Алатау қаласының Даулет шағынауданының жұртшылығын жайдарман жаңалық қуантты. Тұрғындардың көптен күткен арманы орындалып, жылдар бойы көмір мен отынның машақатын көрген жандардың үйлеріне табиғи газ беріліп, ел өміріндегі ең өзекті мәселелердің бірі оң шешімін тапты. Көгілдір отынның салтанатты түрде берілуі шағынауданның орталық көшесінде өтіп, бұл тарихи сәтке тұрғындар, қала әкімдігінің өкілдері және газ саласының мамандары куә болды.
Алғашқы құттықтау сөз алған Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов шаһардың 12 шағынауданнан тұратынын, әрбір тұрғын алапты заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету әкімдік жұмысының негізгі басымдығы екенін атап өтті. Оның сөзінше, Даулетке газ берілуімен қалада газдандырылмаған бір ғана тұрғын массив қалып отыр.
— Бұл аумақ бойынша да жұмыс кестесі дайын. Газ желілерінің құрылысы жуық арада басталып, жоба 2027 жылдың басында толық аяқталады, – деді қала басшысы. Келесі сөз кезегін алған облыстық энергетика және су шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асыл Мұқанәлі жобаның жүзеге асуына байланысты нақты деректерді жеткізді. Оның айтуынша, үш мыңға жуық тұрғыны бар Даулет шағынауданы толықтай табиғи газбен қамтылған. Осы мақсатта құрылысшылар шамамен 70 шақырымға жуық газ желісін тартып, ел игілігі үшін ауқымды жұмысты абыроймен аяқтаған.
Сала маманының сөзінше өңірдегі газдандыру қарқыны да көңіл қуантады. — Бүгінде өңіріміздегі 373 елдімекеннің 169-ына көгілдір отын жеткен. Бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңімен жалғасып, 2030 жылға дейін облысты толық газдандыру міндеті алға қойылып отыр, — деді басқарма өкілі. Келесі кезекте сөз алған “QazaqGaz Aimaq”Жетісу өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев бұл қуанышты күн өңір басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен оператор компанияның жүйелі жұмысының нәтижесі екенін айтты.
— Отан қорғаушылар күні қарсаңында іске асқан бұл игілік тұрғындарға жасалған ерекше тарту болды. Ең бастысы – халықтың тұрмыс сапасы артып, күнделікті тіршілігі жеңілдей түседі, – деді.
Шараның шырайын кіргізген ең әсерлі көрініс – газды тұтандыру рәсімі еді. Даулет шағынауданының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амантұрды Шағатайұлы ақсақал арнайы әзірленген пештің көзіне шырпы тигізіп, көңіл шаттандырған көк жалынды маздатты. Жұртшылықтың жүзінен қуаныш пен үміттің лебі анық сезілді. Бұл сәт бір ғана оттың жануы емес, мыңдаған тұрғынның тұрмысындағы жаңа дәуірдің басталғанын анық сездірді.
Салтанатты рәсімнен кейін көпшілік ауыл бойынша алғашқылардың бірі болып үйіне газ қосылған 90 жастағы тыл ардагерінің шаңырағына атбасын бұрып, үй иелерін игілікті істің жемісімен құттықтап, ақ тілегін жаудырды.
Құралбек СӘБИТОВ
Алатау қаласы




