Қай қызметте жүрсе де, халықпен етене жұмыс істеп, елдің игілігі жолында қызмет ететін адамдар қоғамға қашанда керек. Ондай азаматтардың орны – әрдайым төр. Халқының кенен ықыласына кенеліп, құрметіне бөленіп жүрген сондай жанның бірі – Тәңірберген Қасымберкебаев. Ол 1956 жылдың 3 тамызында Райымбек ауданының қасиетті топырағында дүниеге келіп, Аспантаулар өңірінен түлеп ұшты.
Кіндігі кесілген өңір – асқар шыңдары аспан тіреген кереге таулы керімсал мекен. Табиғаты көркем ғана емес, рухани тарихы терең өлке. Бұл өңір дала төсін жайлаған еңбекқор халқымен, ел қорғаған батырларымен, сөз бастаған билерімен, өнер мен мәдениетті қастерлеген жұртымен ерекшеленеді. Осындай қасиетті топырақта дүниеге келген баланың бойына туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге қызмет ету сезімінің ерте сіңуі заңдылық еді.
Әкесі Қасымақын бар ғұмырын мал шаруашылығына арнап, шопан болып еңбек етті. Жаздың аптап ыстығында да, қыстың ақ боранында да мал соңында жүріп, адал еңбектің қадірін ұрпағының санасына сіңірді. Анасы да шаңырақтың берекесін келтіріп, отбасының ұйытқысы болған аяулы жан еді. Осындай еңбекпен шыңдалған отбасында өскен Тәңірберген жастайынан қарапайымдылықты, төзімділікті, жауапкершілікті және елге адал қызмет етуді бойына сіңіре білді. Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданындағы Сүмбе орта мектебінің табалдырығын аттаған жеткіншек ауыл мен қыстау арасында жалғыз-жаяу қатынап білім алды. Оқуға өте құштар болды. Мектепте үздік оқығанының жемісін көп өтпей-ақ көрді. Аудандағы талантты балаларды Башқұртстан астанасы Уфадағы лагерьге демалысқа жібергенде, Тәңірберген де сол қатардан табылды.
Мектеп қабырғасынан бастап әдебиетке, қазақ тіліне ерекше қызығушылық танытқан ол білімін одан әрі жалғастыру үшін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Бұл оқу орны – қазақтың талай көрнекті ғалымдары мен мемлекет қайраткерлерін тәрбиелеген қасиетті білім ордасы. Институт қабырғасында жүріп, ол қазақ әдебиеті мен тілінің тереңдігін танып, ұлттық руханияттың қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Кейін мемлекеттік қызметте ұлттық идеологияға айрықша көңіл бөлуіне осы филологиялық білімнің де ықпалы зор болды.
Бұл толқынның бағына курстың кураторлық қызметін Мұхтар Мағауин атқарды. Әр аймақтан жиналған сайдың тасындай талантты шоғырдың қанатын қатайтып, қарымын шыңдады. Сол жылдары «Көкбалақтай» классикалық туындысын оқырманына тарту еткен классик жазушы Мұхтар Мағауин қамал алар қырық жастың жуан ортасындағы жігіт ағасы еді. Сонымен қатар бұл курс сол кездегі Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Мекемтас Мырзахметов, Хасен Әбдібаев, Серік Мақпыров, Дәулет Әлімжанов, Төкен Әбдірахманов, Күлтай Бейсенбаева, Фатима Оралбаева, Асқар Тоқпанов, Асқат Әбілқаев, Нұржамал Оралбаева сынды академик, профессор оқытушылардың тәлімін алып, дәрісін тыңдады.
Оқуды ойдағыдай аяқтап, жас маман атанған Тәңірберген Қасымберкебаев еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Сол кездегі Күрті ауданы Балатопар ауылы Жамбыл атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасты. Ұстаздық – тек білім беру ғана емес, болашақ ұрпақты тәрбиелеу болғандықтан, жас мұғалім шәкірттеріне ана тілінің байлығын, әдебиеттің құдіретін, ұлттық құндылықтардың мәнін түсіндіруге ерекше көңіл бөлді. Оның алғашқы еңбек мектебі кейінгі мемлекеттік қызметінде адамдармен тіл табысудың, жастармен жұмыс істеудің үлкен тәжірибесіне айналды.
