Елімізде қабылданған жаңа Конституция негізінде екі палаталы Парламент тарап, орнына заң шығарушы, жоғары өкілді орган – Құрылтай енгізілетіні белгілі. Осыған байланысты 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтеді. Бүгінде жауапты науқанға дайындық жұмысы қызу жүріп жатыр. Осы орайда Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтовамен сұхбаттасқан едік.
– Мейрамгүл Қазбекқызы, сайлау науқанына дайындық барысы қалай жүзеге асуда? Осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды?
– Сайлауды өткізу күнтізбелік жоспарына сәйкес, аумақтық сайлау комиссиясы өзімізге жүктелген жарияланым жасау міндеттерін толығымен орындадық. Олар – комиссия құрамы және сайлау учаскелерінің шекараларын жариялау, жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе анықталған үгіт материалдарын ілу орындарының тізбесін жариялау, партиялардың сайлаушылармен үгіт өткізетін орындарын жария ету, сайлау учаскелерін құрал-жабдықтармен қамту, дайындықтарын саралау, мүгедектігі бар азаматтарға сайлау учаскесіне келген кезде кедергісіз кіруіне толықанды жағдай жасау. Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Қазіргі таңда облыста қанша сайлаушы бар? Олардың кедергісіз дауыс беруіне қаншалықты жағдай жасалған?
– Жалпы сайлаушылардың тізімі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес жылына 2 рет, яғни 1 қаңтарда және 1 шілдеде нақтыланады. Ал саяси науқан кезінде сайлаушылардың санын бірнеше мәрте анықтаймыз. Әрине, сайлаушылардың тізімі жиі өзгеріп отырады, өйткені өмірден өтіп жатқан жандар, қатарға қосылып жатқан жас сайлаушылар бар. 1 шілдеге дейінгі есеп бойынша облыста сайлаушылар саны 1 млн 40 мың адамнан асады.
– Сайлау өтетіні туралы көпшілікті хабардар ету жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?
– Учаскелік сайлау комиссиясы 3 тамыз күні қызметтеріне кіріседі. Осы күннен бастап сайлаушылармен жұмыс жүргізіледі. Оның ішінде алғашқы дауыс берушілер, мүгедектігі бар адамдар, үйден, учаскеден дауыс беретіндер анықталады. Азаматтарды сайлаудың өтетін күні, орны туралы хабардар ету жұмысы бойынша әр сайлаушыға шақырту қағазы толтырылып, үйіне жеткізіліп беріледі. Одан бөлек, eGov арқылы, мобильдік операторлардан SMS-хабарландырулар келеді. Банк қосымшасында да сайлауға қатысты ақпараттар тұрады.
– Жалпы облыста қанша сайлау комиссиясы жұмыс істейді? Саяси науқанға қанша адам тартылған? Қанша маман оқытылуда?
– Облыста 683 сайлау комиссиясы жұмыс істейді, сонымен қатар 1 аумақтық, 2 қалалық, 9 аудандық сайлау комиссиялары бар. Комиссиялар санына сай 683 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Осы учаскелердің 639-ы азаматтардың тұрақты тіркеуі бойынша құрылған. Демек, сайлаушылардың тізімі азаматтардың тұрақты тіркеуі бойынша жасақталады. Егер сіздің тіркеуіңіз Қонаев қаласында болатын болса, сіз сол қаланың сайлаушылары тізімінде боласыз. Ал қалған 44 сайлау учаскесі азаматтардың уақытша болу орындарында құрылған. Мұндай сайлау учаскелерінің қатарына әскери бөлімдер, тергеу изоляторлары, стационарлық емдік мекемелер, аудандық, қалалық ауруханалар кіреді. Егер адам сайлау күнінің алдында ауруханаға түсіп қалған жағдайда сол жердегі учаскеде дауыс бере алады. Бұл сайлаушылардың дауыс беруіне толық мүмкіндік ашу мақсатында жасалып отыр.
Қазіргі таңда сайлау комиссияларын оқыту жұмысы жүргізіліп жатыр. Комиссия мүшелерін оқыту үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде аумақтың сайлау комиссиялары оқытылады. Одан кейін аудандық сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары, хатшыларына дәріс беріледі. Ал олар жергілікті жері бойынша басқа да сайлау комиссиялары мүшелерін оқытады. Біз бұл жұмысты бастап кеттік. Райымбек және Кеген аудандарында 4 семинар өтті. Жалпы 31 семинар өткізу жоспарда бар. Үлкен аудандарда 4 семинардан, шағын аудандарда 2 семинардан өткізіледі. Ондағы мақсат – сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктіліктерін арттыру. Әр комиссия мүшесі келіп, тек тыңдаушы болып қайтпай, барлық процеске қатысып, білімдерін жетілдіреді.
Жергілікті атқарушы, мемлекеттік органдардың, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары, саяси партиялардың өкілдерін, сенім білдірген адамдарды, байқаушыларды оқыту өзіміздің құзыретімізде бар. Осы орайда облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары, одан соң саяси партиялардың өкілдеріне семинар өткіздік. Онда сайлаудың міндет-мақсаттары, талаптары, саяси партиялардың құқықтары деген сияқты мәселелер толық түсіндірілді. Қазіргі таңдағы біздің басты жұмысымыз – учаскелік сайлау комиссиясын айтулы саяси науқанға дайындау.
