысты ұйымдастырды. Үйір-үйір жылқы өргізіп, атакәсіпті асқақтатты. Ірі қара бордақылайтын алаң салып, ет өндірісіне елеулі үлес қосты. Оның кәсіпкерлік қызметтен халыққа көптеген игіліктер жасағанын жалпақ жұрт жақсы біледі.
    Мыңбаев ауылынан «Жақсылық» бала­бақша­сын ашты. Мектепке дейін­гі тәрбие мекемесінің тапшылығы кезінде бұл дер уақытында іске асқан жоба болды. Мемлекеттік-жеке­меншік әріптестікті дамыту мақса­тында Жақсылық Үшкемпіров­тің демеушілігімен алғашқылардың бірі болып іске қосылған балабақша осы еді. Ғимараты жеке қаражаты есебінен жөнделіп, жабдықталып, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына енгізілді. Мұнда 20-дан астам адам жұмысқа тартылған, төрт топта жүз бала тәрбие­ленеді.
    Осы ауылдағы жатақхана да Жақсылық Үшкемпіровтің тікелей жүзеге асыруымен болған жақсылық­тың бірі және ауылдық жерде кездесе бермейтін бірегейі. Заман талабына сай жабдықталған жатақхананы халық­тың игілігіне ұсынуы – елін сүйген азаматтың көптің қамын ойлаған тағы бір жақсы ісі. Бұрынғы бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, аршыған жұмыртқадай әдемі етіп әрлеп, тұрғындардың игілігіне ұсынғанына мыңбаевтықтар дән риза болған еді. Сыртқы келбеті ауылға көрік беріп, іші адамның жайлы тұруы үшін барынша қолайлы етіп жабдықталып, ыстық, суық су тартылып, кәріз жүйесі орнатылған. Табиғи газбен жылытылатын 38 пәтерлі баспананың маңдайшасында «Жақсылық» тұрғын үй кешені» деп жазылған. Мұндағы екі бөлмелі – 11, бір бөлмелі 27 пәтерге 100-ден астам тұрғын қоныстанды. Аумағында автокөлік тұрағы, балалардың ойын алаңы бар. Шаруа қожалығының иесі осылайша «Қолжетімді баспана» бағдарламасына да кезінде қомақты үлесін қосқан еді.
    Егер Мыңбаев ауылына бара қалсаңыз, оның қолтаңбасы сайрап жатқанына өзіңіз де куә болар едіңіз. Үлкен жолдан жырақтағы елдімекеннің көркеюіне көп үлес қосқан асыл азамат Жақсылық Үшкемпіровтің сіңірген еңбегі расында ерен. Белгілі кәсіпкер облыстық мәслихаттың депутаты болған жылдарда халық қалаулысы ретінде де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлесін қосқаны анық.
    Елдің бұрынғы Президенті оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсыру сәтінде қолын қысып тұрып, меценаттық жұмыстарын атап өткені елдің есінде. Артынша тілшілер атымтай жомарттығы жөнінде жазып жатты. «Ауылды көркейту – арманым», – деп еді ол сонда отандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Еңбегі Елорда төрінде еленіп, құрмет көрсетілгенде ол асып-тасыған жоқ. «Мұндай құрметке қазақтың жігіттері көптеп ие болса екен деймін. Кезінде спорттың шыңына шығып, осы салада жинақтаған бай тәжірибемді кейінгілерге үйреттім. Одан кейін кәсіпкерлікке бет бұрғаныма да ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Өйткені ауылда өскендіктен, барша қазақ баласы сияқты атакәсіп менің де жаныма етене жақын. Оның үстіне ветеринарлық дипломым бар маман емеспін бе?!» – деген болатын.
