Перейти к содержимому
Главная страница » «Достық үйінің» іргетасы қаланды

«Достық үйінің» іргетасы қаланды

Қонаев қаласында Алматы облыстық «Достық үйі» ғимаратының құрылысы басталды. Өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған маңызды жобаны жергілікті ірі кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Шара барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен бірге ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды.

Қазіргі таңда өңірде 105 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Облыста тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік жобаны қолға алып, өзара татулық пен сенімді арттыруға қызмет етуде. Сондықтан бой көтергелі отырған «Достық үйі» аталған құрылымдардың басын біріктіретін маңызды орталыққа айналмақ. Мұнда олардың нәтижелі жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып, жастар бастамаларын қолдауға, пікір алмасуға, мәдени және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи орта қалыптасады.

Аймақ басшысы өз сөзінде «Достық үйі» құрылысының басталуы облыс үшін тарихи маңызы зор, айтулы оқиға екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылы өткен ХХХІV сессиясында көпэтносты Алматы облысында «Достық үйін» салу қажеттігі жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бүгін сол маңызды тапсырманың жүзеге асуына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлік пен өндірістің өркендеуіне мол мүмкіндіктер ашылды. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысына 3,7 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 930,3 млрд теңге болатын 120 жоба пайдалануға беріліп, оның аясында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңір экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан кәсіпкерлеріміз бүгін «Достық үйін» өз қаражаттары есебінен салуға қолдау білдіру арқылы ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отыр. Бұл шаңырақ ел бірлігі мен татулықтың ордасына айналады деп сенемін» – деді Марат Елеусізұлы. «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша төрағасы Вера Плетнева жаңа ғимарат жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. «Бүгін бәріміз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстан 100-ден астам этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктіріп, шынайы достықтың жаршысы болып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтылмаған. Біздің басты мақсатымыз – татулықты ту етіп, еліміздің дамуына үлес қосу. Ал Алматы облысында «Достық үйінің» бой көтеруі біздің жұмысымызға серпін беріп, жаңа белестерді бағындыруға септігін тигізеді. Әсіресе Ассамблея жастарына үлкен үміт пен жігер сыйлайды, – деген ол облыс әкімдігі мен жобаға ұйытқы болған кәсіпкерлерге алғысын айтты Нысан 2 қабатты, 1 блоктан тұрады. Жоба бойынша этно-мәдени орталықтар мен бірлестіктер кабинеттері, 56 орынды конференц-зал, 300 орынды мәжіліс залы салынады. Сондай-ақ ғимарат алдына биіктігі 92 метр болатын Ту тұғыр орнатылады. Нысан құрылысы үш ай бойы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.