Перейти к содержимому
Главная страница » Қауіпсіздік – басты назарда

Қауіпсіздік – басты назарда

Өңірде бірнеше күн қатарынан жауған нөсер жауын салдарынан облыстың бірқатар ауданында өзендер арнасынан асты. Табиғи апат салдарын жою үшін жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған. Су деңгейі ең көп көтерілген – Түрген, Ақсай, Ұзынқарғалы және Талғар өзендері. Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сел жүрген аумақтарды аралап, апат салдарын жою жұмыстарын тексерді.

Аймақ басшысы алдымен Қарасай ауданындағы жағдаймен танысты. Мұнда Ақсай өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп, «Toimart» сауда үйінің іргелес аумағы мен жертөлесін су басқан. Адам шығыны мен зардап шеккендер болған жоқ.
Төтенше жағдайдың салдарын жою жұмысына барлығы 127 адам мен 7 арнайы техника тартылды. Оған төтенше жағдайлар департаменті мен әскери бөлім қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың мамандары қатысты. Жедел жүргізілген жұмыстың нәтижесінде дүкеннің жертөлесіндегі су толық шығарылып, өзен арнасы лай мен қоқыстан тазартылды. Соның нәтижесінде су ағыны қалыпқа келтіріліп, кедергісіз ағуда. Бұдан бөлек Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында өзен жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жақын маңдағы 9 үйдің тұрғындары уақытша көшірілді. Бүгінде су тасқынынан болатын қауіпті төмендету үшін ауқымды инженерлік жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, өзен арнасының 280 метрі 4 метрге тереңдетіліп, ал ені 5 метрге дейін кеңейтілген. Жалпы көлемі 5600 текше метр топырақ шығарылып, арнайы техниканың қауіпсіз жұмыс істеуі үшін ұзындығы 320 метр технологиялық жол салынған. Қалпына келтіру жұмыстарына 90 адам мен 29 арнайы техника жұмылдырылды.
Өңірдегі Түрген өзенінің аумағында да дәл осындай жағдай тіркелген. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Түрген – Асы» автомобиль жолының 24 және 26-шақырымдарында тас көшкіні жүріп, өзеннің арнасынан шығуына байланысты жол жабылды. Өзен бойында орналасқан, демалыс аймақтарына тиесілі 17 киіз үйді су басты. Сонымен қатар өзен үстінен салынған уақытша көпірлердің бір бөлігі зақымданды. Осыған байланысты 1 шілдеден бастап Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті, облыстық және аудандық әкімдіктер бірлесіп, жедел штаб құрып, күшейтілген режимде жұмыс жүргізді. Күн сайын 20-дан астам арнайы техника мен 60-тан астам қызметкер жұмыс істеп, өзен суы қайта өз арнасына бұрылды. Төрт күн ішінде туристер мен Асы жайлауындағы малшыларды қоса алғанда 100-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Таулы аумақтарға адамдардың баруына уақытша шектеу қойылып, полиция бекеттері мен кезекшілік ұйымдастырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елдімекендерді су басуына жол берілген жоқ.
Қазіргі уақытта «Түрген – Асы» автомобиль жолының бүлінген учаскелерінде қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Жол ағаш, бұталардан және тастардан тазартылып, жол төсемін төсеуге дайындық жасалуда.
Облыс әкімі жауапты мекемелерге төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Су өткізу жүйелерін тұрақты бақылауда ұстап, өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру жұмысын жалғастыру қажет. Қауіп толық сейілгенге дейін барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуі тиіс. Техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, су деңгейін төмендетудің тиімді жолдарын қарастыру қажет. Ең бастысы – мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, облыстың таулы аумақ­тарында жауын-шашынның жалғасуына байланысты қауіп толық сейілген жоқ. Осыған орай өңірдегі жағдай толық бақылауда болады. Төтенше жағдай салдарын жою, өзен арналарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру ісі жалғасуда. Қауіп толығымен жойылғанша қызметкерлер күшейтіл­ген режимде жұмыс істейтін болады.
Іссапар барысында Марат Елеусізұлы Талғар ауданындағы селден қорғау бөгетінің бүгінгі техникалық жай-күйімен де танысты. 2005 жылы пайдалануға берілген гидротехникалық нысан Талғар өзенінің арнасын бөгеп, су тасқынынан болатын қауіпті тежейді. Биіктігі 50 метр болатын бөгет 8,5 миллион текше метрге дейінгі сел массасын ұстап қалуға қауқарлы. II санаттағы күрделі кешенге бөрене ұстағыштар секілді қосалқы инженерлік құрылымдар да кіреді. Бұл нысан өзінің сенімділігін бірнеше рет дәлелдеген. Атап айтқанда, 2014 және 2015 жылдары болған қуатты сел ағынын сәтті тоқтатып, апаттың алдын алған.
Аймақ басшысы сондай-ақ Талғар ауданы Белбұлақ ауылындағы өрт шыққан көппәтерлі үйге барып, тұрғындармен кездесті.
Оқиға 27 маусым күні Жібек жолы көшесі 18-үй мекенжайында болған. Өрт 8 пәтерлі тұрғын үйдің шатырында тұтанған. Осыған орай үш жауынгерлік учаске құрылып, тілсіз жау ауыздықталды. Ол үшін төтенше жағдайлар департаментінің 19 қызметкері мен 3 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрттің жалпы аумағы 500 шаршы метрді құрады. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Марат Елеусізұлы қазіргі басты міндет мәселені заң аясында әрі жедел шешу екенін айтты.
«Нысанға мемлекеттік сараптама жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы толық анықталғаннан кейін тиісті шешімдер қабылданады. Пәтерлер қайтадан қалпына келтіріледі немесе тұрғындар басқа үйлерге көшіріледі», – деген Марат Елеусізұлы барлық жауапты мемлекеттік органдарға түйткілді тездетіп шешуді тапсырды.
Қазіргі таңда тұрғындармен тұрақты байланыс орнатылып, қажетті материалдық көмек уақытылы көрсетілуде. Төтенше жағдайға байланысты барлық тиісті іс-шара ұйымдастырылып, оқиға салдарын жою және қалпына келтіру жұмысы жалғасуда.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары