Перейти к содержимому
Главная страница » Өндірістік әлеуеті жоғары

Өндірістік әлеуеті жоғары

Қарасай ауданында ірі өнеркәсіп қатары артып келеді. Солардың бірі – «Almaty W. S.» Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнына тиесілі металл конструкцияларын, бетон, сэндвич-панельдер, терезелер, есіктер және өзге де құрылыс өнімдерін өндіретін заманауи зауыты. Кәсіпорын Әйтей ауылдық округінің аумағында, «Алматы – Бішкек» автожолы бойында орналасқан.

«Almaty W. S.» ЖШС дирек­торының орынбасары Сержан Дәулеткерейұлының айтуынша, бұл заманауи өндірістік кешен Қытай инвесторы Тивей Ру мырзаның қаржы­сына салынған әрі ол кәсіп­орынның құрылтайшысы. Жобаға салынған инвестиция көлемі 4,7 млрд теңгені құрайды.
Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – мұнда заманауи технологияларды пайдалана отырып, нарықта сұранысқа ие көпсалалы өндіріс жолға қойылған. Бұл өнім көлемінің артуына ғана емес, оның сапасының да жоғары болуына оң әсерін тигізуде.
– Үш гектар аумақтағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталып, сол жылдың желтоқ­санында толық аяқталды, – дейді Сержан Дәулеткерейұлы. – Көп ұзамай, өндіріс іске қосылды. Содан бері кәсіпорында 200 мың текше метр бетон және 6 мың тонна металл конструкциясы өндірілді. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон. Бүгінде осы екі бағыт бойынша біздің кәсіпорын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ең ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Сонымен қатар «Минстальком», «PanelTek», «Самұрық-Қазына», «Real Construction», «Қазақ темір құрылыс», «Казахстройпроект» және басқа да белгілі компаниялармен әріптестік байланыс орнаттық.
Қазіргі таңда кәсіпорында 80-нен астам адам еңбек етеді. Оның 50-і – жергілікті тұрғын, ал 20-дан астамы – өндіріс технологиясын үйрететін жетекші маман. Жоба толық іске асқан кезде мұнда 1200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Компания кез келген күрделіліктегі металл конструкцияларын жобалау, өндіру, монтаждау және жеткізумен айналысады. Сондай-ақ мұнда терезелер мен есіктер, металл шатыр жабындары, С және Z профильдері, үш қабатты қабырғалық сэндвич-панельдер, кран-арқалықтар және модульдік үйлер шығарылады.
Өндірістік қуатына келсек, кәсіп­орын жылына 300 мың шаршы метр сэндвич-панель, сонша көлемде профнастил, 10 мың дана жылжымалы құрастырмалы ғимарат пен контейнер, сондай-ақ 40 млн дана цемент блогы мен тақташалар өндіруге қауқарлы. Кәсіпорын өнімдерінің 60 пайызы Алматы қаласы мен Алматы облысында өткізіледі. Қалған 40 пайызы Шымкент қаласына және еліміздің батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан да тапсырыстар түсіп жатыр.
Кәсіпорын цехтарын аралау барысында Сержан Дәулеткерейұлы өндірістің ерекшеліктерімен таныс­тырды. Оның айтуынша, компания өнеркәсіптік және коммер­ция­лық мақсаттағы әртүрлі металл конструкцияларын жоғары сапада өндіруді жолға қойған. Мұнда дайын сызбалар немесе жеке жобалар негізінде қаңқалар, фермалар, арқалықтар, бағаналар және басқа да күрделі инженерлік жүйелер жасалады.
Зауытта минералды тақталы сэндвич-панельдерден конструкциялар өндіру және орнату жұмыстары да тиімді ұйымдастырылған. Бұл панельдердің басты артықшылығы – ғимараттардың жылу оқшаулауын қамтамасыз етіп, өртке төзімділігін арттырады, шуды азайтады әрі жоғары беріктігінің арқасында ұзақ жыл қызмет етеді.
Кәсіпорынның тағы бір маңызды бағыты – модульдік үйлерді өндіру және орнату. Мамандардың айтуынша, мұндай үйлер сенімді құрастырмалы конструкциялардан жасалып, қысқа мерзімде салынады әрі кірпіштен тұрғызылатын ғимараттарға қарағанда әлдеқайда үнемді.
– Компания шығаратын модульдік тұрғын үйлер қауіпсіз, ұзақ мерзімді әрі көшіріп-қондыруға ыңғайлы, – дейді Сержан Дәулеткерейұлы. – Оларды тұрғын үй, кеңсе, туристік база, асхана, санитарлық-тұрмыстық бөлме, дала лагері немесе кез келген коммерциялық нысан ретінде пайдалануға болады. Дайын зауыттық модульдер мен металл қаңқалар дәстүрлі монолитті құрылыс әдісімен салыстырғанда өнеркәсіптік ғимараттарды тұрғызу уақытын едәуір қысқартады. Ал болттық қосылыстар арқылы құрастырылатын металл конструкцияларын қажет болған жағдайда оңай бөлшектеп, басқа жерге көшіруге мүмкіндік бар.
Міне, осындай бірегей инвес­тициялық жоба бүгінде Қарасай ауданында жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы нарықта сұранысқа ие жаңа өндіріс бағыттарын игеруді жоспарлап отыр. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға, бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға, сондай-ақ Қарасай ауданы мен Алматы облысының құрылыс индустриясының одан әрі дамуына және өндірістік әлеуетінің артуына оң ықпал етпек.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасайауданы