Перейти к содержимому
Главная страница » Маңызды міндет жүктелді

Маңызды міндет жүктелді

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Орбис» ЖШС өкілдерімен кездесу өткізді. Аталған компания Қапшағай су қоймасының жағалауында көпфункционалды туристік кешен салуды жоспарлаған. Бірақ әкімдік тарапынан нақты жер телімі белгіленіп, жан-жақты қолдау көрсетілгенімен, инвестор үш жылдан бері жобаны созбаққа салып келеді.

Осыған орай жиында бұл мәселені шешу жолдары талқыланып, аймақ басшысы құрылысты жедел бастауды тапсырды.

«Орбис» ЖШС 22 гектар аумаққа туристерге арналған демалыс аумағы мен спорттық-сауықтыру кешенін салуды көздеген. Инвестициялық жоба толық жүзеге асқанда 150 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бірақ жер телімінің шамамен 80 пайызы су қорғау белдеуіне кіретіндіктен, құрылыс 3 жыл бойы шегеріліп келген.  

Марат Елеусізұлы өз сөзінде жоба жақын арада басталмаса, инвесторды ауыстыруға тура келетінін баса айтты. Сондай-ақ су қорғау белдеуінде  іргетасын қалауды қажет етпейтін нысандарды орналастыруға болатынын жеткізді.«Біз үшін жағажайдың мүмкіндігінше тезірек абаттандырылғаны тиімді. Өйткені бұл қала тұрғындары үшін тағы бір жайлы демалыс аймағына айналады. Қазір біз жағажайды дамытуға көмектесетін инвесторлармен қоян- қолтық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірқатары іске  кірісіп те кетті. Тіпті өз инвестициялық жобаларын жүзеге асыру үшін жағажайды құммен толтыру жұмыстарына да дайын. Ал сіздердің жобаларыңыз бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданған. Мысалы, футбол алаңдарын осы жағажай аумағына орналастыруға болады. Сондай-ақ спорт және балалар ойын алаңдарын салуға мүмкіндік бар», – деді облыс әкімі. Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына жобаны іске асыру жөніндегі жол картасын бекітуді міндеттеп, жобаның кешеуілдеуіне себеп болып отырған мәселелерді тез арада шешу қажеттігін айтты. Демек, жақын арада тағы бір жаңа демалыс аймағы тұрғындар игілігіне берілуі мүмкін.

Гүлзат БАЙҚОНЫС