Мен – қуыршақпын. Мені көршілес Қытай елінен фабрикадан шыққаннан кейін дереу Қазақстанға жеткізді. Қазақ еліне келген маған қаланың қақ ортасындағы ойыншық дүкенінен төрдегі орын бұйырды. Дегенмен, дүкен сөресінде ұзақ тұрдым. Ойыншықтар дүкеніндегі алғашқы күнім әлі есімде. Ондағы қуыршақтардың барлығы ана тілінде сөйлейді екен. Неткен әдемі тіл деп таң қалдым. Мен де көп ұзамай қазақ тілінде сөйлеуді үйрендім. Әсіресе, қуыршақтардың үстіндегі көйлектері көзіме бірден түсті. Қазақи нақыштағы ою-өрнегі бар көйлектер. Өте әдемі. Бастарында сәукелесі бар. Ал мен ше? Менің үстімде Қытай елінен киіп келген қысқа белдемше мен ашық кеудеше болды. Қатты ұялдым. Менің де қазақи нақыштағы көйлек кигім келді. Қатты аңсайтынмын.
Осылай күндер өте берді. Дүкенге кірген әрбір адамға телміріп: «Шіркін, қазақ елінде маған пана болар жан бар ма екен?» – деп армандайтынмын. Қуыршақ болсам да өз отбасым болғанын іштей қатты қаладым. Шетелден келген соң ба, өзімді жалғыз сезіндім. Осылайша, дүкен сөресінде өз иемді күткеннен басқа амал болмады. Дүкенші күнде ойыншықтардың шаңын сүртіп, сатылымға дайындайды. Тұтынушыға тез сатылсын деді ме екен, бүгін мені де жарқыратып сүртіп қойды. Әп-әдемі, сұлу кейіпте мен өз отбасыммен қауышуды асыға күттім. Осыны сезді ме, дүкеннің есігінен Аружан есімді қыз анасымен кіріп келді. Жылы шырайлы, жүзінен мейірім шуағы төгілген Аружан дүкенге кіре сала бірден сөреде тұрған маған қарай ұмтыла кетті. Анасына күлімдеді де: «Анашым, осы қуыршақты алып бересіз бе?», – деп қиыла өтінді. Анасы бірден келіспеді. Бәлкім қымбаттау болғаннан ба білмедім, мені сатып алуға құштар емес екені көрініп тұрды. Бірақ Аружанның жүзіндегі қуанышты көрген соң мені қызына «Каспи Редпен» сатып әперді.
Аружанның қуаныштан төбесі көкке екі елі жетпеді. Қатты қуанды, өз иемді, отбасымды тапқаныма қуанған мен де ерекше әсерге бөлендім. Сол күннен бастап мен Аружанмен дос болдым. Достықтың не екенін түсіне бастадым. Ол сабақтан келгенше оны асыға күтемін. Маған Бибігүл деп ат қойды. Сабақтан келе сала, бірден мені қолына алады, жуындырады, менімен ойнайды. Уақытының біразын менімен өткізеді. Аружанға қатты бауыр бастым, анасы да менімен ойнағанына еш қарсылық танытпады. Ана үшін баласының күлімдеген жүзінен артық ештеңе жоқ-ау. Сірә, Аружанның қуанышын көрген анасы да бақытты бастан кешкен болар?! Осылай күндер зулап өте берді. Менің Аружанмен достығым күшейе түсті. Күндердің-күнінде үйге бөтен бір адам келді. Аружанның туыс ағасы екен. Үйдегі бір бөлмені алып, бізбен бірге тұрды. Көп ұзамай, ол бөлмеден әдемі әуендер естіле бастады. Бір аспаптың дауысы секілді. Бірақ маған таныс емес дыбыстар. Күмбірлеген күйді естігенде жаның рахаттанады. Сөйтсем, ол қазақтың ұлттық аспабы домбыра екен. Ал Аружанның ағасы Айбатыр домбырада ойнайтын көрінеді. «Балбырауын» күйін ойнағанда қатты қуандым.
Осылайша уақыт өте берді. Аружанның сіңлісі Айжұлдыз дүниеге келді. Үйдегілер Айжұлдызды қырқынан шығарды. Мөлдір суға тиын салып, шомылдырды. Осы кезде алғаш рет қазақ халқының дәстүріне куә бола бастадым. Үйде іңгәлаған сәбидің дауысы естіледі. Аружан болса уақытының көбін Айжұлдызға арнайтын болды. Анда-санда маған да қарап қояды. Арамыз алыстап бара жатқандай күй кештім. Ештеңеге мән бермедім, Аружанды бәрібір жақынымдай көретінмін. Өткен күндердегі онымен өткізген қызықты кездерді есіме түсіріп қоямын. Бір күні үйге көп қонақ шақырылды. Айжұлдыз 1 жасқа толды. Соның құрметіне ағайын-туыстың барлығы келді. Қызық, ерекше сезім!. Көпшіліктің ортасында Айжұлдыздың тұсауы кесілді. Сол кезде алғаш рет тұсаукесер рәсімімен таныстым. Айжұлдыз алдындағы көп заттардың ішінен домбыраны қолына алды. Аздап ішек дыбысы естіліп қояды. Домбырашы болатын сияқты. Уақыт өте Айжұлдыз да өсіп келеді. Ойламаған жерден бір күні мені қолына алды. Сонда Аружаннан көрген мейірімді Айжұлдыздан да көретін болдым деп қуандым. Өкініштісі, олай болмады. Айжұлдыз мені бөлшекке бөліп, аяғымды бір жаққа, қолымды бір жаққа, басымды бір жаққа лақтырып тастады. Кішкентай ғой. Түсінбейді. Маған қатты ауыр тиді. Сол сәтте дүкен сөресінде тұра бергенім дұрыс па еді деп ойладым.
Сіңлісін ойнатуға келген Аружан жерде жатқан мені көрді. Аяқ-қолымды жинап, ретке келтірді. Сіңлісіне қуыршақты олай бөлуге болмайтындығын түсіндірді. Содан соң мені дүкенге ертіп апарып, маған әдемі көйлек сатып әперді. Үйге келгесін өзінің бөлмесіндегі сөреге апарып қойды. Қайтадан қызықты күндер басталды. Аружан сіңлісі Айжұлдызға және маған да бірдей қарап жүрді. Нағыз бақытты сезіндім. Кейде осы күндерім үшін дүкен сөресінде ұзақ тұрған болармын деп ойлаймын. «Күте білген жанға ең жақсысы тиеді» деген рас екен. Мен Аружанның отбасында өзімді бақытты сезіндім. Қытайдан келсем де, осындай мейірбан қазақ халқына тәнтімін. Олардың салт-дәстүрі, өздеріне ғана тән құндылықтары мені таңқалдырды. Кейде менің туған мекенім Қазақстан секілді күй кешемін. Расында да дәл солай! Маған нағыз бақытты, отбасының не екенін сездірген жандар ол – қазақтар. Адамдар жиі бақыт туралы айтып жатады емес пе? Сірә, адамдар айтатын бақыт деген осы болса керек-ті. Менде енді бұдан асқан қандай арман болсын?!
Алтынай СЕЙІТКЕН

