Перейти к содержимому
Главная страница » Заң және тәртіп – барша құндылықтың бастауы

Заң және тәртіп – барша құндылықтың бастауы

«Заң және тәртіп» жобасы аясында Алматы облысында «Келісім мен заң үстемдігі – тұрақты қоғамның негізі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыс алғаш Алатау қаласы мен Іле ауданында басталып, кейін Қарасай ауданының Қаскелең қаласындағы аудандық кітапхананың оқу залында жалғасын тапты.
Шарада өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасаған спикерлермен қатар, қатысушылар да белсенділік танытты. Кездесуге ауданның түрлі ауылдық округтерінен келген ардагерлер мен аналар кеңестерінің төрағалары және мүшелері, аға буын өкілдері, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.
Шараны Алматы облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ басшысының орынбасары Айымжан Тәңірбергенова ашты. Ол кездесудің мақсатына тоқталып, ел заңдарын сақтау мен оларға құрметпен қарау жай ғана міндет емес, әрбір қазақстандықтың азаматтық жауапкершілігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді қағидаттар мемлекетіміздің негізгі құндылықтарына айналды. Сондықтан олардың маңызы мен мәнін, әсіресе өскелең ұрпаққа кеңінен түсіндіріп, қоғам болып жүзеге асыру арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығын нығайту қажет.
«Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Қарасай аудандық филиалының төрағасы, Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, этномедиатор, 42 жылдық еңбек өтілі бар заңгер Илимдар Камилов «Дауларды бейбіт жолмен шешу және қоғамдық келісімді нығайтудағы медиацияның маңызы» тақырыбында баяндама жасады.
Ол медиация институтының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы дауларды өркениетті жолмен шешудің маңызын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірді. Оның айтуынша, медиация – ең алдымен, түрлі даулы жағдайларға өркениетті көзқарас, сотқа жүгінбей-ақ дауларды реттеудің заманауи әрі тиімді тәсілі.
Илимдар Әлиұлы сот арқылы дау шешу мен медиацияның айырмашылығына да тоқталды. Оның айтуынша, сотқа жүгіну айтарлықтай шығынды талап етеді. Демек, мемлекеттік баж төлеу, білікті заңгердің қызметіне ақы төлеу қажет. Сонымен қатар істің қаралуы әртүрлі себептерге байланысты ұзаққа созылып, азаматтардың жүйкесіне салмақ түсіреді. Ал медиатордың көмегіне жүгіну бұл үдерісті анағұрлым жеңілдетеді.
Ол сондай-ақ ұлтаралық қатынастар саласындағы дауларды шешуге ықпал ететін этномедиация мәселесіне ерекше тоқталды. Сөзінің соңында: «Бәріміздің бір мемлекетіміз, бір Отанымыз бар, бәріміз бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатырмыз», – деген мазмұнды ойымен қорытындылады.
Қарасай аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Нұржан Жүнісбеков «Заң талаптарын сақтау – қоғам тұрақтылығының кепілі» тақырыбында баяндама жасады.
Оның айтуынша, адам тәрбиесінің бастауы – отбасы. Бала қандай тәрбие алса, қоғамда да өзін солай ұстайды. Сондай-ақ ол тәртіп, заңға құрмет және жауапкершілік орныққан жерде қылмыс деңгейі төмен болатынын атап өтті. Демек, қоғамдағы құбылыстар өзара тығыз байланысты.
Сонымен қатар спикер бүгінде бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналған интернет-алаяқтыққа кеңінен тоқталып, алаяқтардың азаматтарды қандай тәсілдермен алдайтынын түсіндірді. Әсіресе олардың құрбанына егде жастағы адамдар жиі айналатыны айтылды. Осыған байланысты мынадай кеңестер берілді: ешбір жағдайда бөгде адамдарға растау кодын айтпау; егер код айтылып қойса, дереу полицияға жүгіну; қорқыту мен қысымға бой алдырмау; ең тиімді жол – күмәнді әңгімені алғашқы кезеңде-ақ тоқтату.