Біз сән қуып, қымбат кофеханаларға жиі бас сұғамыз. Латте немесе Американо ішіп, ноутбукке телміреміз. Уақыт жоқ, бәріміз асығыспыз. Бірақ әжеміздің ақ дастарқанында, жайлы ортада ішкен шайдың дәмі мен жылуын ешқандай қымбат сусын алмастыра алмайды. Кофе – тек энергия беруші сусын болса, шай – нағыз әңгіменің арқауы.
Дастарқан басындағы шай – адамдарды жақындастыратын ерекше күшке ие. «Шай ішіп отырып, сөйлесейікші» деген сөздің өзі жүректі жібітеді. Мұнда үлкен мәселелер де, өмірлік маңызды жоспарлар да шешіледі. Шай ішу – тек сусын ішу емес, бұл – бір-біріңді мұқият тыңдау, шынайы сырласу.
Қазіргі заманда әркім өз телефонында, өз әлемінде өмір сүреді. Әлеуметтік желіде дос көп, бірақ бетпе-бет сөйлесуге уақыт жоқ. Ал шай ішуге отырғанда бәрінің басы қосылады.
Ендеше, бүгін кешке телефонды шетке қойып, жақындарымызбен бірге неге бір кесе шай ішпеске? Өйткені ең басты жаңалықтар интернетте емес, жақындарымыздың ортасында талқыланады. Олармен отырып ішкен шай жүректерге жылу сыйлайды.
Мерей Қарашбай
Іле ауданы


