Перейти к содержимому
Главная страница » ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҒЫ – ЗАМАНАУИ ҚАУІП

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҒЫ – ЗАМАНАУИ ҚАУІП

Қазіргі таңда интернет күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн сауда жасау, банк қызметтерін пайдалану, әлеуметтік желілерде қарым-қатынас орнату – барлығы уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда цифрлық технологиялардың дамуымен бірге интернет алаяқтарының да айла-тәсілдері көбейіп келеді.

Киберқылмыскерлер өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе байланыс операторы ретінде таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтері мен банк карталарының деректерін алдап алуға тырысады. Сонымен қатар жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік желідегі жалған жарнамалар, инвестиция және жылдам табыс табуды ұсынатын күмәнді жобалар арқылы да адамдарды сан соқтырып жатады.

Мұндай алаяқтардың құрбанына кез келген адам айналуы мүмкін. Сондықтан интернетте сақтық шараларын қатаң сақтау маңызды.

Қауіпсіздік үшін есте сақтаңыз:

  • банк картасының нөмірін, CVV-кодын және SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеңіз;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз файлдарды жүктемеңіз;
  • интернет арқылы сатып алу кезінде тек сенімді сайттарды пайдаланыңыз;
  • қос факторлы аутентификацияны іске қосыңыз;
  • жақындарыңыздан ақша сұралса, міндетті түрде телефон арқылы хабарласып, ақпараттың рас екеніне көз жеткізіңіз.

Егер интернет алаяқтарының әрекетіне тап болсаңыз, уақыт жоғалтпай банкке хабарласып, картаңызды бұғаттап, құқық қорғау органдарына арыз беріңіз.

Интернет қауіпсіздігі – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы қаржыңызды, жеке деректеріңізді және өзіңізді алаяқтардың құрбаны болудан қорғай аласыз.