Перейти к содержимому
Главная страница » Жаңа өндірістікцех ашылды

Жаңа өндірістікцех ашылды

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың қатысуымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі базасында құрылған «Самұрық-Қорғалжың» ЖШС-нің жаңа өндірістік цехының ашылу салтанаты өтті. Жоба сотталғандарды жұмыспен қамту, отандық компьютерлік техника өндірісін дамыту және білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қанат Болатұлы мұндай бастамалардың экономика үшін ғана емес, жазасын өтеп жатқан азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу ісінде де маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– «Самұрық-Қорғалжың» кәсіпорнының «Еңбек-Жауғашты» мекемесі базасында жүзеге асырылған жоба – мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі. Өңірдің қылмыстық-атқару жүйесінде алғаш рет отандық брендпен заманауи компьютерлік техниканы құрастыратын жоғары технологиялық өндіріс жолға қойылды. Азаматтар сұранысқа ие техникалық мамандықтарды меңгеріп, бостандыққа шыққаннан кейін қажет болатын тәжірибелік дағдыларды игеру мүмкіндігіне ие болады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Жаңа өндірістік цех Мемлекет басшысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің өндірістік әлеуетін кеңейту және сотталғандар үшін жұмыс орындарын ашуға бизнесті тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында іске қосылды. Бастапқы кезеңде кәсіпорын он адамды жұмыспен қамтыса, алдағы уақытта қызметкерлер саны жүз адамға дейін жеткізіледі.
«Самұрық-Қорғалжың» компаниясы JN сауда белгісімен компьютерлік техника шығарады. Қазіргі таңда өнім түрлеріне моноблоктар, ноутбуктер, дербес компьютерлер және жүйелік блоктар кіреді. Болашақта компания серверлік жабдықтар, перифериялық құрылғылар, интерактивті кешендер және өзге де жоғары технологиялық өнімдер өндірісін игеруді жоспарлап отыр.
Қосымша өндіріс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Еңбек-Жауғашты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны базасында ұйымдастырылды. Кәсіпорын ай сайын шамамен 1,5 мың дана техника шығаруды, кейін өндірістік қуатын одан әрі арттыруды көздеп отыр.
Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, бүгінде өңірдегі түзеу мекемелерінде еңбекке жарамды 3363 сотталушы бар. Соның ішінде екі мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған, бұл – шамамен 60 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 40 пайыз болған. Қазіргі уақытта мекемелерде металл конструкцияларын жасау, ағаш өңдеу, тігін өнімдерін шығару және басқа да бағыттар бойынша жұмыс істейтін 33 шағын және орта бизнес субъектісі қызмет атқаруда.
Инвесторларды тарту жұмыстары жалғасуда. Биыл QazRecycling және NovaNex компанияларымен жаңа өндірістік ангарлар салу және ондаған қосымша жұмыс орнын ашуды көздейтін меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар №12 және №57 мекемелерінде ағаш, металл өңдеу және тігін, қолөнер өндірістерін ұйымдастыру жобалары іске асырылуда.
Қанат Есболатовтың айтуынша, облыс әкімдігі өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға, отандық өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін жобаларды алдағы уақытта да қолдай бермек.

Алма ЕСЕНБАЙ