Осы арада кідіріс жасап, осыдан жарты ғасырға таяу уақыт бұрынғы сәттерді «Парасат» орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы Советбек Байғазиевтің пікірімен салмақтай түсуді жөн көріп отырмыз. «Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» деген тәмсілі бар. Мен Тәңірберген бауырымды ертеден білемін. Бізден бірнеше жас кіші, кейінгі толқын ініміз. 1983 жылы мені Күрті ауданы Айдарлы кеңшарының директоры етіп тағайындады. Көп өтпей, осы кеңшарға кәсіподақ ұйымының басшылығына сұңғақ бойлы, аққұба келген, сөзі мірдің оғындай дөп тиетін, байсалды азамат келді. Ауданның басшысынан: «Бұл қай бала?» – деп сұрап едім, «Сіздің кеңшарға кәсіподақ ұйымының төрағасы болып тағайындалып, жұмыс атқаруға келген жас маман», – деп таныстырды. Өзі жоғары білімді, жастығына қарамай біраз тәжірибе жинаған кадр екенін алғашқы әңгімелесуден-ақ аңғардық. Адамды жатырқамай, керісінше өзіне тартып, әр саладан хабардар екенін де аңғартты. Сексенінші жылдардағы қиын-қыстау кезеңде тығырықтан жол тауып, ауыртпалықты ауырсынбай арқалай білген азаматтың бірі деп танимын. Адамды атаққа да, бақытқа да, жақсылыққа да жеткізетін – еңбегі. Тәңірберген Қасымақынұлының бүгінгі биігі оның ақ, адал маңдай терінің өтеуі», – дейді Советбек Байғазиев.
Ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігімен ерте танылған Тәңірберген Қасымақынұлына кеңшардың кәсіподақ ұйымына жетекшілік ету сеніп тапсырылғанда, зор жауапкершілік жүктелгенін ұғынды. Бұл қызметте ол еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелерін шешуге, олардың құқықтарын қорғауға, мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыруға белсене араласты. Қарапайым жұмысшының мұңын түсіну, адамдармен ашық сөйлесу, ортақ мәселені бірлесіп шешу сияқты қасиеттер осы кезеңде қалыптасты. Жауапкершілік демекші, сөз басында айтқанымыздай, мектепке өзінің қатарластары сынды ауылдағы үйден қатынамай, құба жонды таудың сілеміндегі қыстаудан қатынап оқыған бала бұғанасы бекімей-ақ жауапкершілік салмағын арқалады. Хәкім Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен қайратың екі жақтап» дегеніндей, қай салаға салса да шаруаны ақсатпады, керісінше жан бітіріп, тамырына қан жүгіртіп, көркейте түсті.
Күрті аудандық мәдениет бөлімін басқарып, өңірдің рухани өміріне тың серпін берді. Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу, ұлттық өнерді насихаттау, ауыл мәдениетін жандандыру, кітапханалар мен Мәдениет үйлерінің жұмысын жетілдіру бағытында көптеген игі бастамаларды жүзеге асырды. Оның ұйымдастыруымен өткен мәдени шаралар халықтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, ауыл мәдениетінің өркендеуіне ықпал етті. Тек осы ауданда ғана емес, одан кейінгі қызмет сатыларында да Тәңірберген Қасымберкебаев қазақ руханиятының дамуына орасан үлес қосты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Нағима Таласбаева бұл туралы былай дейді: «Тәңірберген сол кездегі Алматы облысының орталығы – Талдықорғанға ауысып, тіл басқармасының басшысы болды. Бикен Римова атындағы облыстық театрда әр аудан есептік қойылымдарын қойды. Кей ауданның халық театры соншама дайындықпен келгенімен, залда адам қарасы аз болды. Театр әртістері үшін көрерменнің ыстық ықыласынан асқан қошемет, құрмет жоқ. Біздің де өнер көрсететін кезегіміз келді, сахнаның пердесі ашылып, залға қарасақ, көзіміз шарадай болды. Ине шаншар орын жоқ. Тіпті кейбір адамдар тікесінен-тік тұр. Залдағылардың жартысына жуығы әскери киімдегі сарбаздар, офицерлер. Бәрі де шын ықыласпен біздің аудандық халық театрының өнерін беріліп тамашалады. Кейін білдік, Тәңірберген Талдықорғандағы әскери бөлімдердің басшыларымен тілдесіп, сарбаздар да рухани байлығын нығайтып, сергіп қайтсын деп арнайы шақыртқан екен. Залда лық толып отырған көрерменнің ыстық ықыласына кенелгенде көзімізге жас келді». Мұндай мысалды молынан тізіп жазуға болады.
