Перейти к содержимому
Главная страница » Ақын өлеңін оқығанда…

Ақын өлеңін оқығанда…

Ақын Пәрімбек Бейсеннің жыр мұрасы – «Әйтеуір бір шығармын…» атты кітабын оқып шыққанда байқағанымыз, қаламгердің өмірге, адамға, махаббатқа және туған елге деген тұнық көзқарасы ешкімді бейжай қадырмайды. Жинақтағы «Әке аманаты» деп берілген алғысөзде ақынның қызы Гүлбасира Пәрімбекқызы әкесінің шығармашылығын «жүректің өшпеген үніне» теңепті.

Ақын өлеңдерінің өзегі – адамгер­шілік, адалдық және рухани таза­лық идеясына негізделген. Мәселен, «Адалдық» деген өлеңге назар салайық:
«Адалдық деген ақ арман,
Көрініп бірден жоғалған.
Барлық жамандықтарды
Адалдық қана жоя алған…
», – дейді автор. Адалдықты адам болмысының ең биік өлшемі ретінде көрсетеді. Ал «Ойлан, адам», «Ұйқы ашар», «Сегіз сыр» сияқты өлеңдері де осы тектес мазмұнмен өріледі. Оқырманды ойға жетелеп, өмірдің жасампаздығы мен адамдық жауапкершілік туралы тереңнен толғайды.
Махаббат лирикалары да шынайы­лы­ғымен тартымды. «Ақ гүлім», «Қос тамшы сезім», «Күзгі махаббат», «Ақ ерке» секілді өлеңдерінде мөлдір сезімді айқын бояумен өрнектеп, кіршіксіз табиғи қалпында суреттейді. Аталған тіркестер жалған пафостан ада, қарапайым да нәзік, әрі жүрек­ке соншалықты жақын. Сол себепті де бұл өлеңдер оқырман көңіліне бірден жеңіл орнығады, ой-санасына әдемі әсер қалдырады. Сонымен қатар ән мәтіндеріне де біраз орын берілген. Автордың сазгерлік талапқа сай жыр шумақтарын көркем етіп нақыштағанын көреміз. «Ардақтым – анашым», «Ақ махаббат», «Асыл әжем» сияқты шығар­малар поэзия мен саз өнерін қатар ұштастыра алғанын айғақтайды.
Пәрімбек Бейсен жырларының өзіндік ерекшелігі сезім өрнек­терін қарапайым тілмен түсінікті етіп жеткізуінде. Сол қарапайым сөздер­дің астарында үлкен философия­лық ұғым­ жатқаны сүйіндіреді. Ақын шығармаларында ауыл өмірі, ата-анаға құрмет, ақсақалдық өнеге, бейбіт өмір, ұлттық құндылықтар сияқты адамның биік мұраттары жан-жақты көрсетілген.
«Әйтеуір бір шығармын…» жинағы­ның жарық көруі – қаламгердің рухани еңбегіне деген ел құрметі деп білдік. Жинақтағы әрбір өлеңнен ақын­ның жүрек үні естілсе, сол үнді халыққа жеткізген – оның ұрпақтары. «Әйтеуір бір шығармын…» кітабы оқырманды әсерлендіріп қана қоймайды, терең ойға жетелейді.
Ақынның өзі айтқандай, адамның артында қалатын ең үлкен мұра – оның жақсы аты мен көркем сөзі. Бұл жинақты – сол сөздің дәлелі деп ұқтық.

Әмина Адайхан,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі