Алматы облысында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған республикалық айлық басталды. Мемлекеттік саясат аясында жүзеге асып жатқан кешенді шаралар өңірде нақты нәтиже беріп отыр. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Төлеу Мархамедов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында есірткіге қатысты 93 құқық бұзушылық анықталған. Оның 42-сі қылмыс ретінде тіркелсе, 51-і қылмыстық теріс қылық санатына жатады.
Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде есірткі құралдарын өткізу бойынша 26 дерек, құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 4 фактісі және аса ірі мөлшерде есірткі сақтау бойынша 4 жағдай тіркелген. Сонымен қатар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету бойынша бір қылмыстық іс қозғалған.
– Сотқа барлығы 73 қылмыстық іс жолданды. Оның ішінде 32-сі ауыр, ал 3-еуі аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 123 келі 123 грамм есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 40 келі 238 грамм синтетикалық есірткі, 73 келі 859 грамм марихуана, 314 грамм гашиш және 8 келі 713 грамм каннабис бар, – деді Төлеу Мархамедов.
Есірткі қылмысына қарсы күрес барысында өңірде 6 есірткі зертханасы әшкереленді. Оның үшеуі синтетикалық есірткі өндірумен айналысса, қалған үшеуі құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған зертханалар болған. Заңсыз нысандар Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алатау қаласының аумағында анықталған.
Құқық қорғау органдары интернет кеңістігін бақылауды да күшейткен. Нәтижесінде есірткі құралдарын сатуды және пайдалануды насихаттайтын 557 сайт анықталып, бұғатталған. Сондай-ақ «Антифрод-орталыққа» бұғаттау үшін 408 жергілікті банк картасы енгізілген. Тексеру жұмыстары барысында 15 442 шетелдік банк картасы мен 535 криптовалюталық әмиян анықталған.
Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында кең көлемді түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Жалпы саны 542 іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 85 акция, 345 дәріс, 12 спорттық іс-шара, 27 кездесу және 69 рейд өткізілген.
Бұдан бөлек, жастар арасында есірткінің таралуына тосқауыл қою мақсатында есірткі дүкендерін жарнамалайтын граффитилерді жою жұмыстары да жалғасуда. Осы бағытта 83 арнайы акция өткізіліп, 205 заңсыз жазу өшірілген.
Мамандардың айтуынша, есірткі қылмысына қарсы күресте құқық қорғау органдарының жедел әрекетімен қатар, қоғамның белсенділігі мен жастардың құқықтық сауатын арттыру да маңызды рөл атқарады. Сондықтан облыста профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Құралбек СӘБИТОВ