Тәңірберген Қасымақынұлының мемлекеттік қызметтегі ең жауапты кезеңі ел тәуелсіздігінің алғашқы елең-алаң жылдарымен тұспа-тұс келді. Егемендікпен бірге ел өмірінде түбегейлі өзгерістер басталды. Бұрынғы кеңестік жүйе күйреп, жаңа мемлекеттік құрылым қалыптасып жатқан шақта қоғамға ұлттық сананы жаңғырта алатын, халықтың еңсесін көтеретін, елді ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын азаматтар қажет еді. Осындай кезеңде ол Нарынқол ауданы әкімінің идеология мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл – үлкен жауапкершілік жүктейтін қызмет. Өйткені қашанда идеология саласы мемлекеттік құрылыстың негізгі тіректерінің бірі саналады.
Тоқырау кезеңіндегі ең маңызды тарихи міндеттердің бірі – ұлттық кодымыз, жойыла бастаған жадымызды қалпына келтіру болатын. Кеңестік дәуірде халқымыздың талай тарихи атаулары өзгертіліп, елдімекендерге Лениннің, Сталиннің, Маркстің, Энгельстің және коммунистік идеология өкілдерінің есімдері берілген еді. Егемендік алғаннан кейін бұл атауларды халқымыздың тарихымен, рухымен сабақтас ұлттық атаулармен алмастыру міндеті тұрды. Тәңірберген Қасымберкебаевтың тікелей бастамасымен және ұйымдастыруымен аудан аумағындағы коммунистік идеология көсемдерінің атындағы кеңшарлар мен ауылдарға тарихи әрі ұлттық сипаттағы жаңа атаулар берілді. Қазақ халқының елдігі үшін күрескен батырлардың, әділдігімен танылған билердің, ұлт руханиятын асқақтатқан ақын-жыраулардың есімдері елдімекендерге лайықталып, тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Бұл жай ғана атау өзгерту емес еді. Бұл – халықтың тарихи жадын жаңғырту, тәуелсіз елдің рухани негізін нығайту, ұлттық сананы қалыптастыру жолындағы маңызды мемлекеттік іс болатын. Сонымен қатар ауылдардағы көшелерге де қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері беріліп, ұлттық ономастика өрісі жүйелі қалыптасып, тарихи әділеттілік орнады.
Кейін бұл игі жұмыстар Райымбек ауданында да жалғасын тапты. Ол аудан әкімінің идеология мәселелері жөніндегі орынбасары ретінде ұзақ жыл еңбек етіп, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға, жастар тәрбиесіне, мәдениет пен тіл саясатына, қоғамдық келісімді нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен көптеген мәдени-ағартушылық жобалар жүзеге асып, халық пен билік арасындағы өзара сенім нығая түсті.
Тәңірберген Қасымберкебаевтың бүкіл еңбек жолына тән басты қасиет – туған жерге деген адалдық, ұлттық құндылықтарға деген құрмет және халықтың сеніміне деген жауапкершілік. Ол үшін мемлекеттік қызмет мансап емес, елге қызмет етудің қасиетті жолы болды.
