Қазіргі таңда жастар арасында қазақ тілінде сөйлегенде тілді шұбарлату айқын байқалады. Тіпті, керек десеңіз ана тіліндегі сөздерге орыс тіліндегі кейбір сөздерді қосып сөйлеу сәнге айналып барады. Мұны күнделікті көріп, байқап, біліп жүргеніміз де жасырын емес.
Негізінен, қазақ тілі бұл біздің мемлекеттік тіл ғана емес, сонымен қоса бойымызға ана сүтімен дарып, қазақы құндылықты, ұлттық салт-дәстүрдің мәйегін, тіліміздің ерекше оралымын сіңіруімізге мүмкіндік береді. Шыр етіп, өмір есігін ашқан сәттен бастап, былдырлаған тіліміздің алғаш ана тілінде шығуы ол біздің санамызға сәби кезімізден ана тілімізге деген құрметтің оянуына ықпал етеді.
Жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі күнделікті көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрген шұбарлатылған сөздер құлаққа түрпідей тиетіні де рас. Айтсаң өзіңе тиеді, айтпасаң тағы жаманның кері келгендей
Жастар арасында, әсіресе «кеттік» деген сөздің орнына «ехала» сөзін қолданып, тіпті оны сәнге айналдырғанын бәрі де естіп жүр. Мәселен ұлты қазақ бола тұра, тілінен осындай сөздер шыққанын көргенде, қынжылатынымыз да хақ. Осыдан бірнеше ай бұрын мектеп жанында оқушылардың тұрғанын байқап, жандарынан өте бергенде мынадай бір сөзді естідім.
Бір топ оқушы, бәрі қазақтың қаракөз қыздары мен қарадомалақ балалары. Ішіндегі біреуі: «кластастар, магазинге ехала», – деді.
Сосын бәрі бірден: «ехала, ехала» деп жүгіріп кетті. Әрине, олар үшін бұл сәнді көрінгенмен, оралымы бай қазақ тілінің дамуын тежеуде. Осы ретте қазақ тілінің әсемдігін, тіл тазалығын сақтау аса маңызды. Бұл отбасындағы тәлім-тәрбиеден бөлек, оқушыға мектеп қабырғасында да үнемі түсіндірілуі керек.
Мына бір оқиғаны да тілге тиек ете кетсем, Әл-Фараби атындағы атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде білім алып жүрген кезімізде, тобымызда Гүлнұр есімді қыз болатын. Гүлнұр – қазақ қызы, Кеген ауданының тумасы. Нағыз қазақы тәлім-тәрбиемен сусындап өскен қыз. Бір өкініштісі, оның болашағына қатысты өзіндік ой-пікірі болатын. Ол ойын ортаға да салды. Бір күні оқытушымыз Дәрмен Смайылдың дәрісінде қазақ тілінің мәртебесі туралы мәселе көтерілді. Сонда Гүлнұр орнынан тұрып: «Ағай, мен тұрмыс құрып, балалы болған кезде, оларды орыс сыныбына бергім келеді» – деді. Өйткені, олардың заман ағымынан қалғанын қаламайтынын әрі орыс тілінде еш қиындықсыз сөйлесе деген ниетін айтты.
Сайып келгенде, қазақ тілінің болашағы көбінесе қыз балалардың қолында екені белгілі. Өйткені, балаға ана сүті арқылы ана тілін дарытатын және қазақы тәлім-тәрбиені сіңіретін — қыз бала. Ал Гүлнұр өзі ұлты қазақ бола тұра, біздің қазақ тілінің болашағын бұлыңғыр етпек болғанын өзі білмей дал. Сол сәтте ұлты да, жаны да қазақ дейтін Дәрмен ағайымыз Гүлнұрға мұның дұрыс емес екенін түсіндірді. Ол кісінің айтуынша, баланың тілі қай тілде шықса және мектеп қабырғасында қай тілде білім алса, ол болашақта сол ұлттың қамын жейді.
Осыдан кейін, Гүлнұр өзінің орынсыз пікірін өзгертіп, қазақ тілінің дамуына үлес қосып, болашақта перзенттерін қазақ сыныбына беретін болды.
Осындайда кейде қоғамда, араласып жүрген ортадағы ұстаздарымыздың түсіндіру жұмыстарының арқасында ана тілімізге деген құрметіміздің артатыны ақиқат. Демек, Отанға, тілге деген қызығушылықты арттыруға қоршаған ортамыздың да ықпалы болары сөзсіз.
Ендігі кезекте қазақ тілінің жанашыры, қазақ тілін, оның мәдениетін, ұлттық құндылықтарын насихаттаумен айналысып жүрген Асылы Осман апамыздың ұлты әзірбайжан бола тұра, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қосып жүрген үлесі өлшеусіз дегім келеді. «Қазақ болуды қанмен емес, жанмен» деген мазмұнды ойларымен танылған ол кісі барша қазақстандықтарға үлгі-өнеге.
Ол кісі қазіргі уақытқа дейін жастар арасында ана тілін құрметтеуді насихаттап келеді. Осы бір тұста өмірде болған мына оқиғаны да бөліскім келіп отыр.
Қасиетті қарашаңырақ ҚазҰУ табалдырығын енді аттаған сәтіміз. Факультеттегі көршілес топта Дилярам есімді қыз болды. Оның ұлты ұйғыр, бірақ тек орыс тілінде сөйлейтін. Университетке түскен кезде бірде-бір қазақ тіліндегі сөзді білмейтін. Бірақ ол орыс тобында болса да, қазақ тобымен бірге дәріс, семинарларға қатысты. Одан кейін ойын, пікірін тілі келмесе де, барынша қазақ тілінде жеткізетін. Тіпті, дәрісте берілген қазақ тіліндегі тапсырмаларды үйден қазақша жазып, орындап келетін. Сабақ барысында түсінгенін қазақ тілінде жеткізетін. Осылай төрт жылдық білім алып, бізбен етене жақын араласқан ол, университеттен қанат қағар сәтте қазақ тілін түгелдей меңгеріп алды. Қазіргі уақытта еліміздегі ірі баспалардың бірінде редакторлық қызмет атқаруда. Басында орыс тіліндегі оқулық, көркем әдебиеттерге түзету енгізсе, қазір еш қиындықсыз қазақ тіліндегі кітаптарды өңдеп, түзетіп жүр.
Дилярамның қазақ тіліндегі сүйікті сөзі: «сәл-пәл ғана» деген сөз. Өзі осы сөзді ерекше жақсы көреді және жиі айтады.
Бұл тұста «тілі өзге болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір» деген тәмсіл еріксіз тіл ұшына оралатындай…
Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, олар қазақ тілінің өркендеуіне рухани серпін береді.
Сондықтан да жастар арасында қазақ тілінің мәртебесі, ана сүтімен келетін ана тілінің ұлттық-мәдени құндылықтары жиі насихатталуы тиіс.
Кезінде ата-бабаларымыздың тіл тазалығын сақтаудағы ерен еңбегін, қазақ тілін жас ұрпаққа асыл мұра ретінде қалдырғанын ұмытпаған жөн. Әсіресе, тіл мәртебесін асқақтатуда Алаш зиялыларының еңбегі орасан зор. Қазақ тілінің негізін салушылардың бірі, ұлы ақын Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл – ұлттың жаны» деген қанатты сөзі әрбір қазақстандықтың ұранына айналуы тиіс.
Алтынай СЕЙТКЕН
