Перейти к содержимому

ЕРЛІК РУХЫ ӨШПЕЙДІ

Елімізде 2020 жылы қабылданған «Ардагерлер туралы» Заңға сәйкес 1992- 2001 жылдар аралығында ТМД шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдер аясында Тәжік-Ауған шекарасын қорғауға қатысқандар басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері болып танылды.

Кеңес одағы тарағаннан кейін тәуелсіз­дігін жариялаған Тәжікстанда азамат соғысы болды. Мұның салдары Тәжік-Ауған шекарасы арқылы есірткі мен қару-жарақтың емін-еркін кіруіне жол ашты. Бұл қақтығыс азаттыққа қол жеткізіп, енді еңсе тіктеп, шекарасын шегендемекші болып жатқан бұрынғы Кеңес одағында болған көршілес мемлекеттерге қауіп бұлтын төндіргені анық. Сондықтан ТМД елдерінің басшылары Тәжік-Ауған шекарасын қорғау жөнінде келісімге келген. Соған орай Тәжікстанға 1992 жылдың күзінде 300 әскери-десантшыдан тұратын Қапшағайдағы 35-жеке гвардиялық әуе-десанттық бригадасының бір батальоны жіберілді. 1993 жылдың көктемінен бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 15 сәуірдегі қаулысы және Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1993 жылғы 30 сәуірдегі №335 қаулысы негізінде жеке жиынтық атқыштар батальоны құрылды. Қазақстандық әскери қызметшілердің Тәжікстандағы жауынгерлік міндеті Хорог қаласын­дағы, кейіннен Қалаи-Хумб елді­мекеніндегі Ресей Федерациясының шекаралық бөлімшелерінің блок-бекеттері мен заставаларын күшейту болды.
Егер содырлар Тәжікстан билігін қолына алса, келесі кезекте Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алуға ұмтылатынын ешкім теріске шығара қоймас. Тәжікстанның ғана емес, біздің еліміздің де Тәуелсіздігіне қауіп төндірген 9 жылға созылған қарулы қақтығыста шекара шебін қорғап, ұрыс-қимылдарына қатысқан 10 мыңнан аса жерлесіміздің 2 мыңнан астамы жарақаттанып, 46-сы ерлікпен қаза тапты. Олар мемлекеті­міздің қауіпсіздігін сақтау жолында жанын пида етті. Сондықтан отандас­тарымыздың ерлігін ұлықтап, рухына тағзым ету – баршамыздың парызымыз.
Биыл қазақстандық әскерлердің Тәжік-Ауған шекарасынан шығарыл­ғанына 25 жыл толып отыр. Мемлекет тарапынан ардагерлерге жәрдемақы, жылына бір мәрте сыйақы мен шипажайға жолдама беріледі. Сондай-ақ әскери госпитальдарда ем-дом қабылдауға шектеу жоқ.
Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдары мен әскери қақтығыс қатысушы­лары және ардагерлер одағының облыстық филиалы Алматы өңіріндегі әскери-патриоттық шараларға барынша атсалысады. Аталған филиал облыс орталығындағы Д.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебі және Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия ұжымымен меморандумға отырған. Соның шеңберінде білім ордасындағы «Жас сарбаз» сыныптарын әскери формамен қамтамасыз етіп, жаттығулар, әскери бөлімдерге саяхат пен ерлік сабақтарын өткізуге көмек көрсетеді. Ұйым мүшелері ардагерлер және аналар кеңесімен бірге мектептер мен «Балдәурен» лагерінде болып, өскелең ұрпаққа патриотизмді насихаттайды. Әскери бөлімдерде сарбаз­дармен кездесу өткізеді. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өтетін акцияларға қатысады. ҚР Десанттық шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары – басқарма бастығы, полковник Раджан Жанысов және 35-гвардиялық десанттық шабуылдау әскерлерінің командирі, гвардия полковнигі Бейбіт Аманқалиевпен бірлесіп, 32363 әскери бөлімінде мұражай аштық.Филиалдың Қарасай ауданы бойынша төрағасы Пердебай Қаныбеков, Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Ержан Құрманиязов және белсенді мүшелері Қалдан Бөрібаев, Азиз Сайфуллаев, Нұрхан Абуов және тағы басқа ардагерлердің ақы төленбейтін қоғамдық қызметті белсенді атқарып жүргенін атап өткен жөн.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні әрбір азаматқа азаматтық борышын еске салып, елге деген сүйіспеншілікті арттыра түсетіні сөзсіз. Ер-азаматтарды меркемен құттықтай отырып, елімізде соғыс өрті ешқашан тұтанбай, мәңгілік бейбітшілік, татулық пен ынтымақ орнап, жас ұрпақтың соғыс көрмей өсуіне тілектестігімді білдіремін.

Серік СӘРСЕМБАЕВ,
Тәжік-Ауған шекарасындағы
ұрыс қимылдары мен әскери қақтығыс қатысушылары және ардагерлер одағы облыстық филиалының төрағасы