Адамның өмірі атқарған қызметімен ғана емес, қалдырған өнегесімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Тәңірберген ағаның өмір жолы – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарындағы ұлттық жаңғырудың, тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің, туған жерге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Азаматтың атқарған еселі еңбегі өзі қызмет еткен өңірлердің тарихымен біте қайнасып, ел жадында жаңғыратыны сөзсіз. «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы Қанымжан Шотбайқызы тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде ел еңсесін тіктеу жолында жалаң аяқ жар басып, қызыл асықтан қар кешіп, аянбай тер төккен азаматтардың еңбегі лайықты бағалануы керек екенін айтады.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, өліара шақ, елдің еңсесі әлі де тіктеле қоймаған уақыт еді. Соған қарамастан аудан халқы қазақтың сүйікті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 70 жылдығына орай еске алу іс-шарасын жоғары деңгейде өткізуге жұмыла үлесін қосты. Облыстың аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары да түгелге жуық келіп қатысты. Ол кезде мен Талғар ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқаратын едім. Аудан әкімі қатыса алмағандықтан, орнына мені жіберді. Тәңірберген Қасымақынұлымен осы шарада таныстық. Кең иықты, нағыз Аспантаудың азаматы екенін болмысы әйгілеп тұрғандай. Бекеңнің туғанына 70 жыл толуына орай өткізілген іс-шара облыстық деңгейде ұйымдастырылуы керек болғанымен, таразының ауыр басы ауданға түсетіні айтпаса да белгілі. Оны өзіміз де қызмет істегенде басымыздан өткердік. Тәңірберген де осы шаруаның ұйымдастыру комитетін басқарып, барлығын тікелей өзінің қадағалауымен өткізді. Келген қонақтарды жайғастырудан бастап, оларды шығарып салуға дейінгі көзге көріне бермейтін, бірақ ауыртпалығы зіл батпан, жауапкершілігі одан да зор жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру оңай емес», – дейді қоғам қайраткері.
Экономикалық ахуал тұралаған тоқсаныншы жылдарда елдің еңкейген еңсесін тіктеу жолында ерен істер атқарылды. Бір мысал, қазаққа батырлығымен даңқы жайылған Райымбек Түкеұлының ескерткішін орнатып, республикалық деңгейде іс-шара ұйымдастырып, ас беру ісінде де Тәңірберген Қасымақынұлының іскерлігі, ұйымдастырушылық қыры айқын аңғарылды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, режиссер Нұрғанат Жақыпбаев кейіпкеріміздің парасат биігіндегі болмысын аша түсетін бір оқиғаны былай сипаттайды:
«Батыр бабамыз Райымбек Түкеұлының 290 жылдығына орай ескерткіштің орнатылуына, дала сахнасында театрландырылған қойылымды көпшілік назарына ұсынуда Тәңірберген Қасымақынұлының ұйымдастырушылық қабілетіне, ұжымды ұйыстыра білетін талантына бек разы болдым. Тарихи аңызда батыр бабамыздың найзасын шаншығанда су шыққаны қандай әсерлі! Міне, осы аңыз болып жеткен тарихи оқиғаны бүгінге оралтып, көпшілікке театрландырылған қойылым арқылы паш етуде Тәңірберген тапқырлық танытты. Сарыжаз ауылының күншығыс бөктерінде өткен той кезінде «Райымбек батыр» қойылымын дала сахнасында көпшілікке ұсындық. Айтулы шара кезінде бабамыздың найзасын шаншығанда су атқылайтын аңызды шынайы көрсетуімізге Тәңірбергеннің режиссерлік қыры көп септігін тигізді. Тепеңнің арғы етегіне өрт сөндіру машинасын көпшілік көзінен тасалап, жасырып қаңтарып қойды. Сценарий желісімен батыр бабамыз найзасын жерге шаншығанда, өрт сөндіру қызметкері түтіктерімен аспанға суды атты. Сол кезде халықтың рухы оянып, намысы қайрала түскеніндей күй кештік. Мұның барлығы да аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Тәңірберген Қасымберкебаевтың күні бұрын ойластырған сарабдал жоспары», – дейді даңқты режиссер Нұрғанат Жақыпбаев.