– Сайлау кезінде тұрғылықты тіркеу бойынша дауыс бере алмайтындар қайда жүгінгені дұрыс?
– Ондай азаматтардың 23 шілдеге дейін жергілікті әкімдікке өтініш беру құқықтары болды. Бірақ оның уақыты өтіп кетті. Сол арыздың негізінде кейбір азаматтар тұрғылықты жер бойынша есептен шығарылып, дауыс беретін жері бойынша сайлаушылардың тізіміне енді. Ендігі жерде басқа облыстан немесе елдімекеннен дауыс беремін дейтіндер болса тұрғылықты жерден есептен шығару куәлігін алып, өзі дауыс беретін учаскеге әкеліп өткізе алады. Оны сенімхат арқылы да алдыртуға болады. Есептен шығару куәлігі тек басқа елдімекендер бойынша беріледі, ал бір қаладағы сайлау учаскелерін ауыстыру бойынша берілмейді.
– Сайлау кезінде заң- бұзушылықтардың орын алмауы маңызды. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылуда?
– Кез келген сайлаудың қорытындысы учаскелік сайлау комиссияларының жұмысына байланысты. Қандай да бір заңбұзушылық, дұрыс емес әрекеттер, түсінбеушілік орын алып жатса, ол учаскелік комиссияның жұмысына сын болып есептеледі. Сол себепті сайлау күні ешбір қателіктердің орын алмауы керектігін комиссиясы мүшелеріне мейлінше түсіндіріп жатырмыз. Әсіресе, қатарға жаңадан қосылғандарға ерекше көңіл бөлеміз. Жалпы сайлау комиссияларының мүшелері 5 жылға сайланады. Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдайлармен бірі зейнеткерлікке шығады, бірі декреттік демалысқа кетеді, енді бірі қоныс аударады дегендей, олардың орнын жаңа сайлау комиссиясының мүшелері алмастырады. Тіпті бұрыннан істеп келе жатқандардың өзі кейбір заңдылықтарды ұмытып қалып жатады. Өйткені, сайлау белгілі бір науқанда өтеді. Жылына бір немесе бірнеше мәрте өтуі мүмкін. Ол күнделікті жұмыс процесінде қолданылып жатпағандықтан, комиссия мүшелерінің кейбір талаптарды естен шығарып алуы заңдылық. Сол себепті мамандарды оқытуға басымдық береміз.
Сайлау күні сайлаушыларды, байқаушыларды тіркеу, олардан қандай құжаттар талап етілуі керек екені заңмен белгіленген. Тіпті саяси науқан туралы жазуға келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен қандай құжат сұралу керек екенін әр сайлау комиссиясы мүшесі білуі керек. Журналистің қолында редакциялық тапсырмасы және қызметтік куәлігі міндетті түрде болуы керек. Кейде сайлау комиссияларының мүшелері қызметтік куәліктің орнына жеке куәліктерін тіркей салады, ол да заң талабын бұзу болып есептеледі. Сайлау күнінде осындай қателіктер жіберілмеуі керек. Осыған орай учаскелік сайлау комиссиясының 4727 мүшесі, аумақтық сайлау комиссияларының 84 мүшесі, барлығы 4811 адам оқытудан өтіп жатыр. Демек, осыншама адам саяси науқанды ұйымдастырып, өткізуге атсалысады.
– Сайлау күні біз жеке партияларға дауыс береміз бе? Әлде жекелеген кандидаттарға да дауыс беру мүмкіндігі бар ма?
– Қазіргі таңда 7 партия тіркелді. Олар жалпы саны 545 адамды кандидат ретінде ұсынып отыр. Негізі мандаттық орын – 145. Ол сайлаудың қорытындысы бойынша партиялар қанша дауыс жинайды, соған қарай бөлінеді. Қалған мандат алмаған кандидаттар партияның резервінде тұрады. Ал партия кімге мандат береді, бұл – олардың ішкі жұмысы. Оған сайлау комиссиялары араласпайды. Мысалы, бір партия 50 мандат алды делік, сол 50 мандаттық орынға лайықты депутаттарды өздері берген кандидаттар тізімінің арасынан таңдайды.
– Сайлау қарсаңыңда сайлаушыларға қандай кеңес айта аласыз?
– Қазір сайлаушыларға ең басты жеткізгіміз келетін ақпарат – тұрғылықты жері бойынша дауыс бермейтін сайлаушылар дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін уақытылы алуы керектігі.
7 тамыз бен 22 тамыз аралығында есептен шығару куәліктері беріледі. Соны тұрғылықты жер бойынша алып, дауыс беретін қала немесе аудан, ауылдағы учаскелік сайлау комиссиясына дауыс беру күні алып келу қажет. Сол арқылы сайлаушы өз құқығын жүзеге асыра алады.
Жалпы сайлаушыларды елімізде болып жатқан саяси өзгерістерге бейжай қарамай, белсенділік танытуға шақырамын. Еліміздің ертеңі бүгінгі қабылданған шешімдерге тікелей байланысты. Сол себепті саяси науқаннан тыс қалмай, аймағымыздың бірлігін танытып, еліміздің өркендеуіне әрқайсымыз үлес қосайық!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Алма ЕСЕНБАЙ

