Перейти к содержимому
Главная страница » БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ

БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ

Қонаев қаласында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалығымен кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру мәселесіне арналған кеңес өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау және уәкілетті орган өкілдері, комиссия мүшелері және  селекторлық режимде аудан және қала әкімдері қатысты.

Басқосуда облыста кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру деректері бойынша қозғалған қылмыстық және әкімшілік істердің тергелу сапасы мен олардың сотқа жету көрсеткіші, анықталған 47 заңсыздық дерегі және ақпаратты есепке алу кітабына тіркелген 18 материал бойынша қабылданған процессуалдық шаралар жайы сөз болды. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле аудандарындағы өзекті карьерлер мәселесі және заңсыз өнім таситын ауыр жүк көліктерін анықтау, техникаларды тәркілеу мен өңірдегі заңсыз өндірістің 18 нүктесінде ұйымдастырылған бақылау посттарының ағымдағы жұмыс жағдайы талқыланды.

Аталған мәселелер бойынша сөз алған облыстық полиция департаменті бастығының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахманов кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру дерегінің жолын кесу мақсатында былтыр шілде айынан бастап Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл және Іле аудандарының аумағында маркшейдер маманының қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып, тұрақты негізде рейдтік және тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатқанын хабардар етті.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде былтыр 22 қазандағы жағдай бойынша пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 18 дерегі анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Аталған санаттағы қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында келтірілген залалдың мөлшерін анықтаудың тиімді құқықтық және сараптамалық тетігі қалыптаспаған. Себебі залал мөлшерін айқындау үшін міндетті түрде сот-экологиялық сараптама түрі еліміз аумағында жүргізілмейді екен. Тағы бір  мәселе – білікті сот сарапшыларының болмауы. ІІМ тарапынан бірнеше рет «сот-экологиялық зерттеу» мамандығы бойынша сарапшылар даярлау қажеттілігі көтерілгенімен, қазіргі уақытта өңірлерде мұндай мамандар жоқ болып отыр. Соның салдарынан қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың нақты мөлшерін анықтау және түпкілікті процестік шешім қабылдау қиындық туғызуда.

Одан әрі сөз сабақтаған Рустам Тұралиұлы жыл басынан бері облыста ҚР ҚК-нің 334-бабы 1-бөлігі бойынша Қарасай ауданында – 3, Талғар ауданында – 1, Еңбекшіқазақ ауданында  1  қылмыстық іс тіркелгенін,  бұл бойынша кінәлі тұлғаларды анықтауға, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге және келтірілген залал мөлшерін белгілеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде екенін мәлімдеді.

Заңсыз өндіру анықталған 18 учаскенің барлығына полицияның аумақтық бөлімшелері тарапынан тұрақты бақылау ұйымдастырылғанын, тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізіліп, заңсыз өндіру ықтимал орындары тексеріліп,  жүк көліктері мен арнайы техникалардың қозғалысына мониторинг жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Заңсыз өндіру кезінде пайдаланылған техниканы тәркілеуге байланысты шаралар қабылданып,  тиісті ақпарат ай сайын экология департаментіне жолданатынын айтқан полиция департаменті бастығының орынбасары нысандардың едәуір шалғай орналасуына және жеке құрам санының шектеулі болуына байланысты аталған 18 учаскенің барлығына тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлық бекеттер орналастыру мүмкін емес екенін жасырмады. Осыған орай патрульдеу, нысаналы іс-шаралар өткізу және жедел-профилактикалық жұмыстар арқылы бақылау жүргізілетінін айтты.

Келесі кезекте жер қойнауын пайдаланушылардың экологиялық заңнаманы сақтауын бақылау және қоршаған ортаға келтірілген зиянды анықтау шаралары туралы облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Досан Олжабаевтың баяндамасы тыңдалды.

Отырыста соңғы үш жылда қаралған 69 материал мен өндіріс салдарларын жою міндеттемелерін орындамаған 92 жер қойнауын пайдаланушыға салынған айыппұлдардың өндірілу барысы, карьерлерді жою, қалпына келтіру және қоршаған ортаға келтірілген шығындарды өндірудің тиімділігі айтылды. Сонымен бірге мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры тарапынан экология департаментінің жұмысына жүргізілген тексерудің қорытындылары мен анықталған кемшіліктер жайы да назардан тыс қалмады.

Жиынды қорытындылаған Қанат Болатұлы аталған бағыттағы жұмыстардың көңіл көншітпейтінін сын тезіне алып, сол себепті ведомствоаралық бірлескен жұмысты күшейту керегін шегелеп айтты. Полиция департаменті, экология департаменті, қала және аудан әкімдеріне рейдтер ұйымдастыру, мобильді топтардың жұмысын жандандыру, заңсыз карьерлердің реестрін әзірлеуді тапсырды. Заңсыздықтар жойылмаған жағдайда аудан әкімдері мен полиция басшыларының тікелей дербес жауапкершілігін қаралатынын қатаң ескертті. Сонымен бірге осындай мәселе туындаған аудандарға рейдтік тексеріс жүргізілетінін хабардар етті.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