    Ол мал шаруашылығымен 1995 жылдан бастап айналысқан. Осы салада кәсібін кеңейту үшін 2007 жылы Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылына келгенінде, тоз-тозы шыққанын көріп, көңілі құлазиды. Бір кезде атағы дүркіреп тұрған ауылдың жолы бүлінген, инфрақұрылымы ақсап жатты. Сонда оған осы елдімекенді көркейтуге үлес қоссам деген ой келеді. Бір істі қолға алса, соны жеріне жеткізбейінше тынбайтын әдетімен дегеніне жетіп, ауылда жан жадыратар шаруаларды сәтімен атқарды. Табандылықпен іске кірісіп, жеке кәсібінен тапқан табысын ауылдың дамуына жұмсаудан еш тартынбады. Тозығы жетіп, қаңырап бос тұрған ғимараттарды бірінен кейін бірін жыл аралатып жаңартып, кезегімен іске қосып жатты. Сөйтіп жаңадан жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғын­дар екі қолға бір күрек тапты. Ауыл маңындағы шаруашылығын дамытумен қатар, әлеуметтік нысандарды қыруар қаржыға күрделі жөндеуден өткізіп, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жұмысын тиісті деңгейде жолға қойды. Мұның барлығының артында еселі еңбек, қомақты қаржы, қымбат уақыт жатыр. Осылайша ауылда спорт кешені, балабақша, қолжетімді көппәтерлі тұрғын үй ашылып, тұрғындар көгілдір отынның игілігіне де қол жеткізген еді.
    Сол нысандардың ашылу салтана­тына газет тілшісі ретінде қатысып, өзімен бірнеше рет жүздескенбіз. «Молшылыққа қол жеткізген әрбір азамат айналасындағы адамдарға, ауылдастарына көмектесуге міндетті. Тәуелсіз ел атанғалы қаншама адам істің көзін тауып байыды. Солардың ішінде ақшасын осы елдің игілігіне жұмсаудың орнына миллиондап сыртқа жөнелткендері қаншама. Оны шетел асырғанша, өз Отанының қажетіне жаратса игі еді. Қалталылардың көбі ақшамды біліп қоймаса, маған ешкім тиіспесе екен деп ойлайды. Ол түбірімен қате пиғыл. Қазақ: «Барымен базар», – деген. Олардың табысқа кенелуі сондай мүмкіндікті берген мемлекетіміздің арқасы емес пе? Ендеше, қаржы да осы елдің игілігіне жұмыс істесін. Қазіргі менің Мыңбаев ауылындағы тірлігімнің барлығын келешек ұрпақ үшін жасадым деп есептеймін. Елдің қамы үшін сондай шаруаларды менен басқалар да істесе екен деймін», – деген еді сондай күндердің бірінде.
    Бұл тұрғыдағы тілегін Жақсылық Үшкемпіров Ақордадағы кездесуде арнайы марапат тапсырған Президент­ке айтқан еді. Ол: «Қазақстанда көп болса, бес мыңнан аса ғана ауыл бар шығар. Сол бес мың ауылды өз қамқорлығына алатын бес мың қазақтың жігіті табылмайды деймісіз? Табылады! Әрқайсымыз бір-бір ауылды қолға алып, көтеріп жіберсек, ұрпақ үшін одан асқан қандай бақыт болуы мүмкін?! Менің басты бір арманым – осы. Отанын, туған жерін сүюді, өз елінің патриоты болуды біз осындай нақты істермен көрсете білсек, қанекей! Бұл жастарға үлгі болар еді. Маған қарап, менің артымнан жастар ерсе екен деймін. Қаржыны осындай игілікті іске салып, ауылды түлетуге атсалысу неткен ғанибет! Ауылдың жағдайы жақсарса, жас мамандар да көптеп келетіні анық. Туған жерге ту тігуді біз осылай түсінуіміз керек», – деген болатын.
    Атымтай жомарттығы асып-тасығаннан емес, қазақ деген ұлы халықтың бір перзенті болғандығынан деп білеміз. Әйтпесе ол да ауылдан шыққан қарапайым бір қазақ баласы еді. Елге қызмет етуді өзіне парыз санады. Жетістікке жетсе, ол – еңбек­қорлықтың жемісі. «1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы болғанымда, сол кездегі бір «Жигули» көлігінің құнына да жетпейтін бес мың рубль ғана алғанмын. Ал қазіргі чемпиондарға жүздеген мың доллар береді, оған қоса «Джип», пәтер сыйлайды. Қазір заманымыз жақсы, еліміздің еңсесі биіктеп, Ұлы дала елі түрленіп, түлеп келеді. Соның қадірін түсініп, барымызды бағалай білуіміз керек», – деген еді халқының аяулысы.
    Жақсылық ағаның соңында осындай өнеге қалды.

    Серік САТЫБАЛДИЕВ

    Жамбыл ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    Ел құрметтеген ел ағасы
    16.05.2026
    Тұлғаларға тағзым
    16.05.2026
    ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ
    16.05.2026
    Өркениет бастауы
    16.05.2026
    Ән қанатында
    16.05.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>