Балқаш ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өңір кәсіпкерлерімен кеңейтілген кездесу өтті. Басқосу басталмастан бұрын жиналған қауым «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрмені тамашалады. Көрмеге аудан кәсіпкерлерінің ауылшаруашылық өнімдері, түрлі қолөнер бұйымдары қойылды.
Көрмеге қатысқандардың арасында Жәнібек Жасұланұлы мен жары Анеля Жексенбекова да болды. Олар ұлттық өнімдеріміз – құрт, май, айран, қаймақ, ірімшік жасап, соны сатумен айналысады екен. Жәнібек Жасұланұлының айтуынша, көрмеге қатысудағы мақсаты – осы кәсіпті дамыту. Ал ол үшін ерлі-зайыптылар мемлекет тарапынан қолдау күтеді. Яғни 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант алуға ниеттеніп отыр.
Жиынды ашқан Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Асқар Кәдірұлы өз сөзінде басқосудың мақсат-мүддесіне тоқталып, бизнесті қолдаудың нәтижесінде ауданның әлеуеті артып, экономикасы дамитынын алға тартты. Сондай-ақ бүгінгі жиынның кәсіпкерлер ұсыныстарын тыңдау мен туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталғанын тілге тиек ете келе, алғашқы сөзді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Азамат Тағаймұратұлына берді.

– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының негізгі мақсаттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы ұлттық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалар жасау. Осыған байланысты мемлекеттік органдармен және кәсіпкерлердің қатысуымен тұрақты түрде отырыстар ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі кездесуде мемлекеттік қолдау шаралары мен жаңа бағдарламалар туралы ақпарат беріп, кәсіпкерлікті дамыту бағытында қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген. Осы тұрғыда кәсіпкерлік саласы бойынша өзекті сауалдарыңызға жауап беруге дайынбыз. Біз үшін әрбір кәсіпкердің ой-пікірі маңызды, – деп жиналған көпшілікті ашық диалог құруға шақырды.
Бұдан кейін мінбеге көтерілген облыстық кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Жандос Ескендіров облыс бойынша кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын, сонымен қатар бірқатар әкімшілік кедергілердің жойылғанын тілге тиек етті. Ал аудан прокурорының орынбасары Сәкен Кеңесов заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында арнайы мобильді топ құрылғанын, онда құқығы бұзылған кәсіп иелерінің сенім телефоны арқылы кез келген уақытта хабарласа алатынын айтты. Заңбұзушылықтың алдын алуға бағытталған мобильді топқа бүгінгі күнге дейін ешқандай сигнал түспеген екен.
Мұнан соң аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Әлсейітов 2025-2026 жылдардың І тоқсаны бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Кездесу барысында балқаштық кәсіп иелеріне «Даму» қоры АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Бақытжан Исақов пайызы төмен несие алу жолдарын түсіндіріп, бірқатар мемлекеттік бағдарламаларға айрықша тоқталды. Оның айтуынша, 12,6 пайыз жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік беретін әрі несиелендіру мерзімі он жылға дейінгі «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылған. Аталмыш бағдарлама негізінен шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Бұдан өзге ол «Іскер аймақ» микро және шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы туралы да тарқатып айтып берді.
Келесі кезекте сөз алған «Аграрлық несие қоры корпорациясы» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары Нұрмәди Нұрланұлы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатын толықтыруға берілетін «Кең дала» бағдарламасы туралы ақпарат берді.
Жиын барысында кәсіпкерлер де өз ұсыныс-тілектерін айтып, сауалдарын қойды. Береке ауылының тұрғыны, кәсіпкер Гафур Дусматов «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге дейін берілетін қайтарымсыз грантты алудың жолдарын сұраса, «Бақанас шапандары» ұлттық киімдерін тігумен айналысатын кәсіпкер Айгүл Айдосова «Өрлеу» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеуге байланысты сауалын жолдады. Ауыл әкімдері де асыл тұқымды мал сатып алуға 6 пайызбен берілетін несиенің шағын шаруақожалық иелеріне қолжетімсіз және тиімсіз екенін айтып, алдағы уақытта шағын шаруақожалық иелерінің мал шаруашылығын дамытуына қолайлы жағдай жасалса деген өтінішін жеткізді.
Осылайша жиын барысында балқаштық кәсіпкерлерді толғандырған мәселелер көтеріліп, басқарма өкілдері тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ
Балқаш ауданы