Тәңірберген Қасымберкебаевтың ұйымдастырушылық қабілеті мен мол тәжірибесі облыстық деңгейдегі жауапты қызметтерде де айқын көрінді. Ол Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманы, дін істері басқармасын, сондай-ақ «Достық үйі – Қоғамдық келісім» орталығын басқарып, мемлекеттік тіл саясатын іске асыру, конфессияаралық татулықты нығайту, этносаралық келісімді сақтау және қоғамдық бірлікті дамыту бағытында нәтижелі еңбек етті. Ол тұс – қазіргі Жетісу мен Алматы облыстарының еншісі бөлінбей тұрған кезі. 17 аудан, 3 қала қарайтын іргелі облыста Тәңірберген Қасымақынұлының бастамасымен мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған көптеген маңызды жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылды. Мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы еңбегі арқылы туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауға, тәуелсіз Қазақстанның іргесін нығайтуға үлес қосты. Осы қомақты үлесі үшін ҚР Мәдениет қайраткері, Райымбек, Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы атанды. Десек те, Тәңірберген Қасымақынұлы – мемлекеттік награданың қай-қайсына да лайықты-ақ. Жетпіс жылдығында еңбегі мемлекет тарапынан ескеріліп жатса, құба-құп болар еді.
Жеті асудың өткеліне соқтықпалы-соқпақты жолда бар мен жоқты арқалай жүріп жеткен тұлғаның азаматтық ісін баяндауға бір мақаланың жүгі аздық ететіні сөзсіз. Біз тек қадау-қадауына ғана тоқталдық. Бүгінде зейнеткерлікке шықса да, қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, облыстық ардагерлер ұйымының пленум мүшесі, Жамбыл аудандық ақсақалдар кеңесінің белді өкілі ретінде ұйым жұмысының өрге басуына елеулі үлесін қосып жүрген Тәңірберген ағаның өмір жолы жастарға үлгі боларына кәміл сенеміз.
Лебіздер легі
Асылы Осман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, тіл жанашыры:
– Бұл кісінің бір керемет адами қасиеті – ешкімді жатсынып, жатырқамайды. Кімге де болса жүрегінің кеңдігін көрсетіп, құшағын айқара ашады. «Адамды адам еткен – еңбек» дейміз. Тәкеңнің де бала күнінен еңбекпен бұғанасын қатайтқанын, үлкенге ізетін көрсетіп, кішіге мейірімін төгіп тұратынын аңғардым. Қай жерде көрсе де «Асылы апа, қалайсыз, бәрі дұрыс па?» деп күлімдей амандасып, жағдайымды біліп жатады. Әйтпесе қызмет бабы үшін ғана байланыс ұстап, кейін ат ізін салмай, хабар-ошарсыз кететіндер қаншама?!
Ерболат ТҰРЫМБЕТОВ, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы:
– Тәңірбергеннің болмыс-бітімі ерекше, қарапайым. Шамасы келсе, елдің бәрін құшағына алғысы келіп тұрады. Атаның ұлы болып, дүниеге келгенімен, бұл күндері бір елдің ұлы боларлық биікке көтерілгенін өзі еңбек етіп кеткен Жетісу жерінің жұртшылығы жақсы біледі. Жарыса айтып отырады. Өз жұмысына жауапкершілікпен, өте ұқыпты қарау – Тәкең үшін өмірлік ұстаным.
Жақсылық Әбдіраман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері:
– Біз аралас-құралас болып, он бес жылға жуық қанаттаса қызмет атқардық. Тәңірберген – аудан әкімінің идеология саласы бойынша орынбасары болғанда, мен Райымбек аудандық Мәдениет үйінің директоры қызметінде едім. Тікелей Тәңірбергеннің жауапты саласы болғандықтан жұмыс барысында жиі жолығысып, ақылдасып-кеңесіп жүрдік. Менің «Кегенге кел» деген әнім ертеректе шыққан еді. Екі аудан қосылып, іргесі кеңігенде Тәңірберген маған: «Тамаша әніңізге Нарынқол өңірінің де көрікті жерлерін қамтып, дамыта түссеңіз, екі аудан халқына ортақ ән туатын еді», – деп ұсыныс айтты. «Ақыл – жастан» деп Тәкеңнің бағыттауымен әнімнің сөзіне өзгеріс енгізіп, бұрынғы Нарынқол ауданының да киелі топырағын суреттедім. Расында да бүгінде осы ән аудан халқының рухани әнұраны іспетті кез келген шарада шырқалғанда көңілім көтіріліп, мерейім өседі.
Қуаныш РАХМЕТ,
журналист

