Перейти к содержимому

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, Алматы облысының әкімі: СӨЗ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕ!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген стратегиялық бағыттарға және Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын орындау мақсатында «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» атты облыстық жоба қолға алынған болатын. Баршаңызға белгілі, Алматы облысы – республика бойынша этнос өкілдері тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Жалпы халық саны – 1,5 миллион. Бұл аймақта 105 этнос өкілдері берекесі мен бірлігі жарасып, тату-тәтті өмір сүруде. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі де қарқынды өсуде. «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» атты жоба Талғар ауданынан бастау алып, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында өткізіліп, Іле ауданында қорытындыланып отыр.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы тіл мәдениетіне жаңа талаптар қояды. Әлеуметтік желілер, онлайн платформалар, жасанды интеллект жүйелері тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, сонымен қатар оның сапасына, нақтылығына және сауаттылығына деген жауапкершілікті күшейтуде. Осындай жағдайда сөздің құндылығын сақтау – тек тіл мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп білемін.
«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» дейді дана халық. Ал сөз мәдениеті – ұлттық болмыстың айнасы. Цифрлық кеңістікте тіліміздің табиғи тазалығын сақтай отырып, оны заманауи талаптарға бейімдеу – уақыт талабы. Бұл ретте қазақ тілінің ғылыми, техникалық, цифрлық терминологиясын жүйелеу, контент сапасын арттыру және мемлекеттік тілдің цифрлық ресурстардағы үлесін көбейту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Сонымен қатар бүгінгі жаһандану жағдайында көптілділік – заман талабы. Бірнеше тілді меңгеру – жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі. Алайда бұл үдеріс ана тілінің мәртебесін әлсіретуге емес, керісінше, оны нығайтуға бағытталуы тиіс. Мемлекеттік тіл – қоғамды біріктіруші басты құндылық, ал басқа тілдерді игеру – ашықтық пен даму кепілі. Бір сөзбен айтқанда, «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілің – тірлік үшін!».
Алматы облысында тіл саясатын іске асыру барысында мемлекеттік тілдің жетекші рөлін сақтай отырып, көптілділікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта облыстың үздік, дарынды жастарына шетелде оқуға мүмкіндік жасадық. Алматы облысы бойынша қазіргі таңда шет мемлекеттерде 513 түлек білімін жалғастыруда. Соның ішінде Қытай мемлекетінде әр мамандық бойынша тегін оқу ұйымдастырдық. 2024 жылы Қытай Халық Республикасымен облыс арасында жасалған меморандум негізінде Синьцзянь университетінде 30 түлек, 2025 жылы 27 түлек тегін оқуға жолдама алып, жоғары біліммен қамтылып отыр. 2026 оқу жылына 65 түлекке гранттар қарастырылған. Аталған гранттар бойынша үміткерлер «Алатау дарыны» бағдарламасы аясында іріктеліп алынатын болады. Бұл біздің жастар үшін жасалып отырған үлкен мүмкіндік әрі жетістік деп ойлаймын.
Көп тілді меңгерген азаматтарға қолдау көрсету және кеңінен насихаттау, жастардың қазақ тілін жетік білуімен қатар өзге тілдерді меңгеруіне, көп тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған «Көп тіл – бір әлем» облыстық байқауы – соның айғағы. Осы орайда Райымбек ауданына қарасты «Нарынкол» шекара бөлімшесінде қызмет атқаратын, ана тілінен бөлек орыс, ағылшын, қытай, түрік, кәріс (корей) және жапон тілдерін меңгерген Санжар Құдайбергеновті, Қарасай ауданы «Келешек» мектебінің 7-сынып оқушысы, ағылшын, неміс, испан тілдерін меңгерген Кәусар Миятбекті және «BENT» фирмасының президенті қазақ, орыс, ағылшын және ұйғыр тілдерін еркін меңгерген Дінмұхамед Кузиевті ерекше атап өткім келеді. «Көп тіл – бір әлем» атты арнайы кітап шығарылды. Бұл кітапқа облыс аумағындағы көп тіл білетін 110 полиглоттың еңбектері енгізілді.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның 11 филиалында 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді оқыту курсында 2653 адам тіл үйренді, оның 723-і – этнос өкілі. Ағылшын тілін оқыту курсында – 674, орыс тілі курсында 120 тіл үйренуші курстан өтті. Сонымен қатар қандастарға тілдерді оқыту мақсатында 2025 жылдың тамыз, қыркүйек айларында арнайы жеделдетілген бағдарлама бойынша үш айлық курс ұйымдастырылып, 302 тыңдаушыға сертификаттар тапсырылды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық аудандық, қалалық әкімдіктер және басқарма қызметкерлерін тегін түрде оқытылатын оқу курстарында оқытуды қамтамасыз ету қажеттігін тағы да еске саламын.
Цифрлық дәуірде мемлекеттік тілді қолдануды дамыту арқылы біз заманауи, бәсекеге қабілетті және рухани құндылықтарын сақтаған қоғам құра аламыз. Осы бағыттағы жұмыстарды барлық салада жүйелі түрде жүргізуге құзырлы мекемелерге тапсырма бердім. Бұл – азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтады. Жасанды интеллект, деректер базасы, онлайн қызметтер сияқты жаңа технологиялар қазақ тілінде де кеңінен қолданылады.
«Қазақтың ақылы – көзінде, қасиеті – сөзінде» дейді дана халқымыз. «Сөз құндылығы» ұғымы – тек тілдік мәселе ғана емес, ол – мәдениет, тәрбие, жауапкершілік мәселесі. Әсіресе цифрлық ортада әрбір азаматтың сөзге деген ұқыптылығы мен құрметі қоғамның жалпы деңгейін айқындайды. Сондықтан біз сөздің мәнін терең түсініп, оны орынды әрі сауатты қолдануға ерекше мән беруіміз қажет.
Тіл тағдыры – ел тағдыры. Ана тіліміздің абыройын асқақтату, оны жаңа дәуір талаптарына сай дамыту – баршамыздың қасиетті борышымыз!